Жолдас Сүлейменов 1922 жылы 1 мамыр күні Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Жаңа құрылыс ауылында дүниеге келген.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, барлаушы, қатардағы жауынгер. 1942 жылдың қаңтарынан Орталық майдан 65-армия 69-атқыштар дивизиясы 120-атқыштар полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алғашқы ұрыс жолын Сталинград шайқасынан бастады. Араларында Сүлейменов бар барлаушылар тобы кезекті бір тапсырманы орындау барысында жау батальонының штаб бастығын, құнды деректері бар құжаттарын қолға түсірген. Сонымен қатар Сүлейменов Курск иінінде болған ұрыстарға, Белгородты азат етуге де қатысты. 1943 жылы 15 қазанға қараған түніДнепр өзені (Украина, Чернигов облысы,Репки ауданы,Радуль кентінің маңы) үшін болған ұрыста Сүлейменов баскарған барлаушылар жаудың 300-ден астам әскерін жойып, 8 зеңбірегін, 3 минометін, 60 әскерін қолға түсірген. Сүлейменовке көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (30.10.1943). 1946 жылы запасқа шығып, Отырар, кейіннен Сарыағаш ауданында тұрды. Алматыдағы заң мектебін бітіріп (1951), тергеуші, мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі қызметтерін атқарған.
1992 жылы қайтыс болды. Ленин, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.