Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің делегациясы Алматыдан Астанаға және Мәскеуге Жеңіс парадтарына аттанды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ұлы Отан соғысы ардагерлері делегациясын Астанада және Мәскеуде өтетін Жеңіс парадтарына шығарып салды.

Олардың бір бөлігі Мәскеудегі, ал екінші бөлігі Қазақстан астанасында өтетін парадқа қатысады.

Сонымен қатар ресми кешкілік қонағасы барысында 13 ардагер мемлекеттік наградаларға және мерейтойлық медальдарға ие болды.

«Мен мемлекеттің бізге қамқорлық жасап отырғанына ризамын. Бұл сапар ардагер ретінде мен үшін өте маңызды. Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысқым келеді, бірақ денсаулығым жарамайды-ау деп қорқамын. Қазір мен 91 жастамын. 1942 жылы 18 жасымда майданға аттанып, Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатыстым», - деді соғыс ардагері Тоқтарбай Қанапия. Ол сондай-ақ Астанаға парадқа немересін алып бара жатқанын айтты.

«Жеңістің 50 жылдығын Мәскеуде қарсы алған едім, енді бүгін 70 жылдығына бара жатырмын. Онда өзімнің қарулас жолдастарымды кездестіруге үміттенемін. Ардагерлерге осындай тегін сапар ұйымдастырғаны үшін мемлекетімізге рахмет», - деп атап өтті 93 жастағы соғыс ардагері Федор Федотов.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, барлық ардагерлерге мемлекет есебінен бір үлгідегі киімдер тігілген.