ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫ: Боран Нысанбаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеңес Одағының Батыры, минометшілер расчетінің командирі Боран Нысанбаев 1918 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Көктоғай округіне қарасты Қаңбақты елді мекенінде дүниеге келіп, «Бает» бастауыш мектебінен білім алады. Одан әрі бала Боран жанұясының жағдайына байланысты оқуын жалғастыра алмайды да, бұрынғы «Красный Октябрь» колхозынан бір отар қой алып, шопан болады.

- Боран ағамыз 1938 жылы ВЛКСМ мүшелігіне өтеді. Ол жауырынды келген, орта бойлыдан гөрі биіктеу, жазық маңдайлы, қою қасты, жалын атқан өткір көзді, ұстамды, қайратты, адамға үйірсек жігіт дейді білетіндер. Оның домбыраға қосып, ән салатын өнері де болған, - деп жазады есболдық Қ.Сейітов.

Боран 1942 жылы 6 қаңтарда Есбол ауданының әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, №137-атқыштар дивизиясының №770-полкінде минометші болған. Ол Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясы үшін болған ұрыста жаудың атыс ұясын жойып, сол жерде 1943 жылы 6 ақпанда ерлікпен қаза тапқан.

Кейін жолдастары шабуылға шығып, жаудың бетін қайтарып, Лески деревнясын жаудан азат еткенде Боран денесінің жанында жаудың 28 жауынгерінің өлі денесі жатыпты. Шындығында, ол майдан даласында Александр Матросовтан 17 күн бұрын ерлік жасап, жау ұясын кеудесімен жауып, беліне байланған гранаталарын дзот ішінде жарып үлгерген. Сөйтіп, өзі қаза тапса да дұшпандарын жер жастандырып, шабуылдаушы жауынгерлердің жолын ашқан.

Жерлесімізге теңдесі жоқ ерлік көрсеткені үшін КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының 1943 жылғы 23 қыркүйектегі Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазақ жігіті Боран Нысанбаевтың бұл батырлығы Ұлы Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында белгілі болып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1965 жылғы 23 сәуірдегі №324 Жарлығымен Зеленый орта мектебіне Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың есімі берілген, - дейді бүгінде Көктоғайдағы батыр атындағы әскери-даңқ мұражайының меңгерушісі Қуаныш Абдырахманов.

Мұражай бүгінде жас ұрпақты ағалар дәстүрі рухында тәрбиелеу, оларды Отанды сүю, патриотизм мен ұлтжандылыққа тәрбиелеуде біршама жұмыстар атқаруда. Ал, еліміз тәуелсіздік алған соң бұл орын әскери-даңқ мұражайы атанып отыр.

Мұражай жұмысына алғашқы күннен бастап Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім, Қазақ ССР, КСРО Халық ағарту ісінің озаты, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Мүнира Тұрғалиева жетекшілік етті. Мұражайға 10 адамнан тұратын «Мұражай кеңесі» басшылық жасады. Оның құрамына оқушылар, мектеп ұстаздары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері тартылды. Мұражайда Боран Нысанбаевтың өмірі мен ерлігі туған-туыстары, майдандағы ерліктерін бейнелейтін материалдар мен экспонаттар, Батырдың суреті, «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілгендігі туралы КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығы ілінген. Сонымен қатар, экспозицияға Боранның бейітінен әкелінген топырақ, снаряд жарқыншағы, жауынгерлік бас киім пилотка, бюстісі, Ресейдегі Орел жеріне барған және келген делегациялар туралы деректер, суреттер, карталар, батыр ерлігінің көрінісі, альбомдар мұражайға келушілерге жақсы әсер қалдырады.

Боран Нысанбаевтың тарихын зерттеуге бұдан 40 жылдай бұрын зор еңбек сіңірген және қазақстандық қызыл ізшілдерді бастап ерлік жолымен жүріп өткен есболдық мұғалім Кенжеғали Қаюпов өзінің «Дауылпаз» кітабында жазғанындай «Боранның бейіті Безымянная деп аталатын терең сайдың қабағында тұр екен. Бұл сай Лескидің шығыс бетін тіліп өтіп жатыр. Бейіттің сол жағы «Ближный луг», «Безымянная», «Суходол» сайлары болып үш айырылады. Лески биік қабақ басында тұрған деревня» («Дауылпаз» 13 бет.) деп жазып қалдырған болатын.

Шынтуайтында, Ресейдің Орел облысы Покров ауданындағы Верхно-Жернов және Дросково селолары жұртшылығы мен шәкірттерінің өздерін қалың жаудың езгісінен босатқан, азат етушілердің бірі - қазақ жігіті Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев есімін ерекше осыншама жылдар бойына қадірлеп келеді.

Олар әрбір мереке сайын Дросководағы мектептің ауласында тұрған жерлесіміздің алып ескерткішіне өздерінің азаттығы үшін қанын төгіп, жанын қиған қазақ жігітіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Дросковолықтар 13 ақпанды-өз жерінің, ал, 14 ақпанды бүкіл Покров ауданын неміс басқыншыларынан азат етілген күн ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Ұстазының бұл өнегесін өзі 20 жылдан астам басқарған Верхно-Жернов мектебінде мұражай ашып, онда Б.Нысанбаевқа арнайы бұрыш жасақтап, Орелдан келген студенттерге жерлесіміздің үлкейтілген суретін салып, мектептің көрнекі жеріне іліп қойған Надежда Леонидовна Удодтың (қыз күніндегі фамилиясы Харчикова) жалғастырғанын ұмыта алармыз ба?!

«Сол оқушы Надя Харчикова 1965 жылдың қарашасында Қазақстанның Гурьев облысына баратын делегация құрамында Батыр Боранның туған жері Индер ауданына келіп, көптеген достар табады. Қарапайым қазақ қыздарының есімдерін арада 45 жыл өтсе де әлі ұмытпағанына сол Орел жеріне барғанда өзіміз де куә болдық. Ал, сегізжылдықтан соң Дросководағы орта мектепте оқып, Орел мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген Надежда Лоенидовна Харчикова 1979 жылы өзінің Верхно-Жернов мектебіне оралып, әуелі мұғалім, содан директорлыққа тағайындалып, бұл мектепте жылма-жыл жерлесіміз Боран Нысанбаевқа арналған шаралар өткізіп, арнайы мұражай жасақтайды», деп жазады «Атырау» газеті «Батыр Боран» деген мақаласында.

Б.Нысанбаевтың батырлығы жөнінде қалам сілтемеген адам әр өңірде де аз емес. 1974 жылы есейіп барып Гурьев педагогикалық институтында оқыған Қабдығали Сейітов осы оқу орнын бітірерде өз жерлесі әрі туысы болып келетін Боран Нысанбаев тақырыбын алып, диплом жазып, ғылыми жетекшісі Ж.Бақидың басшылығымен қорғапты.

Журналист Төлеубай Ысқақов «Бұл Лескиде болған еді» деген драмалық шығармасын дүниеге әкелді. Ол шығарма Индер ауданында жылма-жыл Боран батырдың еске алу күні 6 ақпанда қойылады. Сонымен қатар, тұрақты түрде Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев атындағы волейболдан жарыс өткізіліп келеді.

«Сонымен қатар, әріптесіміз, Қазақстанның құрметті журналисі Сансызбай Базарбаев соғыс жылдары жазылған В.Поляковтың Боран Нысанбаев ерлігіне бағышталған поэмасын ана тілімізге аударып, ол да түрлі шараларда жиі орындалып келеді», - делінген «Атырау» газетінің 2014 жылғы 18 қыркүйекте жарияланған аталған мақаласында.