«Ұлы Дала Елі» тарихи-мәдени экспедициясы еліміздің аумағында төрт бағытта жүреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ұлы Дала Елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы еліміздің аумағында төрт бағытта ұйымдастырылады.

Бұл туралы бүгін Астанада осы шараға орай өткен баспасөз мәслихатында ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңес төрағасының орынбасары Наталья Калашникова мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, экспедицияның бірінші бағыты Солтүстік және Орталық өңірге жүреді (Астана қаласы - Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары, Жамбыл облысы - Мерке қаласы - Тараз қаласы). Ал екіншісі - Батыс және Оңтүстік бағыты (Ақтау қаласы, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан,Мерке қаласы - Тараз қаласы).

Үшіншісі, Шығыс және Оңтүстік шығыс бағыты (Павлодар қаласы - Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары, Мерке қаласы -Тараз қаласы), сондай-ақ соңғы бағыты Алматы - Қаскелең - Қордай - Мерке - Құлан - Тараз қаласы жерлерін басып өтеді.

Экспедицияның соңғы нүктесі Тараз қаласында болады, яғни онда «Тарих толқынындағы Ұлы Дала» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмесі ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспедицияның нәтижесінде қатысушылардың жазбаларынан тұратын үш томдық күнделік шығарылады.

Айта кетейік, «Ұлы Дала Елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған өте ауқымды әлеуметтік-тарихи акциялардың бірі болып отыр.

Экспедиция 2015 жылғы 11 қыркүйекте үш қалада - Астана, Ақтау, Павлодар қалаларында бір мезгілде бастау алып, 2015 жылғы 9 қазанда Тараз қаласында қорытындыланады.

Бұл ауқымды шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі, ведомстволардың қызметкерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, жастар ұйымдарының, БАҚ өкілдері қатысады.

Экспедиция барысында өңір халқымен 100 нақты қадам Ұлт жоспарының «Біртектілік және бірлік» бағыты бойынша «Мәңгілік Ел мұраты - ел бірлігі» тақырыбына кездесулерлер; Қазақстан мемлекеттігінің негіздеріне және Қазақ хандығының тарихына арналған «Жер тарихы - ел тарихы» тақырыбы бойынша сұхбаттар; «Н.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі» бойынша дәріс-таныстырылымдар; экспедицияның жүру бағытындағы қалаларда, кенттерде және ауылдарда орналасқан кітапханалар мен мұражайларға кітаптар сыйға тарту көзделген «Теңдессіз сый» акциялары өткізіледі.