Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың ерлiгi жайында «Абырой мен парыз» атты кiтап шығады - Бүркiтбай Аяған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың ерлiгi жайында «Абырой мен парыз» атты кiтап шығады. Бұл туралы бүгiн ОКҚ-де өткен брифингте Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркiтбай Аяған мәлiм еттi.

«Ұлы Отан соғысына қатысты «Абырой мен парыз» қазақ және орыс тiлiнде кiтап шығардық. Қазiр оны баспаханаға жiбердiк. Ол 600 беттен асады. Бiздiң ғалымдар осы кiтапты жазу барысында Ресей, Украина, Беларусь мұрағаттарында жұмыс iстеп келдi. Елшiлiктермен, сол елдердiң ғалымдарымен жақсы қарым-қатынаста болып, бiздiң халқымыздың Екiншi Дүниежүзiлiк соғысындағы жеңiске қосқан үлесi, қасiретi мен қиыншылықтарын көрсете алдық деген ойдамын. Себебi, көптеген тың суреттер мен құжаттар табылды», - дедi ол.

Оның сөзiне қарағанда, кiтаптiң электрондық нұсқасы институттың порталында жарияланады және әрдайым толықтырылып отырмақ.