ОРАЛ. 7 наурыз. ҚазАқпарат - Дариға Назарбаева басшылық ететін «Дегдар» гуманитарлық қорының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және Жеңіс күніне арналған «Уақыт байланысы» қайырымдылық жобасына қатысушылар Орал қаласына келді.
Жоба мақсаты - майдангерлерге концерт қойып, оларға материалдық көмек көрсету. Бұдан екі жыл бұрын бастау алған аталмыш жоба аясында классикалық музыка жұлдыздары еліміздің 11 қаласында болып, өнер көрсеткен еді.
Бұл жолы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Тимур Урманчеев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы опера және балет театрының жеке орындаушысы Андрей Трегубенко және халықаралық конкурстардың жүлдегері, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жеке орындаушысы Ермек Құрманаев 8 наурыз күні Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында тегін концерт қойып, классикалық музыка тыңдармандарының құлақ құрышын қандырмақ.
7 наурыз күні аталмыш өнер жұлдыздары Құрманғазы атындағы музыка колледжінде шеберлік дәрісін өткізді. Бұл, әсіресе, классикалық өнерді меңгеріп жүрген жастар үшін ерекше әсер қалдырды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).