Ұлы Жеңіс күні қарсаңында елорда студенттері арнайы көрме ұйымдастырды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған студенттердің шығармашылық көрмесі ашылды.

Бұл шараны Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Сәулет және құрылыс факультетінің студенттері ұйымдастырып отыр. Олар соғыс кезіндегі танымал суреттердің көшірмелерінен жинақталған бейнелерден, әскери тақырыптағы плакаттарды және түрлі инсталляциялардан тұратын ондаған еңбектерін жұртшылық назарына ұсынды. Бұл ретте Бауыржан Момышұлының, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлованың портреттері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің суреттерін көруге болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мазмұны фашизмге қарсы күресте халықтардың бірлігін барынша ашып көрсетуге негізделген.

«Қасық қаны қалғанша соғысқан қарапайым сарбаздың өнегелі күш-жігері біз үшін мәңгі және шексіз тақырыптар болып табылады. Осы ретте атажұрт, соғыс, халық тағдыры, өлім мен мәңгілік, жеңіс арманы, соғыстағы адам тағдыры секілді тақырыптарды қамтып отырмыз. Сондықтан бұл еңбектерден әлемдегі бейбітшілікке деген үндеуді бірден байқауға болады»,-дейді студенттер.

Өз кезегінде ЕҰУ факультетінің деканы Серіктай Баймұханов нәубетті соғыс жылдарындағы оқиғаларды ұмытпас үшін, бұл фактілерді үнемі жастардың есіне салып отыру керек екенін атап өтті.

«Бұл жұмыстардың барлығын студенттер өздері жасап шықты. Олар осы еңбектерін бізге көрсеткеннен кейін, бұл көрмені ұйымдастыру идеясын жүзеге асырып отырмыз», - деді ол.