«Ұлы Дала елі»: Ақжайық ауданында Есім хан Нұралыұлының басына ескерткіш тақта орнатылды (ФОТО)

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» атты республикалық тарихи-мәдени экспедициясы кеше Батыс Қазақстан облысына келді.

Құрамында белгілі тарихшылар, ғалымдар бар экспедиция барысында Атырау мен Батыс Қазақстан облысының делегациялары Ақжайық ауданында кездесіп, ел тарихына қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікір алысты. Базаршолан ауылы маңындағы қорымда болып, 1795-1797 жылдары Кіші жүздің ханы болған Есім хан Нұралыұлының басына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне қатысты. Сонымен қатар экспедиция аудандағы Алаша Байбарақ батыр, Үкі билердің басына да барып, тағзым етті.

Тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Аллаярұлының зерттеуіне қарағанда, 1790 жылғы 11 тамызда Нұралы хан өмірден өткен соң, қараша айында Байұлы, Әлімұлы руының кейбір старшын, билерінің бастамасымен мыңға жуық қазақ қатысқан кеңес өтіп, Нұралының үлкен ұлы Есімді ақ киізге көтеріп, хан сайлаған. Базарбай старшын бастаған тана руы да Есімге қолдау білдірген. Ол жөнінде ноғай старшыны Құрбанғали Забир 1791 жылы 24 қаңтарда Орынбор шекаралық істер экспедициясына «Барлық таналар өздерінің бас старшыны Базарбай Санмырзаұлымен бірге Есімді хан атады» деп жеткізді. Бірақ патша үкіметі Кіші жүздің біраз беделді би, старшындарының қолдауына ие болған Есім сұлтанды емес, керісінше хандық басқаруды одан әрі әлсірете түсу үшін, отарлау саясатына жасы ұлғайған Ералыны тиімді санап, хан сайлайды. Алайда Ералы хандық тақта ұзақ отыра алмай, 1794 жылы 10 маусымда фәниден озды. Осыдан соң Кіші жүздің хан тағына Есім сұлтан көтерілді. Есім әкесі Нұралының көзі тірісінде Кіші жүздегі Байұлы руларын басқаруға тартылып, саяси өмірге жастайынан араласқан еді. «Төресіз ел болмас, төбесіз бел болмас» дегендей, Есіммен бірге Байұлы руларына оның бауырлары мен балалары да билік жүргізді. Ел ішіндегі шиеленіс 1797 жылы 27 наурыздағы Есім ханның өліміне әкелді. Бұл қанды оқиға ханның Жайық бойындағы Красноярск бекінісі маңындағы Уақ руының ауылында болған сәтінде жүзеге асқан. Жалпы, Есім хан өліміне, сол тұстағы ішкі саяси жағдайдың ушығуына алып келген «бөліп ал да, билей бер» қағидасы арқылы түрлі құйтұрқы әдіс-амалмен қазақ даласында жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқан патша үкіметінің отарлау саясаты еді. Мұны 1775-1780 жылдары ІІ Екатерина патшаның Орынбор генерал-губернаторына жазған мына құпия жарлығы толық айқындай түседі: «1) Қырғыз-қазақ халқының бір ру басшыларын екінші ру басшыларыменен араз етіп, бірі менен бірін қас етіп, бірінің етін бірі жеуге себеп болыңыз. 2) Сұлтандардың бірі менен бірін араз қылып, бірі менен бірін иттей тартыстырып, бірінің етін бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз. 3) Қырғыз-қазақтың басшы адамдарын сұлтандарымен араз қылып, сұлтандарын өз қол астындағы ақсақал адамдарымен араз қылыңыз. Арасына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз. Осылайша арасына от тұтатып береке-бірлігін алсақ, өзара азып, тозғандығынан қазақ-қырғыз жұрты бөтен патшалық қол астына көшіп кетерге дәрмені болмас. Өз-өздері қырық пышақ болып, қырылысып, жеңілген жағы жеңген жағынан өш алар үшін, күш алар үшін Россия патшалығына жақындар уа патшалыққа қорғалар. Сол уақытта Россия хүкіметі араларына төре болып, төрелеп, ретіне қарай я анасына, я мынау жағын қуаттап тұру керек. Түрлі амалменен сұлтандарының күшін кетірсек, өзімізден озып ешқайда кете алмас. Келетін, кететін жері өзіміз болып, тілегенімізше қақпалап жортармыз». Қаратай сұлтан ағасы Есім ханның Сырым батыр жақтастары қолынан өлім құшу себебін «Павел патшаға ант беріп, өзінің ынтамен қызмет көрсетуге ұмтылуы, қазақтар ұстап алып кеткен орыс тұтқындарын босату туралы Шекаралық істер экспедициясының талабын қатесіз орындауға тырысуы үшін» деп түсіндірген. Бегәлі, Қаратай, Бөкей сұлтандар мен Байұлы руының 18 старшыны 10 сәуірде Орынбор шекаралық істер экспедициясынан Есім ханды өлтірушілерді жазаға тартуды сұраған. Өтініш соңына Байбақты старшындарымен бірге Базарбай Шахмурзин де мөрін басқан. Кейінгі уақытта ғана Ақжайық ауданының Базаршолан ауылдық округіне қарасты Ескіесім елді мекеніндегі зираттан Есім Нұралыұлының құлпытасы табылып, ханның 1797 жылы 53 жасында опат болып, тасты баласы Қайыпқали сұлтанның қойғандығы анықталды.

Аталмыш экспедиция Ақжайықтан кейін Теректі ауданында болды. Шағатай ауылдық округі аумағындағы тағы бір кейінгі кезде табылған құлпытас Жантөре хан Айшуақұлының бейітіне тағзым етті. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте өткен кездесуде Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов Маңғыстаудан Атырауға, одан Батыс Қазақстанға жеткен экспедицияның күнделік кітабын теректіліктерге табыс етті. Мектеп шәкірттері қонақтарға концерт қойып, көңілдерін көтерді.

Айта кетейік, экспедиция ертең Орал қаласы мен Сырым ауданында болғаннан кейін Ақтөбе облысына жол тартады.