ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫ: Ибраев Әйткеш

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ҚазАқпарат ХАА сұрапыл соғыс жылдарында өз Отанын фашистік басқыншылардан аман алып қалған біртуар батырлар туралы материалдар жариялайды. Сондай батырлардың бірі - Ибраев Әйткеш.

Ибраев Әйткеш Абайұлы 1924 жылы Семей облысы Жаңа Семей ауданы Қызылқұйған ауылында дүниеге келген.

1941 жылы Семей қаржы техникумына түсіп, қыркүйек айында семья жағдайына байланысты оқуын үзіп, колхозда есепші болып жұмыс істейді.

1942 жылы 22 қыркүйекте 18 жасар Әйткешті әскер қатарына шақырады. Ол Калинин, Брянск, Белорус майданындағы шайқастарға қатысты. Ұлы Отан соғысының әскери қимылдарына қатысқаны үшін екі Қызыл Жұлдыз, Отан соғысының I-II дәрежелі ордендерімен марапатталды.

1944 жылы 6 шілдеде Могилевск облысы, Червинск ауданындағы шайқаста оның взводы 192 немісті өлтіріп, 19 автомашинасын өртеді, 6 танкке қарсы пушкаларын, 12 пулемет нүктесін жойды, жеке өзі 8 неміс солдатын құрбан етті.

Осы ерлігі үшін Әйткеш Абайұлы Ибраевқа 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы және Ленин, Алтын Жұлдыз медалі берілді.

1944 жылы 20 шілдеде Белосток облысы Грододенск ауданындағы Нижние Погораны аймағында өткен шайқаста ерлікпен қаза болды.

Батырдың туған жерінде ескерткіш орнатылған.