Шара аясында М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында «Ардагерге хат» атты «далалық пошта» жұмысы жаңданбақ. Ол арқылы қала тұрғындары мен оқушылар ардагерлерге өз тілектері мен жылы лебіздерін жазып жолдай алады. «Далалық поштаның» басында кезекшілер болады, сол жерден баршамен бірге хатты рәсімдеп, бояп немесе үлкен мерекелік хатты құрастырып, қан майданда от кешкен ардагерлерге жіберуге мүмкіндік туады.
Сонымен қатар қаланың білім басқармасының бастамасымен мектептерде балалардың майдандық бригадалары құрылды. Осылайша, майдандық бригадалар «тимуршылардың» ізін қуып, ардагерлерге көмек көрсететін болады. Сондай-ақ «далалық поштадан» түскен хаттарды арнайы шағын автобуспен ардагерлерге жеткізіп беріп отырады. Ардагерлермен кездесуден түскен фотосуреттер арнайы фоторепортаждарға топтастырылып, шара қорытындысы бойынша Оқушылар сарайының ішінде өтетін көрмеге қойылады.
Мектеп қабырғасынан тыс спорттық жарыстар, музыкалық байқаулар және көркемсурет өнерінің туындылары қойылған көрмелер, семинарлар мен сабақтар, әскери ойындар ұйымдастырылады. Жыл бойына балалардың ардагерлерге арнаған концерттері ұдайы өтіп тұрады. Соғыста от кешкен қариялар мен бүгінгі жас ұрпақтың «Естелік шырағы» және «Тарихтың тірі дауыстары» атты кездесулері жоспарланған.