«Ұлы Дала елі»: Тарихи-мәдени экспедициясының сапары Қостанай облысында жалғасты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадан Астанадан бастау алған «Ұлы дала елі» тарихи-мәдени экспедициясының сапары Қостанай облысында жалғасуда.

Кеше түс ауа облыс орталығына келіп жеткен экспедиция мүшелері бірден ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың ескерткішінің басына барып, гүл шоқтарын қойды. Одан кейін ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин кесенесінде және тарихи өлкетану мұражайында болды, деп хабарлайды 24.kz.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ауқымды шараның мақсаты - халқымыздың тарихи-рухани мұрасын насихаттау. Сол арқылы қазақстандықтардың бірегейлігі мен ұлттық бірлігін нығайту. Тобыл-Торғай өңірі болса көне тарихи ескерткіштерге бай. Экспедиция мүшелері төрт күн ішінде солардың бірқатарын аралап шығып, тың деректер жинайды. Халықпен жүздесіп, ел тарихы, бүгіні мен ертеңі жайлы ой бөліспек.

«Басты міндеттердің бірі - қазақ мемлекеттілігінің негіздерін осы ескерткіштеріміз арқылы, мәдени құндылықтарымыз арқылы айқындап көрсету. Әсіресе жастарға насихаттау. Одан кейін ішкі туризмді дамытудың бір кейбір бағыттарына жол сілтесек, соған бір өзіміздің үлесімізді қоссақ, онда біздің басты міндеттердің бірі орындалған болып есептеледі»,-дейді экспедиция жетекшісі Нұрбек Шаяхметов.