Ұлы дала мұрасын қайта түлетер кезең туды - ректор

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Ұлы дала мұрасын қайта түлетер кезең туды. Бұл туралы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлан Серғалиев ҚазАқпарат тілшісіне мәлім етті.

Оның айтуынша, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында түп-тамырызды тану, тарихымызды терең зерттеу, ұлы тұлғаларымызды ұлықтау бағытында Қазақстандағы жоғары оқу орындарының алдына да үлкен мақсат-міндеттер қойып отыр.

-Ұлы дала мұрасын сақтау үшін біз өзіміздің мәдени, тарихи құндылықтарымызды дамыта отырып, әлемнің жақсы қасиеттерін бойымызға сіңіруіміз керек. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген қанатты сөздің төркіні осыны ұғындырады. Президенттің ой-пікірлері бабалардың ұлағатымен астасып жатыр. Аталарымыз ұлы дала мен ұлы мәдениетті мұра етті. Ол  - жалпыға ортақ құндылық, - дейді Нұрлан Хабиболлаұлы.

Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде ел тарихын зерделеуде оны жаңа деңгейге көтеру, өткен ғасырлардағы тарихымызға қатысты тарихи деректерді талдап, жинақтау мәселесі қолға алынды. «Ұлы даланың жеті қыры» - сол істердің заңды жалғасы екендігі анық. Аталған мақала өткен тарихымызға терең ой салуға үндеп, оны ел-жұрттың рухани игілігіне тәжірибелік тұрғыда айналдыру мақсатында ірі, маңызды жобаларды ұсынып отыр.

«Архив - 2025». Бұл жобаны «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» сында бағдарламалардың қайта түлеуі десек болады. Ел тарихындағы ақтаңдақ беттерді қайта қалпына келтіруде  бұл жоба бағыт-бағдар берер бағдаршам іспеттес.

«Ұлы даланың ұлы есімдері». Өз заманының шеңберіне сыймай, көрегендік танытқан тұлғалардың өмір жолын, олардың қазақ қоғамы үшін атқарған келелі қызметін зерделеуде аталған жобаның мән-маңызы орасан зор. Жоба аясында бұған дейін жабық тақырып саналып, зерделі зерттеуге мүмкіндік болмаған тұлғалардың есімдері өскелең ұрпақ санасында қайта жаңғырары сөзсіз.

«Түркі әлемінің генезисі». Бұл жобада Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың онлайн кітапханасы ашу да басты назарға арналған. Сайын даланы мекен еткен халықтардың ортақ ұстанымын қалыптастыру бағытында өзге елдің тарихшы ғалымдарымен бірлескен кітаптар жазуға  зор мүмкіндік туып отыр.

«Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі». Шет мемлекеттен келген туристерді таңдай қақтырар Ұлы даланың ұлы мұралары жетерлік. Музейдегі экспонаттардың қатарында көшпелілердің негізгі баспанасы киіз үй де орнығуы тиіс. Қазақтың тұрмысы «көшпенді» емес,  көшпелі деген түсініктің орнығуына да бұл жоба өз ықпалын тигізбек.

«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы». Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «тыныс алуын» көздейтін бұл жоба сайын сахарамыздағы сахна сиқырын санасына сіңірген саңлақтардың бірегей туындыларын көпшілікке кеңінен танытуға себепші болмақ.

«Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі». Тұлғалардың шынайы кинообразын қалыптастыру арқылы жекелеген тарихи кезеңге лайықты баға беруге болады. «Қаһармандар халықтың қалауымен, заманның талабымен туылады» десек, ұлты үшін мұз төсеніп, қар жамылған тұлғалардың өмір жолын көгілдір экраннан көрсету өскелең ұрпақ үшін аса маңызды тәрбие құралы.

«Аталған жобаларды жүзеге асыру өткен тарихымызға шынайы жауапкершілікпен қарап, рухани саламызды өрлеудің жаңа сатысына жетелейтіні анық. Қазақтың ұлы даласы және сол кеңістікті мекендеген ұлт пен ұлыстар жер жаһанның материалдық және рухани мұрасына өшпес із қалдырды. Ұлы дала мұрасын қайта түлету, оны ел-жұрттың пайдасына жарыту еліміздің рухани және технологиялық тұрғыдан дамуына тың серпін берері сөзсіз. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары да ұлы дала мұрасын зерттеу мен зерделеуге үлес қосары айқын. Елбасы мақаласы ғалымдар алдында отандық ғылымды дамытуға тың серпіліс саналар нақты бағыттарды айқындап берді», деп түйіндеді ойын Н.Серғалиев.