Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде жаңа оқу жылы басталды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Астана күні қарсаңында ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының барлық әскери бөлімдерінде жаңа оқу кезеңі басталды.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы жауынгерлік сайыс Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздік - тұғырымыз, Отанға қызмет - борышымыз» ұранымен өтуде. Оның бастамашысы Орал қаласындағы 5517-әскери бөлім барлық әріптестерін өздерін белсенді қолдап, әскердегі жауынгерлік сайысқа қосылуға шақырды.

Аталмыш бөлімде мемлекеттік-құқықтық дайындық және жауынгерлік әзірлік бойынша алғашқы сабақтар өткізіліп, қару-жарақ пен әскери техниканы меңгеру, күнделікті жұмыстарды орындау барысында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, жауынгерлік есеп топтарын жеткізу бағытында кешенді дәрістер берілді.

Жаңа оқу жылының басталуына орай «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың тапсырмаларын жеке құрам алдында нақтылады. «Қазіргі таңда Ұлттық ұлан әскерлері - ел бостандығының, тәртіптің, барлық қазақстандықтардың тыныштығы мен сенімінің кепілі. Ұлттық ұлан құқықтық тәртіп әскері атағын абыроймен ұстанып, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етіп, ел азаматтарының еркіндігі мен бейбіт өмірін күзетуде. Ұлттық ұлан патриотизм, азаматтық, ерлік және адамгершілік мектебі болып келеді және солай бола да бермек», деді Қ.Ақтанов.

«Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Исатай Жәрдемовтің айтуынша, қазіргі кезде әр әскери қызметшіден үлкен мақсат жолындағы ұмтылыс, жауынгерлік дайындық деңгейін жетілдіруде кәсібилік пен жеке орындаушылық тәртіп талап етіледі.

Жаңа оқу кезеңі барысында әскери қызметшілер алдында жауынгерлік даярлық деңгейін арттыру міндеті тұр. Жоспарланған шаралар көптеген әскери оқу-жаттығу барысында жүзеге асырылады.