ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫ: Бейсен Оңтаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ҚазАқпарат ХАА сұрапыл соғыс жылдарында өз Отанын фашистік басқыншылардан аман алып қалған біртуар батырлар туралы материалдар жариялайды.

Бейсен Сейітұлы Оңтаев 1922 жылы мамырдың 3-інде Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Қарааспан ауылында дүниеге келген, өлген жылы белгісіз. 2-ші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, барлаушы, қатардағы жауынгер, қазақ.

Ата-анасынан жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Соғыс қарсаңында Шымкент ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Отырар, Мақтарал аудандарында жер суландыру жүйесінде жұмыс істеген. Кеңес әскері катарына 1942 жылдың қаңтарында шақырылып, Орталық майдан 65-армия 69-атқыштар дивизиясы 120-полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Шабуылдардың бірінде бекінген жау жаяу әскерге бас көтертпеді. Оңтаев бастаған 13 жауынгер жер бауырлап жау траншеясына жетті. 10 танкіні қалқалаған 200-ден астам жау әскері аз ғана топқа қарсы ұмтылды. Ал барлаушылар 4 танкіні талқандап, 80-нен астам жау әскерін жойды. 1943 жылы15 қазанда Радулі деревнясы (Украина, Чернигов облысы, Репки ауданы) маңында Днепрден өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін Оңтаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (30.10.1943).

Соғыстан кейін Шымкент педагогикалық институтын бітіріп, мектеп директоры қызметінде болды. Туған ауылына, сонымен қатар орта мектепке Оңтаев есімі берілген. Ленин, l дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған.