Ұлы даланың Ұлы тұлғасы
Өзге жұртты былай қойып, көшпенділердің арғы тарихына көз жүгіртсек, «күннен туған, гуннен туған пайғамбар» (Мағжан) ғұндарды өз заманында өркениетті деп саналған қытайлармен тең еткен, санастырған, қаһарымен ықтырған, елінің етек-жеңін қымтап бақуатты етіп, «жабайылардан» (Батыс тарихшыларының айтысы) ғұн мемлекетін құрған патша Мөде, мұқым Еуропаны Рим езгісінен азат еткен һәм Еуропа тарихында «құтқарушы» деген ілтипатқа ие болған аты-шулы ғұн қолбасшысы Еділ батыр (Аттила), Түрік қағанатын құрып, «тізеліні бүктіріп, бастыны идірген, күлде жатқан елін күн еткен» Тоныкөк, Күлтегін, Естеміс баһадүрлер, сар далада сағым қуып, жат жұрттықтарға жем болып жүрген ұлыстарын жұдырықша жұмылдырып, әлем тарихында ерекше орны бар Ұлы қағанат құрған Ұлы Шыңғыс хан, бұл арғысы десек, бергісі болып саналатын иісі қазақтың өткен өміріне көз салсақ, сұрапыл кезеңдер-де қазақтың қазақ болып қалыптасуына үлкен септігін тигізген, елдің есінде аттары қалған Қасымхан, Хақназар, әз Тәуке, Абылай хандардың орны ерекше. Бұлардың барлығы да ұлтымыздың бағына туды, сол жолда бар ғұмырын сарп етті. Мұның да бәрі өткен күндердің өзекті шежіресі дер болсақ, кеше ғана адамзат үшін ұлы өзгерістер әкелген жиырмасыншы ғасырда есімдеріне төрткіл дүние мәшһүр, аш құрсақ халқын тойындырған, бақуатты еткен, ұлыстығын жоғалтудың аз алдында тұрған ұлтын ұйытып, әлем санасатын қабырғалы мемлекет еткен, дара тұлғалар жеткілікті. Олар - Қытайдың ұлы реформаторы Дэн Сяопин, сингапурлық Ли Куан Ю, үнділік Махатма Ганди, түрік Мұстафа Кемал Ататүрік, француз Шарль де Голль және басқалар. Бұлардың қай-қайсы да өз ұлтының көшбасшысы, мемлекетінің негізін қалаушы, өркениетке жетелеуші болған арда ұлдар һәм жеке ұлттың емес, әлем тарихында аты қалған қайталанбас дара тұлғалар.
Бүгінгі күні Сингапур да, Қытай да, Үндістан да, Түркия да және Франция да - әлемдік саясатта адуынды, өзіндік орны, салмағы бар, өркениет көшіне ілесе білген алпауыт мемлекеттер. Бұл елдердің биік деңгейге көтерілуіне басында аттарын атап өткен тұлғалардың сіңірген еңбегі зор. Осы алыптардың ортасынан ойып тұрып орын алатын, бір қатарда тұруға еңбегі бар бір адам - бүгінгі жасампаз Қазақстан басшысы - Нұрсұлтан Назарбаев.
Ақиқаты сол, Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігін күні кеше алып, қысқа уақыт ішінде жер-жаһанда қазақ деген жұрт барын, сол қарға тамырлы қазақтың Қазақстан деген мемлекет құрып отырғанын әлемге танытқан қайталанбас тұлға, сарабдал саясаткер. Сондықтан болар, халық оны «Ұлт көшбасшысы» деуге лайықты тұлға ретінде таныды. Бірақ Назарбаев - өз халқының алдында ғана емес, әлемдік қауымдастықтың алдында да мойындалып қойылған тұлға. Қазақстан әлемнің өркениетті елдерінің қатарына қосылды. Елбасы «алдымен экономика, сосын саясат» ұстанымын жүргізді. Сәтті жүргізілген реформалар тосын келген түрлі дағдарыстарға тойтарыс бере алды. Көрші республикалармен салыстырып айтар болсақ, рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аймақта жатқан елдердің бәрінің жағдайы бірдей еді. Бірақ Қазақстан басшысы түркімен Сапармұрат Ниязов секілді елді бейтараптандырып, шекараны тұмшалап, елдің мәдениетіне балта шапқан жоқ. Қайта шекараны ашты. Сырттан инвестор тарта отырып, халықтың әл-ауқатын, тұрмысын түзетуге бейіл танытты. Тәжікстандағыдай азаматтық соғысқа жол бермеді. Өзбекстандағыдай халық күйзелген жоқ. Бұл Елбасы жүргізіп отырған саясаттың дұрыс екенін тағы бір дәлелдеді. Қырғыз елі алатайдай бүлініп, өздері сайлаған екі президентті де тым-тырақай сыртқа қуып, алпауыт елдердің қуыршағына айналды. Дәл осындай күйді Украинада кешу үстінде. Ал салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Қазақстан мамыражай тірлік кешті. Мұның бәрі халық сенім артқан адамның ел алдындағы жауапкершілігін дұрыс атқарып, мемлекеттік істі дұрыс жүргізе білгендігінде болса керек-ті.
Рас, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік деңгейдегі тұлға. Кезінде Сингапур басшысы Ли Куан Ю-ді үлгі тұтқан Маргарет Тетчэр «Назарбаев - әлемдегі ең ірі және ықпалды бес саясаткердің бірі» деп бекер айтпаса керек. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында мыңдаған адамға қасірет әкелген Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарусыздануға жол ашқаны - осының бір көрінісі. Сондай-ақ ядролық оқ тұмсықтардан өз еркімен бас тартқан ел де біз. Сол тұста Қазақстан ядролық қуаты жөнінен әлем бойынша төртінші орында тұрды. Бірақ адамзатқа заһар төгетін қарудан бас тартып, Азияда бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық орнауына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жол ашты. Өзгеге өнеге болды. Қазақстан БҰҰ-ға әлемдік қоғамдастық-тың қатардағы жаңа мүшесі ретінде ғана емес, сонымен бірге қазіргі заманның ең бір өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын, ядролық қарусыздану жолындағы қозғалыстың алғы шебінде тұрған мемлекет ретінде енді. 1991 жылы Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы және 1992 жылы Лиссабонда ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу жөнінде міңдеттеме алуы - Қазақстанға үлкен бедел сыйлады және БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары мінберінен халықаралық қауіпсіздік саласындағы жеке бастамаларын көтеруге моралдік құқық берді. 1992 жылдан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде 10-нан аса рет болып, БҰҰ Бас Ассамблеясы жұмыстарына қатысты. Жаһандық мәселелерді көтерді.
Бір ақиқат дүние, ХХІ ғасырдағы әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ядролық қауіпсіздіктің алар орны ерекше. Өйткені бүгінгі күні әлемнің әр бұрышында түрлі қақтығыстар орын алуда. Лаңкестік ұйымдар халықты үрейге бөлеп, әр жерде жарылыстар жасауда. Сол лаңкестердің қолына, не болмаса ел басқарған тирандардың қолына әлгі қару түсетін болса не болады? Онда жалпы адамзатқа қауіп төнді дей бер! Осы мәселеге келетін болсақ, бұл жолда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі үлкен. Ғаламдық қауіпсіздік сауалдарын аймақтық қауіпсіздік мәселелерімен ұштастыра алған Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларының мұндай елеулі орында бағалануы да заңдылық. Қазақстан әлемдегі атом өнеркәсібі бар елдердің бел ортасынан орын алады. Әйтсе де еліміз оны қауіпсіз әрі бейбіт мақсатқа пайдаланып келе жатқаны белгілі. Бұл ретте Елбасының МАГАТЭ секілді халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса отырып ядролық қауіпсіздікке байланысты қабылданған бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Осы саясаттың нәтижесінде елімізге сенім артып, Қазақстан ядролық тұрғыдан қорғалған 20 елдің қатарына кіргендігі мәлім. Саммитте Назарбаев: «Біз бейбіт мақсат үшін ядролық отын өндірудің жаһандық технологиялық тізбегінен лайықты орын алу ниетіндеміз. Болашақта ядролық энергияны бейбіт мақсат үшін пайдалануымыз қажет» дегенді бекер айтқан жоқ. Атом адамзаттың дамуына, бейбіт өміріне қызмет етуі тиіс. Жалпы, Елбасының ядролық қауіпсіздік саласындағы бастамалары Қазақстанның абыройын асқақтататын маңызды бастамаларының бірі болып отыр. Бұл мағынада еліміз әлемнің кез келген мемлекетіне мысал бола алатын елге айналды.
Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылдығымен ТМД-ның кеңістік аясында құрылған Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Кедендік одақ, Ұжымдық Қауіпсіздік шарты келісімі, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес және Еуразиялық экономикалық одақ секілді ірі құрылымдардың маңызы күн сайын артып келеді. Бұл аталмыш ұйымдардың бәрі де тек елдің игілігіне қызмет етіп жатқаны белгілі. Қазақстанның Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуі де Елбасының әлемдік қауымдастық алдындағы беделінің арқасы екені шындық. Басы бірікпей, дүрдараз болып жүрген әлемдегі түрлі дін өкілдерін бір үстелдің басына отырғызып, диалог жүргізді. Ынтымаққа шақырды. Астана әлсін-әлсін өзге дін өкілдерінің басын қосып, ақылдасатын, кеңесетін Меккеге айналды. Осылардың өзі-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың кім екенін айшықтап тұр. Мәселен, БҰҰ-ның 70 жылдық мерейтойына арнайы шақырылған Елбасы биік мінберде тұрып ғаламдық бастамаларын ортаға тастады. «Мен Жер бетіндегі өркениет таяудағы отыз жылда соғыстар мен қақтығыстардың шиеленген түйінін даналықпен тарқату үшін күш-жігер таба алатынына сенімдімін. ХXI ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс. Сол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының жүз жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама - 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Оның мәні - барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымға, ресурстарға және нарықтарға қол жеткізуінің әділ шарттары негізінде әлемдік дамудың жаңа трендін қалыптастыру, сондай-ақ адамзаттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікті орнықтыру» деді. Сондай-ақ Жаһандық Стратегиялық бастаманы бес салаға бөліп, түсіндіріп берді. БІРІНШІДЕН, Ядролық қарудан азат әлем құруға қадам басу. Президент, бұл бағыттағы қол жеткен жетістіктерге тоқталып өткен. Бір белгілі мәселе, 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша, ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдаған. Бұл - осы бағыттағы алғашқы жетістік. Қазақстан әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Бұл шешім жетекші ядролық державалар-ды ядролық сынаққа мораторий жариялауға қозғау салды. Қазақстан аумағында МАГАТЭ келісімімен атом энергетикасын дамытуға арналған, төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды. Бұл да ядролық қарудан азат әлем құруға бастаманың бірі бола алады. Президент ядролық қаруды су түбінде, Арктикада сынауға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдауды, жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасауға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оның орындалуын міндеттеуді ұсынды. ЕКІНШІДЕН, Ядролық және басқа да жаппай қырып-жою қаруларынан азат әлем құру. Әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар. Олар - Антарктида, Латын Америкасы, Африка, Австралия мен Океания, орталықазиялық ядролық қарусыз аймақтар. Ендігі басты мақсат - осы аймақтардың көлемін ұлғайту. ҮШІНШІ: Әскери блоктардан бас тарту.ТӨРТІНШІ: бағытта Елбасы ядролық қарусыздану бағдарламаларының ескіргенін, сондықтан халықаралық қарусыздануды жаңа тарихи жағдайларға бейімдеуді ұсынды. БЕСІНШІ: Соғыссыз әлем құру. Барлық ұлттардың тең дәрежеде әділетті еркін өмір сүруін қалыптастыру. Міне, Елбасының әлем халқына ұсынған мәлімдемесі. Егер де осы тарихи құжатта айтылған мәселелер мүлтіксіз орындалатын болса, онда ХХІ ғасыр адамзат үшін бейбіт, мамыржай ғасыр болмақ.
Жұрттың назарын аударған бір мәселе, Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның штаб пәтерін Азияға көшіру туралы ойы. «70 жыл бұрын Женевада, жұмыс істеуден қалған Ұлттар Лигасының орнына Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған кезде оның штаб-пәтерін Нью-Йоркте орналастыруға шешім қабылданды. Бұл сол кезеңде халықаралық қатынастар бойынша Батыс Жарты шарының рөлі артқандығына байланысты болған еді. Әлемді дамыту орталығы Кәрі құрлықтан Жаңа құрлыққа, Еуропадан жаһандық өрлеудің жаңа орны - АҚШ-қа, Нью-Йоркке ауысты. Содан бері көп нәрсе өзгерді, әлем өзгеше қалыптасты. ХХІ ғасырда даму орталығы әлемнің ең үлкен континенті - ғаламшар тұрғындарының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азияға қарай ойысады. Осы үдерісті ескере отырып, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына жаңа серпін беру үшін бұл тарихи мүмкіндікті пайдаланудың маңызы зор. Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынамын» деп өз ойын білдірген. Тарих бетінен көріп отырғандай, Назарбаевтың БҰҰ мінберінен көтерген бастамаларының көбісі нақты жүзеге асты.
2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «29 тамызды - ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн» деп атауды бастама ретінде көтергені белгілі. Сол 2009 жылы желтоқсанның 2-сiнде БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан Президентінің бастамасымен ұсынылған «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн» атты Қарарды мақұлдады. Содан бері әлем «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнді» атап өтіп келеді. Тағы бір еске сала кететін жайт, 7 миллиардтан астам халық көз тіккен әлемдік мінберден Елбасы Ұлы дала тілін-де сөйледі. Осылайша, қазақ баласы БҰҰ-ның ресми бекітiлген алты тілін ысырып қойып, жалпақ жаһанға қазақ тілінде тіл қатты. Ол бірден халықаралық алты тілге аударылып, төрткүл дүниеге тарады. Бұл - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт тілін жаһанға танытудағы үлкен еңбегі. Ал әлемді дағдарыс қысқан бүгінгі күні Елбасы одан шығудың өзіндік жолын көрсетті. Ол - «Нұрлы жол» бағдарламасы. Бір тілмен айтқанда «Нұрлы жол» - еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет өрісіне шығаратын Қазақстанның Жаңа экономикалық саясаты. Сондай-ақ Ұлт жоспары -Бес институттық реформа. Оны жүзеге асырудың тетігі - «100 нақты қадам» бағдарламасы. Сондай-ақ тағы бір үлкен мәселе, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстан Республикасы Президентінің манифесі туралы шешім қабылдады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтондағы IV ядролық қауіпсіздік саммитінде жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесі екі негізгі дүниежүзілік ұйым - Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты деген жоғары мәртебеге ие болды. Өткен аптада Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып бекітілді. Бұл - әлем алдында үлкен жауапкершілігі бар миссия. Әлем қауіпсіздігіне жауап беріп отырған мұндай ірі ұйым кез келген елді бауырына тартпасы белгілі. Мұның өзі Елбасының беделінің арқасы деп таныған жөн.
Демек, Нұрсұлтан Назарбаев - шетел-дік ірі саясаткерлер, аузы дуалы сарапшылар мойындаған әлемдік деңгейдегі бірегей тұлға, сұңғыла реформатор екендігінде дау жоқ.