Ұлы мәртебелі сөз өнерінің қызметіндемін - Дүкенбай ДОСЖАН

None
ТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай ДОСЖАНМЕН ҚазАқпарат тілшісі кездесіп, бүгінгі таңда көбіміздің көкейімізде жүрген біраз сауалды көлденең қойды. Жазушы жауабы төмендегіше шықты

- Сізде «оқырманы қисапсыз жазушы», «күн сайын қаламға жүгінетін жазушы» деген қосымша атағыңыз бар. Сіз үшін жазушы сөзі қасиетті ұғым секілді. Сіз кім үшін, не үшін жазасыз?

- Бір заманда жазушы, ақын дегендер халықтың алақанында жүретін. Ел басшылары, партия лидерлері қайырылып сәлем беретін. Түрлі себептермен бұл күнді қаламгер әулетінің қадірі кетіңкіреп қалды. Мұның басты себебі: мына жаһандану, рынок ( нарық деп аясын тарылтуға болмайды) жағдайына қаламгер әулетінің бейімделе алмай жатқаны, жазушы және баспа... жазушы және оқырман... мемлекеттік қолдау және насихат тетіктерінің іске алғысыздығы. Екінші себеп: қасиетті қаламгерлік кәсіп бұл күнде көлденең көк атты, қара танитын, шаужайдан алушы, жандайшап, арзан атақ іздеушілер киліккені сонша - кісі айырғысыз аткөпірге айналды. Шендестіре сөйлесек: аттың аты жарайтын бәйге жарысын кәдуілгі қыран топалаң - түйе көкпар, есек көкпар, жаяу көкпарға айналдырып дода ғып жібердік. Кімнің кім екенін айыру қиындады. Оқырман көзін «шаң тұтты». Қолыма қалам алғанда - көп кітабыма тағы бір кітап қосылсын, я болмаса қаламақы табайын, атағымды шығарайын деген ойдан аулақпын. Қаламақы жыртыққа жамау болмайды. Атағым бар. Жазуға итермелейтін екі ғана мақсат. Бірі: жылдар бойғы өзім тапқан көркемдік бояуларымды - баяндау машығымды кітапсүйер қауымға қалдырып кету. Қолыма қалам алғандағы екінші мақсат: өзім ғана, жалғыз менің ғана қолымнан келетін тақырыптарды игеріп үлгеру. Мысалға, қазір Астанаға ат басын тіреген, Астананы құлпыртуға қатынасқан әлемдік деңгейдегі сәулетшілер туралы хикаят жазып жүрмін. Жапондық Кисе Курокава-санды көзі тірісінде ұшырасып, бірер ауыз тілдесіп үлгергенім - бір қазына. Хай-тек королі Норман Фостер мырзамен Пирамиданың тұсаукесер рәсімінде тілдесіп қалғаным - ол да бір тарих. Қазір елорданың төріне орнатылатын Президент кітапханасы, Опера және балет театрының, үлкен мешіттің нобай-нұсқасы талқыдан өтіп жатыр (үлкен мешіт үйімнен таяқ тастам жерге құрылмақшы), дүниенің 18 елінен саусағы сиқыр сәулетшілер қатынасты. Сол сәулетшілердің сызу үрдісін бірсыдырғы танимын. Сәулетшілер туралы жазуыма Елбасының өзі мұрындық болды. Енді осы тақырыпты өзім ғана ұқсататын секілді боламын да тұрамын. Кеңестер одағы ыдырамай тұрғанда, тәуелсіздіктен көп бұрын, 60 жыл бойына жабық болып келген мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатына сол кездегі Жазушылар одағының басшысы Олжас Сүлейменовтің көмегімен алғаш еніп, алаш абыздарының тергеу, хаттама құжаттарын көтеріп «Абақтыны» жаздым. Менің алдымда, менен кейін де қауіпсіздік комитетінің архивіне енген кісілер болған. Әйтсе де Әуезовтің, Аймауытовтың тергеу хаттамасын, үндеместерге жазған түсініктеме, үштік үкімін алғаш сөйлету өзіме бұйырды. Өткен ғасырдың 60-жылдар басында «Отырар», «Фарабиді» жазғанымда - Сыр бойы қалалары туралы өзім ғана жаза алатындай сезіндім. Содан «Құм жұтқан қалалар» (1967) дүниеге келді. Ұстазым Зейнолла Қабдоловтың «Біз жанбасақ» деген Назым Хикметтен аударған пьесасы бар. Бас кейіпкері - мұнайшы! Жер астына қалай сыйып жатыр десейші, жарықтық!.. Сол отшырақтай алып-ұшқан мұнайшы бейнесін Қабдолов қана құп келістіргендей болады да тұрады көзіме. Әлі күнге. Әр жазушының өз оқырманы болады. Қазіргі жастар қолына түскенді оқи бермейді. Менің оқырманым, жүрегім сезеді - еліміздің түкпір-түкпірінде өзгелерден көбірек қиналады... көбірек толғанады... көбірек қозғалады... шетінен мінезді, төзімді деп жоримын баяғы.

- Бүгінгі Досжановтың осыдан бес, он жыл бұрынғы Досжановтан айырмасы бар ма, болса - қандай?

- Мінез, қалып қалады. Адам өле-өлгенше үйренумен, жетілумен болады. Латынша метаморфоза адамға ғана тән мінез. Апулейдің романы осыны қозғайды. Өзім көбіне замандастарыма «әлі ат үстінен түскен жоқпын» деймін. Шендестірумен сөйледі деп түсініңіз. Ат үстінен түскен жоқпын дегенім - әлі де жазып жүрмін дегенім. Жазғанда - баяғыша, я тарихи тақырыпты қозғап, я болмаса жабылып қалған архив қазынасының құлпын ашып әуреленбеймін; осы күнгі дағдарыс кезінде бір сілкініп алып бұрынғыдан бетер ширап, бұрынғыдан бетер байтақ ойланып-толғанып, жаңа биіктен көрінгісі келіп жығылып-сүрінген я сәулетші, я ғалым, менталді технологияның лидерлерін қағазға түсіріп әуремін. Бір қарасаңыз - бұл да жетілу. Өзіңді-өзің қамшыламасаң қарайып қаласың. Осыдан 14 жыл бұрын жарық көрген «Абай айнасын» марқұм Зәки Ахметов, өзге де білімпаз кісілердің пікірін ескеріп, үстінен қарап, толықтырып «Абайдың рухы» деп оқырманға қайта ұсындым. Біле-білсе - бұл да жетілу. Қатерлі ісікке қарсы арглобин дәрісін ойлап тапқан Әдекенов, интегралды теңдеулерді жаңаша шешкен Өтелбаев, тәуелсіздік монументін құрған Бөкебай, жаңашыл баспагер Нұрлан Исабеков секілді өз ісінің шеберлерімен достасып үлгердім. Ойлап қарасаңыз бұл да - жетілу. Екінші сөзбен айтқанда осы күнгі Досжанов осыдан он, он бес бұрынғы Досжановқа ұқсайды, әйтсе де үзбей жетілуге, кемелденуге, соны сүрлеуге түскен өмір жолаушысы деп таныңыз! Ауық-ауық үлкен белдің үстіне шыққан кісіге ұқсап «осы мен не бітіріп жүрмін?.. кешегі тындырғаным не?.. ертең не істемекпін?..» деп дүние тіршілігін ой елегінен өткізіп, ісіме, жүріс-тұрысыма есеп беруге дағдыланған адаммын. Өзіме өзгенің көзімен қарай аламын. Өзімді өзгенің орнына қойып сынаймын. Бәрі теп-тегіс, ойдағыдай деп өзімді-өзім сөзбен семіртіп неғылайын. Әйтсе де бүгінім кешегіме ұқсамайды. Ілгерілеу, үйрену, жетілу - өмірлік кредом. Күнделік жазамын, оқып-тоқимын. Көзі ашық, зиялы қауымның басындағы кеп - менің де басымдағы хал.

 - Байсыз ба, кедейсіз бе?

- Рухани баймын, тіршілігіме, дәулетіме көңілім тоқ. АҚШ президенті сайлаушылары алдында байлар мен кедейлер арасындағы атшаптырым алшақтықты қолымнан келгенше бір-біріне жақындатамын деп уәде берді. Елімізде қазір осы алшақтық ұлғайып бара ма деп қорқамын. Бір нәрсенің байыбына бармай, дұрыс сөзді құлағына ілмей, «е, соны қойшы!» деп жүре беретін тоғышарлық Абай заманында болған, қазір де сеңі бұзылған жоқ. «Ақылсыздығынан азбай, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулықтың жоқтығынан азып жүргендер» бұрын да болған, қазір де мол. «Күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал» деген ұстаз сөзін ұмытқандар осы заманда толып жүр. «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» деген Абай сөзін құлаққа ілмей, ананы - бай болды деп жамандап, мынаның - әрекеті асып, алдыма түсіп кетті деп  аяғын тосып; барша кемшілікті жоғарыдағы мәртебелі лауазым иелерінен көріп, маңдайын тоқпақтап жүргендер жетеді мына заманда! Жүзге жетіп бақи жалғанға озған Жәмила шешем айтып отырушы еді: адамды тілеуі билейді деп. Жақсы тілесең - жақсылық келеді. Жамандық ойлай берсең - жамандыққа кезігесің. Жүрегінде шамы бар кісілерді ұшыратып жүрген соң, бәлкім, маңайымда жақсы адамдар көбірек секілді. Адам баласы дүниеге жақсылық жасауға келеді.

 - Кітабыңызды қалай өткізіп жүрсіз?

- Жоғарыда не үшін қаламға жүгінетінімді айттым. Қазір Мәдениет және ақпарат министрлігінде үлкен реформалық жұмыстар жүріп жатыр. Ұлттық холдинг құрылуда. Бұрындары бытырап бет-бетімен, бас-басына би болып жүрген теле, радио каналдары біртұтас мемлекеттік холдингке бірігіп, ұлттық бағдарлама аясында пәрменді жұмыс жүргізуде. Бұрындары бірді-екілі декада, іссапар шарасынан аспай, ақпай қалған көл-тоғанға ұқсаған кино, әдебиет, кескіндеме, қылқалам, музыка, зергерлік өнеріміз бұл күнде арнасын бұзған өзенге ұқсайды. Әдебиетімізді шетелге шығаратын орысша «Литературный Казахстан» журналы ашылды, сайттар, Vір портал ағыны күшейді. Дүркіреп өтіп жатқан көрме, концерттер қаншама! «Біз де жұрт қатарлы ел екенбіз-ау» деп көңіліміз көтеріліп, иығымыз биіктеді. Әдебиетке келсек: мемлекеттік тапсырыспен тек қана оқырманға қажет, оқырманын таба алатын кітаптар шығатын болады. «Қоймаға қызмет ету» ұмытылады. Сұранысқа - ұсыныс тәжірибесі әдебиет майданына жетіп үлгерді. Сұранысы жоқ кітап шықпайды. Бұдан былай жазушы оқырманның талғамына, сұранысына орай қалам тербейді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің реформалық жұмысының оң көрінісінің дәлелі: Президентіміздің «Дағдарыстан - дамуға» Жолдауында басым бағытпен айтылған жұлынды мәселе - мәдениет үрдістері. Ұлтты ширататын да, қиналған кезде тәуекелге барғызатын да  бабадан қалған асыл өнер. Өнер - ұлттың бет-ажары, ұяты! Нәтижеде дағдарысқа байланысты ел өмірінің барлық саласында жүріп жатқан уақытша бюджеттік қысқартулар ұлы мәртебелі мәдениетке соқпады. Бұл да болса Президенттің тәуекелі! «Кітабыңыз қалай өтеді» деген сауалға келсек: кейінгі кезде жарық көрген «Абайдың рухын» еліміздегі университеттер: «Филология студенттеріне қосымша оқытамыз» деп баспа қоймасынан пышақ үсті үлестіріп әкетті. Кітап тікелей университет ректорларының өтініші бойынша шыққан болатын. Тақауда «Фолиант» баспасының жоспарымен орысша, қазақша таңдаулы әңгімелер жинағым шықты. Жобаның авторы - Нұрлан Исабеков. Бұл жобаның өзге басылымдардан ерекшелігі: әрі арзан, әрі қалтаға салып жүруге қолайлы. Пішімі шағын. Қазіргі дағдарыс жағдайында әдебиетке жанашыр қауымнан көз жазып қалмаудың қамы. Серияның ерекшелігі бес түрлі. Бірінші: бұл серия өзге баспалардың «Бестселлер», «ЖЗЛ», «ХХІ ғасыр классигі» топтама кітаптарын қайталамайды. Өзінше, бірегей айдары бар. Ол қазақша «Оқырманы қисапсыз жазушы», орысша «Самый читаемый писатель» деп аталады. Екінші: сыртқы пішімі көркем безендірілген, авторлық анықтама, өмірбаян, жазушы шығармаларының тізбесі берілген. Үшінші: қаламгердің бұрынғы басылымдарын қайталамай, су жаңа, заман, уақыт талабына сай таңдамалы әңгімелері топтасқан. Төртінші: әңгімелердің аудармасы осы серия үшін жаңадан, қайтадан жасалған. Жинақтағы әңгімелерді орысша мөлдіретіп сөйлеткен көркемсөз шеберлері Анатолий Ким мен Герольд Бельгер. Бесінші: басылым аэропорт, метро, автотұрақ, вокзал дүңгіршектерінде арзан бағамен, бар болғаны 200 теңгеге сатылады. Бұл қазіргі дағдарыс кезеңіндегі қалтасы жұқа көпшілік оқырман үшін өте тиімді. Баспа директоры бұл серияның басым шығынын өзге қымбат кітаптардың есебінен демеушілік түсімдерден жабады. Тоқетері: кітабым қалай өтеді деп қам жемеймін. Оқырманға қандай тірі сөз айтамын, нендей көркемдік бояу-белгімен көрінемін, өзім тебіренген жәйтке кітапсүйер қауым тебіренсе игі деп қам жеймін. Көкейдегі ұлы уайым - қол жеткізген көркемдік бояудан қолды суытып алмау ғана!

- Ұлтқа адалдық дегенді қалай түсінесіз? Қай ісіңізбен ұлтыңызға жығылып-сүрініп қызмет еттіңіз?

- Еврейлерде бір жақсы салт бар. Бала жастан қолға алған кәсібін өмір бойына ұлықтайды. Етікші ме? Өмір бойына етікшіліктің шеберіне айналады. Дәрігер ме? Дәрігерлікті - өмірінің кредосы деп қарайды. Заңгерлік пе? Дүниедегі ең қиын істі қарайтын судья, я болмаса қорғап шығатын адвокат боламын деп өліп-өшеді. Ақыр соңында сол салада еврейден асатын маман болмайды. Бізде ше? Біздің қазақ көбіне ұшып-қонба, жастарымыз ең әуелі шеберлікті емес, табыс көзін ойлайды. Әкемнен ауысқан мінез болар, тиянақты болғанды құп көремін. Қолымнан келгенше өзге өркениетті елдер секілді - қазақ ұлы өзендердің бойына Отырар, Сығанақ, Жент, Сұяб, Баласағын, Ортасағын, Бассағын, Қимақ, Бозоқ секілді бекініс, қала салған деп кезінде қисапсыз мақала жаздым. Өзге өркениетті жапон, қытай, ағылшын секілді қазақтың ешбір ұлтқа ұқсамайтын салт-дәстүрін ұлықтап Шабандоз, Көкпар, Қымыз, Бастаңғы, Екі дүние есігі, Күміс керуен атты көркем әңгіме, хикаяттар туды. Қазақтың өзге ұлттан ерекше қасиеті - ақкөңіл, кеңқолтық, мейрімді, кешірімшіл, бір сөзді, мәрт, тастай төзімді, қылыштай қайраулы, өзі есікте жатып қонағына төрін ұсынған кеңпейіл; тәттісін, дәмдісін баласының аузынан жырып мейманға сақтаған қонақжай деп Таразыны, Кісі ақысын ұсындым. 50 жыл бойына балаларға үнсіз ұстазбын. Ізет, ізгілік мұғалімімін. Ұлтыма жасаған қызметім деп алтын асықтай бес бала өсіріп, бір-бір отау үй еткенімді айтпаймын. Өмір бойы ізгілікті, мейірімді, кешірімшілдікті, қазақы мінезді ту етіп көтерген үлкенді-кішілі кітаптарымды айтамын. Жетім-жесірге жасаған жақсылығымды тіземін! Тәуелсіздікке жарыла қуанып жазған «Біздер қандаймыз», «Президент және біз», «Ақ Орданы» есіме алам. Өткен ғасырдың 60-жылдар басында Кеңестер одағының лидері Хрущевтің пәрменімен Қазақстанды «Батыс Қазақстан өлкесі», «Тың өлкесі», «Оңтүстік Қазақстан өлкесі» деп бөлшектеп, түбі пышыратып Ресей федерациясының құрамдас бөлшегі етіп жіберуді көздеген қиын кезеңде - жасырын листовка - үнқағаз таратып, үндеместер соңымызға түсті. Сұр үйге апарып, жауапқа алды. Сол заманда шетелге қашпай, Алматыдан табан аудармай, осы қазаққа болсын деп саусақты сүйел етіп, көз майын сарқып шығарма жаздық. Сірә, ұлтқа адалдық осы болар! 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын тірілтіп «Алаңды» жазған кезде - қазақ бозбаласын итше тепкілеп шен-шекпенін өсірген милиса майоры: «Кітабыңа кейіпкер етіпсің, көшеге шыға алмай қаласың!» - деп телефон террорын жасағанда - тістеніп отырып таңды көзімізбен атқыздық. Брежнев заманында бір килә макаронның, бір килә құмшекердің кезегіне тұрдық. Жекешелендіру үлесімізді «Бутя-капитал», «Әлемсистем» қорына салып жер сипалап қалдық. Жақсы күндерге жетеміз деп жақсы үміттің тізгінін тарттық. Ұлтқа адалдық осы болар, бәлкім! Бір замандасым - теңізді құтқаралық, депутаттыққа дауысқа түселік деп Сыр бойын аралады. Тізгінін тартыстық. Бір замандасым - кірпігі қимылдап өлуге айналған ұлттық тіліміз үшін күйіп-жанып үн көтерді. «Құба-құп!» десіп сөз сөйледік. Мүлгіп-қалғып жан бағуды ұмыттық. Айтып отырса - бәрі ертегідей. Қарап отырса - бәрі өзінен-өзі бола қалғандай. Қуаныш, опыныс, жүгіріс, жүгініс, ашыну, ызаға өртену, бәрі-бәрі ұмытылады екен. Ұмытылмайтын жүрекке түскен салмақ, көңілдегі ұлы уайым, көз алдыңда аласұрып дөңбекшіген дәуір толқыны, сол толқынның үстінде жаңқауықша қалқымай, толқынға қарсы жүзіппіз! Ұлтқа адалдық деген осы болар, сірә! Ұлтыңды өліп-өшіп жақсы көру, жастарға қаратып үлкен сөз айту, азабыңды, қуанышыңды қандастарыңмен қосыла көтерісу - ұлтқа жасаған қызметтің бір парасы деп ойлаймын.

- Аудармашылар Бельгер, Киммен байланысыңыз қандай?

- Наурыз айының аяғында Бельгердің үйінде болып, ұзақ әңгімелестім. Ол досымыз қазір аударма жасамайды. «Плетение чепухи» деген үш киләлік (Бельгердің өз сөзі) естелік кітабын жазып жатыр екен. «Тасжарғанға» сыр сұхбат бергенді құп көремін дейді. Аслан Жақсылықов есімді жазушының төрт томдық романын оқып миым ашып, көзіме көк шыбын үймеледі дейді. Анатолий Киммен интернет арқылы хат жазысып тұрамыз. Қазір демалып жүрген есепті. Ким үлкен сөз зергері, ешкімді қайталамайтын көркемсөз шебері, орыс әдебиетінен ойып тұрып орын алатын есім. Келешегі өзіме жазған хаттарын жинағыма енгіземін. Әне бір жылы Иманғали Тасмағамбетов пен Олжас Сүлейменовтің бір-біріне жазысқан хаттарының газетке жариялануы - қауымның қызығушылығын туғызғаны белгілі.

 - Қазір не бітіріп жүрсіз?

- Баяғыда «басым отта тұрған қазан секілді» деп сұхбат берген едім. Жаңа оқиғалар ойлаймын, тосын мінездерге үңілемін, дегдар ойшылдардың кітабын оқимын, ерте тұрып - сағат онға дейінгі уақытымды шығармашылығыма арнаймын. Жазуға отырамын. Бұл сүйекке сіңген кәсіп, әрине. Президенттік мәдениет орталығынан шығатын «Мәдени мұра» - «Культурное наследие» журналының Бас редакторымын. Алыс-жақыннан жауһар жәдігерлерді, бабалардан қалған асыл қазынаны іздестіру, шетелдік әріптестерден қазақ тарихына байланысты құжаттар алғызу, құзырлы орындардың пәрменін халыққа жеткізу - шаруаның бір парасы ғана. Рынок жағдайында журналды оқылықты ету, жазылым ұйымдастыру, елдегі мұрағат, музейлерді жарқыратып жазу міндетімізде. Бұл - аз, әрине. Оқырмандардың хаттарына жауап, жас әріптестерге ақыл-кеңес беру - әңгіменің бергі жағы. Алматыдағы «Шаңырақ» ықшамауданында кітапхана салғызып жатырмыз. Астанадағы жарымжан балалар мектебіне 200 дана қазақша, 150 орысша кітапты тегін сыйладық. Тұран университетінде кездесу өткіздік. Мамырдың басында Еуразия университетінде, қарашаңырағым ҚазҰУ-де кездесу жоспарлануда. Бұл - әңгіменің басы ғана. Қол қалт еткенде академик Өмірбек Жолдасбеков туралы эссені бітірсем, «Сыр елінің ежелгі қалалары» киносценариін ширатсам деймін. Аурухана палатасында, ұшақ үсті, жиналыс үзілісінде қағазға үңілуді - шаш етек шаруаның пұшпағын илеу деп біліңіз. Бұл - аз, әрине! Нар түйенің қабырғасы қайысардай көркем сөздің салмағы күн өткен сайын ауырлай беретіні айдан анық!

- Әңгімеңізге рахмет!