Ұлттық және экономикалық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда жер қойнауын пайдалануға қатысты келісімшарттардың күші жойылуы мүмкін - С. Мыңбаев

АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұлттық және экономикалық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда жер қойнауын пайдалануға қатысты жасалған келісімшарттардың күші жойылуы мүмкін.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттардың сұрағына жауап берген Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қолданыстағы заңда елімізге ұлттық және экономикалық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда республика біржақты тәртіппен жер қойнауын пайдаланушылармен жасаған келісімшартын бұза алады деген норма қамтылған. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының кешегі күні Үкіметтің жыл қорытындысына байланысты берген тапсырмаларына сәйкес, бұл мәселені шешу үшін біршама талқылаулар болуы керек. Ал егер салық салуға қатысты үш-төрт компанияға қатысты жасалған келісімшарттарға келетін болсақ, онда мұның бір ғана жолы бар - бұл сондай келісімшарттардың күшін жою», деді министр. Оның айтуынша, ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен жасалған келісімшарттарда, оның ішінде Қашаған жобасына қатысты келісімшартта ұлттық, экономикалық қауіпке қатысты республиканың ұстанатын бұндай әрекеттері анық көрсетілген.