Ұлттық ұланның оркестрі мен ансамблі Оралда концерт қойды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Конституциясы күніне орай БҚО-ға гастрольдік сапары барысында ҚР Ұлттық ұланының үлгілік-көрсетілім оркестрі және ән мен би ансамблі Оралдағы Жастар мәдениет үйінде гала-концерт қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы, подполковник Ерболат Сұлтановтың айтуынша, ән мен би ансамблінің дирижеры аға лейтенант Дархан Рахымғалиев болса, оркестрге подполковник Асхат Мұхамедьяров басшылық етіп келеді. Орталық оркестр 1998 жылы құрылса, ансамбль 2004 жылдан бері өнер көрсетуде. Ұжымда елуден астам адам болса, олардың ішінде келісімшарт бойынша қызмет етіп жүргендер және музыкалық білімі бар офицерлер мен кәсіби әншілер бар. Репертуардағы шығармалар саны 200-ден асады.

Ұлттық ұлан жауынгерлерінің моральдық рухын көтеруді мақсат етіп қойған оркестр мен ансамбльдің өнерін бұл жолы да ардагерлермен қатар «Батыс» өңірлік қолбасшылығы мен 5517-әскери бөлімнің жеке құрамы, өңірдегі әскери және құқықтық құрылымдар өкілдері қызыға тамашалады.  Концертте шетел классиктерінің композицияларымен қатар қазақтың халық әндері де орындалды. Әсіресе, оралдықтарға Нұрғиса Тілендиевтің туындыларына арналған композиция ерекше ұнады. Ал «Қазақстан» және «Ақ Жайық - ару мекенім» әндеріне көрермендер қосыла шырқады.

Концерт соңында «Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Асхан Ибишов әртістерге ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, аталмыш оркестр мен ансамбль Қазан қаласында Татарстан Республикасы күніне орай осы айдың аяғында өтетін әскери оркестрлердің «Фанфары Казани» халықаралық фестиваліне қатыспақшы.