Ұлы Отан соғысында елін ерлікпен қорғағандардың бірі - батысқазақстандық Ы.Өтепов

ОРАЛ. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысында елін ерлікпен қорғағандардың бірі - батысқазақстандық Ысқақ Өтепов.

Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен Гүлшат Молдағалиеваның хабарлағанындай, Ысқақ Досқалиұлы 1922 жылдың желтоқсан айында Сырым ауданы Қособа ауылында дүниеге келген. 1928 жылы облыс орталығы Орал қаласына келіп, осындағы №4 қазақ мектебінің жеті класын тәмамдаған. 1940 жылы институтқа студенттер қатарына оқу түсу үшін жұмыс факультетінде дайындық курсынан өткен. Ысқақ бір жылдан соң А.Пушкин атындағы Орал педагогика институты тарих факультетінің студенті атанады. Оқу ордасында білім нәрімен сусындаған жас студент 1942 жылдың қақаған қаңтарында әскер қатарына шақырту алған. Әскери борышын өтеп жүріп, жас солдат Харьков-Воронеж  бағытында майданға аттанады. Пенза артиллериялық әскери училищесінде оқып, тәжірибе жинақтап, 1943 жылдың аяғында қайтадан 3-Беларусь майданында 28-танкілі бригада құрамында взвод командирі болып тағайындалады. 1945 жылдың ақпан айында Ысқақ Досқалиұлы ауыр жараланып, дала госпиталіне түседі.

Аман-есен елге оралған ол ішкі істер халық комиссариатына жұмысқа орналасқан. 1945-47 жылдар аралығында Алматы қаласындағы екі жылдық оқуды бітірген соң Орал қаласына келіп, ішкі істер басқармасының бандитизммен күрес бөліміне жұмысқа тұрады. Түрлі қылмысты ашады. Бірде совхоздың 7-8 ірі қарасы ұрланып, мал ұрлығы фактісін ашу үшін іздестіруге кіріскен. Із кесушілер барымташыларды көрші елдің Орынбор қаласынан екі татар әйелі арқылы қармаққа түсірген. Барымташылар апалы-сіңілі екі келіншекпен көңіл көтеріп қана қоймай, сиырдың етін бөліскен болып шығады. Жергілікті жердің милиция қызметкерлерімен бірлесіп, қылмыскерлерді ұстауға жоспар құрады. Осы кездері ұрылардың ізіне түскен жедел уәкілдер түнделетіп барып, үйге кірген. Жастықтың астына тыққан тапаншалармен Нұрғалиев бастаған қарулы қылмыстық топты құрықтайды. Ысқақ майдангердің айтуынша, сол кездері мал ұрлығы, дүкен тонау секілді фактілер жиі орын алған. Бірде дүкен тоналды деген ақпарат түскен. Із кесушілер бар ақпаратты жиып, дүкенді тонаған 4-5 адамды анықтаған. Ұрылардың дүкеннен жымқырған азық-түліктерін орталық базардың қасында орналасқан мешітке жасырғанын әшкерелеген. Мешіттегі еден жуушы орыс қыз қылмыскерлердің сыбайласы болып шыққан.  Ақыр-аяғында дұрыс құрылған операция нәтижесінде ұрылар көп ұзамай тәртіп сақшыларының қолына түскен.

Ысқақ Досқалиұлы 1976 жылға дейінгі аралықта еңбекпен түзеу бөлімшесі мекемесінің басшысы, кейін РУ 170/2 мекемесінде бастықтың жедел жұмыс бойынша орынбасары лауазымымен демалысқа шыққан. Зейнеткерлік жасқа шықса да, өзін ширақ ұстаған Ысқақ Досқалиұлы өткен ғасырдың 80-жылдары облыстық тұтынушылар одағының құпия бөлімшесінде алты жыл инспекторлық қызмет атқарған.

Соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 1 дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен 2 мәрте марапатталған. Жиырмаға жуық медальдардың иегері.

Қазіргі уақытта Ысқақ Өтепов отанасы Зинаида екеуінен тараған Нұрлан мен Мұраттан 6  немере сүйіп отыр.