Ұлы қазақ батырларына арналған шараларыңызды шын жүректен қолдаймын - Талғат Мұсабаев

МАТЫ. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда "Қазақтың Ұлы қолбасшылары" деп аталатын республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Оны ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығы, ҚР Ұлттық кітапханасы, Алматы қалалық ардагерлер кеңесі және "Генералдар одағы" республикалық қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды. Оған шетелде іссапарда жүріп қатыса алмаған ҚР Халық қаһарманы, Ресей Батыры, ұшқыш-ғарышкер, авиация генарал-лейтенанты, техника ғылымының докторы Талғат Мұсабаев өзінің жүрекжарды тілеген хатпен жолдаған.

"ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі және жеке өз атымнан сіздердің Ұлы қазақ батырларына арналған шараларыңызды, жасаған бастамаларыңызды шын жүректен қолдаймын. Қасиетті қазақ жерінің батырлары әр кезде ел басына түскен ауыртпалықты көтеріп, жандарын қиды. Бұл ғылыми -тәжірибелік конференцияның өткізілуі барша қазақстандықтар үшін маңызы зор шара болып табылады", - деген Талғат Аманкелдіұлы құттықтауында.

ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының пікірінше, бұл шара өсіп келе жатқан жастарымызды отансүйгіштік пен адамдарға құрмет білдіру рухында тәрбиелеуге зор ықпал етеді.