«Ұлы дала әуені»: Астанада 1 мың музыкант бір сахнада өнер көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат – 21 мамыр күні өздерінің төл мерекесін мәдениет және өнер саласының қызметкерлері мен мамандары атап өтеді. Осы өнер қайраткерлері талантының, актерлік шеберлігінің, музыкалық аспаптарды меңгеруінің, көркем суреттері мен өзге де жетістіктерінің арқасында елімізді барша әлемге танытып келеді. Бүгін елордадағы «Астана Опера» театрында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Ұлы дала әуені» атты концерт өтті. Осы іс-шара кезінде Қазақстанның әр өңірінен келген 1000 музыкант бір сахнада өнер көрсетті.

«Астана Опера» опера және балет театрына танымал музыканттардың өнерін тамашалауға көп көрермен жиналды. Өнерпаздардың кәсіби мерекесіне орай өздерінің ізгі тілектерін айту үшін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов арнайы келді.

Сонымен қатар, концертті тамашалауға танымыл кино және театр актерлері, өнер жұлдыздары шақырылды.

Іс-шара барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер саласы мамандарына табыс тілеп, құттықтау хат жолдады. Мемлекет басшысының хатын министр Асхат Оралов оқып берді.

«Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір елдің мәдениеті - адамзат өркениетінің асыл қазынасы, онда ұлттың бүкіл болмысы, ақыл ойы, парасат пайымы түгел көрініс тапқан. Өнері өркендеген халықтың мерейі үстем, мәртебесі биік болады. Сіздер рухани құндылықтарымызды дәріптеп, заман талабына сай жаңғыруына зор үлес қосып келесіздер. Жаһандану дәуірінде ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу - айрықша маңызды. Осы орайда төл мәдениетімізді дамыту баршамызға ортақ міндет. Қазақстан - сан қырлы мәдени мұрасы бар рухани бай мемлекет. Ел іші - өнер кеніші деп бекер айтылмаған. Тума таланты мен еселі еңбегінің арқасында ұлт абыройын асқақтатқан біртуар азаматтарға халқымыз қашанда кенде болмаған. Бүгінгі буын алдыңғы толқынның өнегелі жолын лайық түрде жалғастырады деп білемін. Олардың арасында өнерімен әлемді мойындатқан ерекше дарын иелері бар. Мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтіп, жас ұрпақты рухани байыта түсу үшін аянбай еңбек етіп жүрген баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге бақ береке толағай табыс тілеймін. Өнерлеріңіз өрге бассын!», - делінген Мемлекет басшысы хатында.

Атап айтқанда, бүгін «Астана Опера» театрында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған ауқымды мерекелік кеш өтті. Осындай ауқымда алғаш рет өткізілген айтулы іс-шара аясында сахнада бір уақытта еліміздің әр өңірінен келген 1000-нан астам музыкант өнер көрсетті.

Тыңдармандарды Астанадан және Алматыдан құрама симфониялық оркестрлер мен хорлардың, сондай-ақ Ақтау, Шымкент, Семей, Ақтөбе, Өскемен, Орал, Павлодар, Қостанай, Петропавл, Қарағанды, Көкшетау қалаларынын және басқа да облыстардан арнайы келген музыканттар өз өнерімен тәнті етті.

Концерттік бағдарламаға еліміздің өңірлерінен келген 24 шығармашылық ұжым өкілдері қатысты. Хор ұжымдары, оркестрлер, виртуоз аспапшылары, опера және халық әншілері атақты скрипкашы, дирижер және композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиевтің «Ұлы дала әуені» атты одасын бірге орындады.

Отандық мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған ауқымды туынды ұлттық және классикалық музыканы үйлестірген. Тыңдаушылар әсерге толы таныс әуендерді жаңа нұсқада тамашалай алды.

Марат Бисенғалиевтің бұл авторлық жобасының ерекшелігі – 10 бөлімнен тұратын одада халқымыздың болмысын, мәдениетін жан-жақты ашатын шығармалар жинақталған.

Кеш қонақтары 50 минутқа жуық уақыт ішінде «Ұлы дала», «Шаттық», «Самал», «Қарлығаш», «Желсіз түнде жарық ай», «Сарыарқа», ABAI, «Айттым сәлем, Қаламқас», «Дударай», «Туған жер» сынды композицияларды тыңдады.

Осынау айтулы вокалдық-симфониялық туындыны орындауға танымал өнерпаздар қатысты. Олардың қатарында сопрано Зарина Алтынбаева бар. Сондай-ақ скрипкада жеке партияны Марат Бисенғалиев, саксофонда - Арухат Мұсайыпов, ұлттық аспаптарда Серік Нұрмолдаев, Анар Қасымова, Абзал Арықбаев, Асқар Солтанғазин орындады. Дарынды музыканттарға әйгілі қазақстандық дирижерлер Абзал Мұхитдин мен Марат Бисенғалиев, сондай-ақ құрама хор дирижері Бейімбет Демеуов жетекшілік етті.

Дирижер Абзал Мұхитдиннің сөзіне қарағанда, бүгінгі концерт кезінде мінсіз ансамбль болуы үшін заманауи техникалық құралдар пайдаланылды.

«Екіншіден, концертке Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген кәсіби деңгейі жоғары музыканттар мен хор ұжымдары жиналғанын айту керек. Меніңше, осындай ауқымды іс-шаралар барша ықыласпен орындалса, олар үнемі жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Сондықтан бүгінгі біздің осындай жоғары нәтижемізге барлық көрермен куә болды. Әлемде мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асатындар сирек кездеседі. Репертуар да Қазақстанның барлық сұлулығын көрсететіндей етіп таңдалған. Еліміздің батысы да, шығысы да, солтүстігі де, оңтүстігі де кеңінен қамтылды. Мұның барлығын үлкен идея болып біріктірілді. Біз Қазақстандағы біртұтас ұлт қағидатын айтқымыз келді. Жобаның жетекшісі Марат Бисенғалиев бүгінгі іс-шараның ұйымдастырушысы болды, оның мұндай жобаларды іске асырудағы тәжірибесі үлкен рөл атқарды», - деді Абзал Мұхитдин.

Мерекелік концерт аяқталғаннан кейін, кеш қонақтары театрдан көпке дейін тарқамады. Театр фойесінде бір-бірін шын жүректен құтты болсын айтып, мәдениет саласындағы соңғы жаңалықтарды жариялап, естелік суретке түсіп жатқан өнер қайраткерлерін, музыканттарды байқадық.

Сонымен қатар бүгін министр Асхат Оралов сахнада өнер көрсеткен әртістер мен шығармашылық ұжымдардың жетекшілеріне алғыс хат табыстады.

«Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар апталығын тиісті деңгейде аяқтадық деп ойлаймын. Біздің бастамамызды қолдағандардың барлығына және Мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында өнер көрсетуге шақыруды қабылдаған шығармашылық ұжымдарға алғыс айтқым келеді. Осы жобаға қолдау білдіріп, қатысқаны үшін Марат Бейсенғалиевке ерекше алғыс. Министрлігіміз мәдениет пен өнер саласын дамыту және қолдау бағытындағы жұмысты жалғастырады. Алдағы уақыта белгіленген нақты тапсырмаларды сіздермен бірге орындай алатынымызға күмәнім жоқ»,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Аталған ведомствоның мәліметінше, бір апта бойы еліміз бойынша концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер отырыстары және басқа да 100-ден астам іс-шара өтті. Сондай-ақ, 300 мәдениет қызметкері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, 2000-ы құрмет грамосымен және алғыс хаттармен марапатталды.

Асхат Оралов бүгінгі концерт мерекелік іс-шаралардың керемет кульминациясы болғанын және осындай кештер бұдан былай жақсы дәстүрге айналатынына сенім білдірді.