Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстаннан қан майданға 5118 қыз-келіншек аттанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ қыздары Ұлы Отан соғысында ерліктің ерен биігінен көрініп, елімізді даңққа бөледі. Бұл туралы бүгін елордадағы Әлия Молдағұлованың мемориалды кешеніне гүл шоқтарын қою рәсімінде ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы Сәуле Айтбаева айтты.

«Қазақ қыздары Отан қорғау жолында ешкімнен де, ештеңеден де қалыс болған емес. Олар мерген де, ұшқыш та, пулеметші де, тіпті партизан да болды және қай жерде жүрсе де ерліктің ерен биігінен көрініп, елімізді даңққа бөледі. Олар солдаттың керзі етігін, шинелін киіп, сонау Берлинге дейін барды. Атағы бүкіл елімізге, қала берді әлемге мәлім Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты батыр қыздарымыздың ерлігін қанша айтсақ та артық болмасы анық», - деді С.Айтбаева.

Сонымен қатар ол қатысушылардың назарын Әлия Молдағұлованың Ұлы Отан соғысындағы ерлігін паш ететін бір оқиғаға аударды.

«Жалпы қазіргі деректер бойынша Қазақстаннан майданға 5118 қыз-келіншек аттанған. Майдандағы дәрігерлердің 41 пайызы, фельдшерлердің 43 пайызы, медбикелердің 100 пайызы әйелдер болған. Сол бір аласапыран кезеңде ауыртпашылықтың алдыңғы шебінде аналарымыз жүрді десек артық айтқандық емес. Майданда төгілген ерлеріміздің қаны мен тылда тамшылаған еңбеккерлеріміздің маңдай тері ешқашан ұмытылмайды», - деді комитет төрайымы.