«Ұлы елмен арадағы ынтымақтастықтың одан әрі ұлғайғаны ұтымды» - республикалық басылымдарға шолу

None
АСТАНА. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі республикалық басылымдарда маусымның 15-і, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Өткен сенбіде Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесті. Ақордадағы салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін екі елдің мемлекет басшылары шағын құрамдағы келіссөздерге отырды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің сейсенбілік нөмірінде «Ұлы елмен арадағы ынтымақтастықтың одан әрі ұлғайғаны ұтымды» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Басылымның атап өтуінше, екі елдің арасындағы сауда ай­на­­лымы былтыр 14 млрд. АҚШ дол­­лары көлеміне жеткен. Бұл Қазақ­станның 2009 жылғы сыртқы ай­налым көрсеткішінің 13 пайызынан астамын құрайды. Сауда бой­ын­ша әріптес елдердің арасында Қы­тай Қазақстан үшін Ресей Фе­дера­ция­сынан кейінгі екінші орын ала­ды. Ал Қазақстан Қытайдың ТМД елдерінің ішіндегі Ресейден кей­­інгі екінші орындағы сауда әріптесі. Мақалада ҚР Президентінің «Біздің елдеріміздің ара­сын­дағы сауда айналымы үстіміз­дегі жылдың І тоқсанында 56 пай­ызға артты. Сөйтіп, қазірдің өзінде біз дағда­рыс­қа дейінгі 17 млрд. доллар көлеміне жақындап қалдық», деген сөзі келтірілген. Жарияланымның толық нұсқасын басылымның бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.

«Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкіметтегі селекторлық кеңесте «Жол картасын» жүзеге асыру жайы қаралды. Осы бойынша жасалынған баяндамада атап көрсетілгендей, қазіргі күні аталған бағдарламаны орындау жөніндегі жұмыстар неғұрлым серпінді сипатқа ие бола бастады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның баяндауынша, отырыс барысында Премьер-Министр онлайн режіміндегі интерактивті байланыс арқылы барлық өңірлердің басшылары­мен байланысқа шығып, олар­дағы жағдаймен танысты. Үкімет басшысы «Жол карта­сы» аясындағы қаржы ресурс­тарын тиімді пайдалану мәселе­сін ерекше атап көрсетті. Осы мәселенің орындалуын бақылау­да ұстау Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевқа жүктелген.

Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана және Алматы Митрополиті Архиепископ Александрмен кездесті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлап отыр. Әңгімелесушілер Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің қарқынды дамуын, қазақстандық мемлекеттік органдардың діни бірлестіктер жетекшілерімен, әсіресе, Орыс православ шіркеуінің өкілдерімен сындарлы қатынастарын ерекше атап өткен. Кездесу барысында алдағы 2012 жылы өтетін кезекті IV Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезіне дайындық мәселелері талқыланып, қазақстандық Сенат басшысы Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллді кезекті IV Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезіне қатысуға шақырған.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қырғызстан Республикасының уақытша үкіметі басшысы Р.Отынбаевамен телефон арқылы сөйлескен. Сондай-ақ осы күні Қ.Саудабаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, ЕО халықаралық қатынастар жөніндегі өкілі К.Эштонмен, ЕО-ға төрағалық етуші Испанияның сыртқы істер министрі М.Моратиноспен, Ресей Сыртқы істер министрі С.Лавровпен, Түркия сыртқы істер министрі А.Дауытоғлымен телефон арқылы байланысқан.

Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан-Шарль Бертонемен арадағы сұхбат «Назарбаевтың әлемдік жоғары абырой-беделі бұл заң болса да, болмаса да сақтала береді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұшымды жауап берген ол: «Әрине, мен мемлекеттік тіл - қазақ тілін білгім келеді. Бірақ шынын айтсам, орыс тілін де керемет деңгейде білмеймін. Содан болар, қазір екіойлы боп жүрмін: не орыс тілін ары қарай жетілдіріп, оқиын ба, әлде Қазақстанның мемлекеттік тілін үйрене бастайын ба? Әлі шешкен жоқпын. Екі ойдың ортасындамын», депті.

«Осыдан екі айдан астам уақыт бұрын дүр сілкініп, президенттерін сыртқа қуған айыр қалпақтылар елі өткен жұмадан бері тағы да тас-талқан. Бұл жолғысы тағы ерек. Ұлтаралық қақтығыс. Жанжал бейсенбіден жұмаға қараған түні оңтүстіктегі ірі қала Ошта қырғыз бен өзбек арасында басталды», деп жазады «Айқын» газеті. Бауырлас елдегі жағдайға қаныққыңыз келсе басылымның сейсенбілік нөміріндегі «Ұлтты ұйытатын тұлға жоқ жерде елде береке-бірлік болмайды» деген тақырыппен берілген мақалаға назар аударыңыз.

Сондай-ақ бүгін жарық көрген «Егемен Қазақстан», «Алаш айнасы» газеттерінде де Қырғызстандағы оқиғаларға шолу жасалған мақалалар топтамасы жарияланды.

***

Мәселен, «Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарының бүгінгі сауалы - «Қырғыз еліндегі қантөгісті тоқтату үшін сырттан бітімгершілік күштер кіргізу керек пе?». Осы сауалға жауап берген тарих ғылымының докторы, профессор Ерлан Сыдықов «менің ойымша, Қызрғызстанға бітімгершілік күштер енгізу қажет. Себебі көршілес елдегі ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп барады», десе, саяси ғылымдар докторы Гүлшат Нұрымбетова бұл пікірге қарсы шығып «Қырғызстандағы қантөгісті тоқтату үшін сырттан әскери бітімгершілік күштер енгізудің қажеті шамалы. Бітімгершілік күштерді негізінен азамат соғысының оты тұтанып, жағдай қиындағанда немесе Қырғызстанға өзге мемлекет тарапынан күш көрсетілген кезде ғана енгізуге болады», деген ойын алға тартады.

Сонымен қатар осы басылымнан «Қырғыздағы қырғын өздігінен тоқтай ма?», «Ошта болған ойраннан Қазақстан азаматтары аман» деген мақалаларды да оқуға болады.

Еліміздің шығыс өңірінде қалыптасқан домбырашылық дәстүр күйлері тұңғыш рет толық жиналып топтастырылады. Бұл жайында «Алаш айнасы» газеті жазып отыр. Басылымның атап өтуінше, бұл игі істі қолға алған белгіл күйші, өнертанушы Мұрат Әбуғазы Шығыс Қазақстан аймағының күйлерін зерттеуді студент шағынан бастаған екен.

***

«Казахстанская правда» газетінің сейсенбілік нөмірінде «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР конституциялық заңы мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында Заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының мәтіндері жарияланды. Осы екі Заңда Парламент Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Б.Мұхамеджановтың, Премьер-Министр К.Қ.Мәсімовтің қолдары қойылып тиянақталғандықтан, ол осы Конституциялық заңның құқықтық әдептілігін және оның заңдылығына аталған лауазымды тұлғалардың заңдық жауапкершілігін айғақтайды.

Заң мәтіндерімен сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінен де таныс бола аласыздар.