Ұлы Отан соғысында қаза болған боздаққа туған ауылында көше аты берілді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 69 жылдық мерекесіне орайластырылып Жаңақорған ауданы Байкенже ауылындағы орталық көшеге алапат соғыста ерлікпен қаза тапқан Адырбек Өтебековтің есімі салтанатты түрде берілді, деп хабарлайды аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Игі шараның ашылу салтанатына батырдың туыстары, жазушы Айдархан Бибасаров, Түгел Артықов, ҰОС ардагері Тастемір Тілеубергенұлы мен ауыл тұрғындары қатысып, батыр ата жөнінде естеліктер айтты. «Адырбек Өтебеков оқыған, сауатты кісі болған. Ауданда бірнеше басшылық қызметтер атқарған. Алайда үйленбегендіктен артында ұрпақ қалмаған. Сұрапыл соғыста ерен еңбегі үшін бірнеше медальдармен марапатталған. Сондықтан да ер есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында батыр атамызға арнайы көше атауы берілуде», - дейді өз сөзінде ауыл әкімі Жұмаділла Өткелбай.

Соғыс ардагерлеріне құрмет барлық елді мекендерде де жалғасын табуда, делінген хабарламада.