Ұлу жылында құлпытасқа қашалған аяулы есімдер

АСТАНА. KAZINFORM – Тарих қойнауына енетін 2024 жылда бірнеше танымал отандасымыз өмірден озды. Олардың арасында алты алашқа есімі аяулы екі ұлы тұлғаның ұрпағы бар.

Коллаж: Canva

Мұрат Әуез 

Көрнекті қоғам қайраткері, белгілі шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты14 маусымда өмірден өтті.

Фото: ҚР СІМ

Әйгілі жазушының әйгілі ұлын халық қытайтанушы, түркітанушы, мәдениеттанушы, эссеист, дипломат ретінде жақсы білетін. Былтыр ғана ол 80 жылдық мерейтойын атап өткен еді.

Анасы Фатима Ғабитова – Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезовтің өмір жолында өшпес із қалдырған ерекше тағдырлы жан.

1918 жылы 17 жастағы Фатима ағартушы Біләл Сүлеевке қосылып, Жәнібек, Фарида, Азат есімді үш бала сүйеді. 1930 жылы Біләл Сүлеев тұтқындалып, ақыры «қызыл террордың» құрбанына айналады.

1932 жылы Б. Сүлеевтің досы Ілияс Жансүгіровпен отау құрып, Үміт, Ильфа, Болат есімді үш перзент көреді. Біләлді жалмаған саяси сүргін Ілияс Жансүгіровті де тыныш қоймайды. Бес баламен жалғыз қалған (1930 жылы Фарида қайтыс болады) Фатиманы Біләл мен Ілиястың тілеулесі болған Мұхтар Әуезов қамқорлығына алады. Бұл қамқорлық жанұя жылуына ұштасып, 1943 жылдың қаңтарында өмірге Фатима ананың сүт кенжесі Мұрат Әуез дүниеге келеді.

Жазушы өз естеліктерінде Мұхтар Әуезовтің ұлы екенін 1949 жылы ғана білгенін айтады. Мектеп табалдырығын енді аттаған сәтінде әкесі қасынан табылады.

Тегіне тартып туған жас Мұрат 1959 жылы, 16 жасында М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтының қытай филологиясы факультетіне оқуға түседі. Ғалым өз күнделігінде Мәскеуде оқыған кезең оның саяси танымын түбегейлі айқындаған жылдар болғанын жазады.

1963 жылы Болатхан Тайжан, Алтай Қадыржанов, Әнуар Сартбаевтармен бірге «Жас тұлпар» ұйымын құрып, еркіндік, әділдік жолындағы күрес жолын бастап кетеді. Бұл ұйымның айналасына кілең білімді, рухы ояу жастар топтасып, қазақтың санасын оятуға, төл тарихтың ақтаңдақ беттерін аршуға ұмтылады.

1989 жылы Семей полигонын жабу миссиясы үлкен ауқыммен бастау алғанда бұл істің де басы-қасында Мұрат Әуез жүрді.

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған кезде Парламент депутаты болды, әдеби зерттеулермен айналысты, Қазақстанның Қытайдағы тұңғыш елшісі қызметін атқарды.

Мұрат Әуез оқырман есінде 200-ден астам ғылыми-танымдық еңбектің, «Уақыт байланыстырушы жіп» (1972), «Иппокрена. Уақыт құдықтарына бару» (1997) және «Қайту үшін кету» (2002) сияқты монографиялардың авторы ретінде қалды.

Фото:instagram/ermaganbetbulekpaev

Оксфордта дәріс оқыған тұңғыш қазақ

Академик, физика-математика ғылымдарының докторы Темірғали Көкетаев 18 тамызда бақилық болды.

Жазарман қауым оны тұңғыш қазақ физигі деп те атайды. Оксфордта дәріс оқыған тұңғыш қазақ болып есептелетін ғалым Халықаралық биографиялық орталықтың шешімімен (Ұлыбритания, Кембридж) дүниежүзі физиктерінің арасында «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған.

Көрнекті физик суық жарықты ойлап тапқан. Бұл – физика ғылымында бұрын-соңды болмаған соны жаңалық еді.

Ғалымның осы және өзге де еңбектерін әсіресе Ұлыбританияның ғылыми қауымы жоғары бағаласа керек. Кембридж университеті 1999 жылы «Ғасыр адамы» деген атақ берсе, 2006 жылы Оксфорд университеті дәрісін тыңдау үшін шақыртады.

- Бірінші дәріс оқығанда костюм киіп, галстук тағып барғанмын. Кейін қонаққа да солай киініп бардым. Ондағылар бұл «совет формасы» деп күлді. Сондағы әріптестерімнің бірі алғашқы екі дәрістен кейін Оксфорд университетінің төл таңбасы бар майка сыйлады. Одан кейін тағы үш дәріс оқыдым. Оның әрқайсысына 200 тыңдаушы келді. Дәріске жиналғандардың саны маған айтқаннан көп болып шыққанда дәстүрлі күдік пайда болды. Бәлкім арасында мәжбүрлеп әкелгендер де бар шығар деп ойлап үлгердім, - деп еске алады ғалым.

Ақыры сол күдіктен арылу үшін дәріске қызықпайтындар болса, басталмай тұрып шығып кету керектігін ескертеді. Кейін бұл ескертуінің себебін британиялық әріптестеріне асықпай түсіндіруге тура келген екен.

Атақтың физиктің осы сапары туралы аңызға айналған әңгіме бар. Ғалым ұйымдастырушыларға дәрісті қазақша оқығысы келетінін айтады. Бірақ қазақша ғылыми дәрісті тікелей ағылшын тіліне аудара алатын маман табыла қоймайды. Сөйтіп дәріс орыс тілінде оқылады. Кетерінде Темірғали Көкетаев өзінің Қазақстан дейтін елден келгенін, ол елдің мемлекеттік тілі қазақ тілін екенін айтып, туған елінің ұлы ғалымдары туралы біраз мәлімет берген көрінеді.

Фото: Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ

Төрегелді Шарманов

Қазақ тағамтану академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы26 мамырда көз жұмды.

94 жасында өмірден өткен ғалым кезінде 12 жыл бойы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігін басқарды.

Т. Шарманов еңбек жолын дәрігер болып бастап, еліміздің денсаулық сақтау министріне дейінгі қызметтердің бәрін де абыроймен атқарып, халықтың шынайы құрметіне бөленді. Ғылым жолындағы қызметіндегі елеулі жетістіктерге жетті. Жүздеген ғылыми еңбек жазды.

Фото: Kazinform

Қаржаубай Сартқожаұлы

Белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы 27 шілдеде, 77 жасында дүниеден өтті. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыммен айналысты.

Ғалымды былайғы жұрт Моңғолия қазақтарының арасынан шығып, биік лауазымға көтерілген қазақтардың бірі, бітік тастың, руна жазуының білгірі ретінде білді. Әсіресе, «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты 3 томдығы түркітану ғылымында орны бөлек еңбек болып есептеледі.

Монғолия жерінен табылған «ата домбыраны» зерттеу арқылы қазақ күй өнерінің тарихы 2 мың жылдан асатынын дәлелдеп берді

Фото: facebook.com/Oblmuzei

Мұхаметжан Тынышпаевтың ұлы

Ғалым, техника ғылымдарының докторы Дәулет Шейх-Әли-Тынышпаев 9 желтоқсанда АҚШ-та өмірден өтті.

Дәулет Мұхамеджанұлы 1931 жылы Алматы қаласында өмірге келген. 1964 жылдан бастап 18 жыл бойы Уфа мұнай ғылыми-зерттеу институты­ның қойнаудағы мұнай және газ зертханасының жетекшісі болып жұмыс істеген.

Ал 1983 жылдан 2001 жылға дейін өзі құрған Қойнау және қойнаудағы газ іспетті сұйық магма құрамдарының коллекторлық қасиеттерін зерттеу бөліміне жетекшілік етті.

Осы қызметтерде жүріп Башқұртстан мен Қазақстанның көптеген мұнай-газ кеніштерін зерттеуге басшылық етті.

Фото: kbm.kz

Қаражанбас мұнайын тапқан қазақ 

Ардагер-геолог Әділ Молдашұлы Нұрманов 90 жасқа қараған шағында, 18 тамызда фәниден көшті.

Әділ Нұрманов 1934 жылы 5 қарашада Маңғыстау облысы, Таушық ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетін геология саласы бойынша аяқтап, «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресіне жұмысқа алынады. Кейін көптеген барлау экспедицияларына жетекшілік етіп, өлкедегі бірқатар кен орындарының ашылуына себепкер болды.

1972 жылы кешенді экспедициямен Солтүстік Бозашы мекеніне шығып, геологиялық материалдар жинайды. Сол материалдарды негізге алып, геологиялық барлау жүргізу керек деген ұсыныс айтады. Бірақ бұл шешімге сенімсіздікпен қараушылар көп еді. Геологтің табандылығының арқасында барлауға рұқсат беріліп, 1974 жылы Қаражанбаста мұнай бар екенін мәлім болады.

- Топоргаф Солодов екеуіміз ұңғымалар орын тебетін орындарды әупірімдеп қағазға түсірдік. Қазған 12 ұңғыманың ең соңғысы Қаражанбас болатын. «К-12» деп белгілегенбіз, - деп еске алған еді геолог.

26 қаңтарда түн ортасынан ауар шақта 302 метрге тереңдеген ұңғымадан мұнай атқылайды.

Қазір Қаражанбас кенішіне Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 2,5 пайызға жуығы тиесілі. Кен орнында 7 мыңнан астам адам жұмыс істеп жүр.

Фото: Сенат

Алғашқы Сенат спикері

1996-1999 жылдары ҚР Парламенті Сенатының төрағасы болған Өмірбек Байгелді 3 сәуірде дүние салды

1995 жылдың 30 тамызындағы конституциялық референдумнан кейін Қазақстан Парламент қос палатаға жіктелді. Осы жылдың аяғында Сенат сайлауы өтіп, 1996 жылдың 30 қаңтарында жұмысына кіріскен Сенатқа Өмірбек Байгелді төрағалық етті. Жалпы ол Сенаттың бірінші, екінші, үшінші және төртінші шақырылымдағы депутаты болды. Сенат құрамындағы еңбек өтілі ғана 16 жылдан асады.

Саясаткер сарапшылардың ортасында экономика ғылымдарының докторы ретінде де танымал болды.

Фото: Gov.kz

Анар Жайылғанова

2019-2022 жылдар аралығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы болған Анар Жайылғанова 55 жасқа қараған шағында, 13 ақпанда өмірден өтті

Заңгер биліктің жоғары эшелонындағы қызметін 2004 жылы Жоғары соттың судьясы ретінде бастады. Ал 2008 жылдан бастап 8 жыл бойы Конституциялық кеңестің мүшесі болды. 2016-2019 жылдары Мәжіліс депутаты ретінде заң шығару ісіне араласты.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Ерке сылқымның» авторы

Күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбдімомын Желдібаев 12 сәуірде бақиға аттанды

Күйші 30 жылдан астам уақыт бойы «Шу еркесі» халық аспаптар ансамбліне жетекшілік еткен. Сазгерден ұрпаққа «Ерке сылқымнан» басқа «Арман құс», «Абай арманы», «Жамбыл толғауы», «Тұран елі» сияқты 70-тен астам күйі мен әні мұра болып қалды.

Фото: egemen.kz

Жұмабай Шаштайұлы

Қазақ прозасына «Аспанқора», «Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны» сияқты классикалық шығармаларды сыйлаған жазушы, бірқатар басылымда бас редактор қызметін атқарған қаламгер 12 наурызда өмірден озды

Жұмабай Шаштайұлының қамқорлығын көрген жас әдебиетшілер оны рушылдық пен жікшілдіктен ада, сөзі мен ісі бір жерден шығатын шыншыл адам ретінде қадірледі. 1984 жылы шыққан «Қызыл қар» атты тұңғыш жинағы совет жүйесінің идеологиясына қайшы туынды деп бағаланды. Оқырманға оның «Жала мен нала» (1987 ж), «Жыр жолбарыс» (1996 ж), «Біздің заманның Аяз биі» (1997 ж), «Жаңғырық» романы (2004 ж) кеңінен танымал.

2002 жылдан Қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарды. 2008-2017 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болған.

Фото: Wikipedia

Медеу Сәрсеке

Инженер-жазушы, Сәтбаевтану ілімінің алып тұлғасы, Семей полигонының шежірешісі Медеу Сәрсеке 20 наурызда қайтыс болды

Қаламгер «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі» мен «Жетінші толқын» ғылыми фантастикалық туындылары арқылы қазақ әдебиетінде ғылыми-қиял жанрын жаңа деңгейге көтерді деп есептеледі.

Жазушы әйгілі тарихшы Әлкей Марғұланның тапсырмасымен Қаныш Сәтбаевтың өмірін зерттеуге өмірінің 12 жылын арнайды. Іздесін жолында академиктің ізі қалған Баянауыл, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Ташкент, Том, Мәскеу, Санкт-Петербург және Алматы мұрағаттарын ақтарып, «Қаныш Сәтбаев» атты ғұмырнама жазып шықты. Бірақ саяси көзқарастар кесірінен кітап 1980 жылға дейін жарыққа шыға алмай жатты.

Ал жасы 80-ге келген шағында көлемі 900 бетке жуық «Семей қасіреті» атты деректі туындысын жарыққа шығарды.

Фото: facebook.com/Сейдахмет Куттықадам

Сейдахмет Құттықадам

Кейінгі жылдарға дейін демократияшыл публицист ретінде танымал болған Сейдахмет Құттықадам 3 наурызда, 77 жасында ұзақ сырқаттан көз жұмды

Еңбек жолын дипломатиялық қызметтен бастаған ол кейін «Арай» журналы, «Время-Дәуір» және «Эпоха» газеттері сияқты республикалық басылымдарды басқарды.

Сондай-ақ, ол «Вызов времени», «Миражи и реалии», «Служение нации», «Казахская драма» атты кітаптардың авторы.

Фото: egemen.kz

Гүлнәр Сиқымбаева

7 қазанда әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Сиқымбаеваның өмірден өткені туралы қаралы хабар тарады.

Әнші Түркістан облысы Төлеби ауданы Майбұлақ ауылында туып-өскен. 1985 жылы Гүлнар Сиқымбаева әйгілі «Гүлдер» ансамбліне қабылданып, кейін жеке орындаушы ретінде елдің ықыласына бөлене білді. Репертуарында қазақ, орыс, түрік, тәжік әндері болды.

Қырғызстан және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі.

Фото: Mustafa Yalcin/Anadolu Agency

«Ер сымбатының символы» болған Ален Делонның дәм-тұзы да биыл таусылды. Актер, режиссер, сценарист, продюсер кәсібін бірдей меңгерген кино шебері 18 тамызда, 89 жасында қайтыс болды. Француз актері әсіресе кеңес заманын көрген қазақстандықтарға «Республика алаңы» (1960), «Мемлекеттік қылмыскер» (1962), «Леопард» (1963) және «Бассейн» (1969) фильмдерімен белгілі.

Фото: Sefe Karacan/AA/picture alliance

Белгілі Ресей саясаткері Алексей Навальный 16 ақпанда Ямало-Ненецк автономиялық округінің №3 түзеу колониясында, 47 жасында көз жұмды. Заңгер Ресейдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қорының негізін қалады. 2008 жылы үлкен саясатқа Ресейдің ірі мемлекеттік корпорациялардағы жемқорлықты жариялау арқылы келді. 2020 жылы Алексей Навальныйды саяси қарсыластары улады деген күдікпен Германияға шұғыл жеткізілген болатын. 2021 жылы 17 қаңтарда Германиядан Ресейге оралған саясаткер Ив Роше ісі бойынша Мәскеудің Шереметьево әуежайында ұсталды. 2021 жылғы 2 ақпанда сот оны аталған іс бойынша 2 жыл 8 айға колонияға жіберді. Ал 2022 жылдың наурыз айында 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге және 1,2 млн рубль айыппұл төлеуге міндеттелді. 2023 жылғы тамызда экстремистік топ құрды, экстремизмді қаржыландырды, экстремизмге шақырды, нацизмді насихаттады деген айыппен 19 жылға сотталды.

Фото: irna.ir

20 мамырда Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси кенет қайтыс болды. И. Раиси мен үкіметтік делегация мүшелері Шығыс Әзербайжан провинциясында тікұшақ апатынан қаза тапты.

Фото: Office Life

Сондай-ақ, биыл «Гарри Поттер» және «Даунтон абаттығы» туындылары арқылы әлемге танылған ағылшын актрисасы, «Оскар» сыйлығының иегері (1970, 1979 ж.ж.) Мэгги Смит, «Титаник» және «Властелин колец» фильмдеріндегі қайталанбас рөлімен көрермен көңілін тапқан Бернард Хилл, италиялық модельер Роберто Кавалли өмірден өтті.

Фото: Wikipedia