Оның айтуынша, батысқазақстандықтар экспедицияға қатысқан атыраулықтарды шекарадан ерекше көңіл-күймен, қонақжайлылықпен қарсы алды. Тарихи жорыққа қатысушылар Есім хан, Байбарақ батыр, Жантөре ханның бейіттерінде болып, тағзым етті. Орал қаласы төңірегіндегі Жайық қалашығына соғып, кезінде Бөкей мен Жәңгір хан ретінде көтерілген Хан тоғайында аялдады. Содан кейін Сырым елі арқылы Әбілқайыр хан жүрген жерлермен эстафетаны ақтөбеліктерге табыс етті.
Қазақ елінің қазіргі көк тіреген Астанасынан бастау алған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы екі мың жылдық тарихы бар көне Таразда мәреге жетуінің өзінде айрықша мән бар. Мұның бәрі біздің ата-бабаларымыздың көреген даналықпен әрі асқан батырлықпен осыншама жерді сақтап қалғандығын көрсетеді.
«Ұлы Дала елі» экспедициясы өз мақсатына жетті. Біз көп қырлы тарихи тамырымыздың тереңде екендігін сезіне түстік. Ендігі мақсат - кең байтақ жерімізді келер ұрпақ үшін сақтай білу. Экспедиция кезінде жинақталған деректерді ғалымдарымыз зерттеп, пайдаға асыра білсе, тіпті жақсы. Ең бастысы, бай тарихымызбен біз қашанда мақтана аламыз», - деді Ғ.Қапақов.