ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: 196-Гатчинск атқыштар дивизиясының басшы-жауынгерлері Сайқында жерленген, БҚО

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысы кезінде Батыс Қазақстан облысының қос бірдей ауданы, атап айтқанда, Орда (қазіргі Бөкей ордасы) мен Жәнібек аудандары Сталинград шайқасына жақын болғандықтан, соғыс жағдайында деп жарияланғаны белгілі.

Бөкейордалық өлкетанушы Айболат Құрымбаевтың айтуынша, жау ұшақтары Шоңай, Сайқын, Жәнібек стансаларына 500-ден астам бомба тастаған. Сол бомбалау кезінде қанша адам өлгені, қайда, қалай жерленгені әлі күнге толық анықталған жоқ. Бір ғана Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылдық округіне қарасты Сайқын, Шоңай, Молодость (Салықбай казармасы) елді мекендерінде Ұлы Отан соғысынан қалған бірнеше жауынгер зираты бар.

Қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі, Шоқанның тұстасы Мұхамед-Салық Бабажанов тұрған Торғай елді мекенінің орны бүгінде Молодость (Салықбай казармасы) деп аталады. Сол жердегі бауырластар зираты теміржол бойындағы терек арасында, Ресей шекарасына бірер шақырым жерде орналасқан. Бірақ зиратта ешқандай жазу сақталмаған. Шоңай елді мекенінде сол сұрапыл жылдардан қалған белгілі үш зират бар. Оның бірі Шоңай бастауыш мектебі қасында орналасқан, жергілікті халықтың сөзіне қарағанда, мұнда 17 адамның мүрдесі жерленген. Орнатылған ескерткіш тақтада «Здесь похоронены воины погибшие во время Великой Отечественной Войны в 1942-1943 гг» («Мұнда 1942-1943 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлер жерленген») деген жазу бар. Екінші зират теміржол бойындағы көлік өткелі қасында орналасқан. Басында «Здесь покоится прах солдата Родины своей Передера И.Г. бригадир путей Рязано-Уральской железной дороги. Погиб 09.1942 г.» («Мұнда өз Отанының солдаты, Рязань-Орал теміржол бағытының бригадирі И.Г.Передераның денесі тыныш тапқан. 1942 жылы 9 қыркүйекте қаза болды») деп жазылған. Шоңай ауылындағы үшінші зират ауылдың шығыс бетіндегі қауымда орналасқан. Аталған төрт зират та көп жылдан бері теміржолшылар қарамағында. Ал Сайқын ауылындағы спорт мектебінің ауласында 196-Қызыл Тулы Гатчинск атқыштар дивизиясының бауырластар зираты орналасқан. 196-атқыштар дивизиясы Отан соғысы басталған кезеңде Украина елінің Днепропетровск қаласының маңында тұрған екен. Фашист әскерлерімен шайқасқа түсіп, жауынгерлер қатары сиреп, кейін Оңтүстік Урал әскери округінің Чкалов (қазіргі Орынбор) облысы Соль-Илецк ауданында Жоғарғы Қолбасшының 1942 жылғы 1 қаңтардағы бұйрығына сай қайтадан жасақталады. Сонда 1941 жылдың 20 желтоқсанынан 1942 жылдың 24 сәуіріне дейін болған. Бастапқыда 424-атқыштар дивизиясы болып жасақталған дивизия кейін 196-атқыштар дивизиясына ауыстырылды. Дивизия құрамына Қазақстанның Оңтүстік (Пахтаарал), Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан және Батыс Қазақстан облысының Камен (қазіргі Тасқала), Чапаев, Қаратөбе аудандарынан жауынгерлер алынды. Жалпы құрамының 60 пайызы қазақтар болған екен. Құрамында 863, 884 және 893-атқыштар полкі, 725-артиллериялық полк, 228-ші дербес танкке қарсы жоюшы дивизион, 262-барлау ротасы, 353-ші сапер батальоны, 455-ші дербес байланыс батальоны (572-ші дербес байланыс батальоны, 453-ші дербес байланыс ротасы), 99-шы медициналық-санитарлық батальоны, 506-дербес химқорғаныс ротасы, 239-автокөлік ротасы, 423-ші далалық наубайхана, 888-ветеринарлық дивизия лазареті, 1678-ші далалық пошта бекеті, 1251-ші (1079) Мемлекеттік банктің далалық кассасы болған. Қайта құрылған осы дивизия құрамындағы 2500 солдат пен офицерлері 1942 жылы шілде айынан бастап Сталинград шайқасына қатысты. 1942 жылы 26 сәуірден 1942 жылғы 9 маусымға дейін дивизия Сталинград қаласының Садовая және Прудбой бекеттерінде, ал 1942 жылдың 9 маусымынан 1942 жылдың 8 шілдесіне дейін 7-ші резерв армиясының құрамында, 1942 жылдың 9 шілдесінен 1942 жылдың 27 қыркүйегіне дейін 62-армия құрамында болған. Кейін 1942 жылы 28 қыркүйекте ұрыстан шығарылып, қайта жасақталуға жіберілді. Құрамында 400-дей солдат пен офицер қалған дивизия 1942 жылдың 1 қазан күні Сайқын бекетіне 2 шақырымдай жетпей, ауылдың оңтүстік жағында немістің тоғыз «Ю-88» ұшағының шабуылына тап болады. Бомбалау нәтижесінде вагондар жолдан тайып, өртеніп, 97 адам қаза болған, 112 адам жараланған. Бомбаның біреуі екі вагон арасында жарылған екен. Медицина қызметінің полковнигі, сол уақытта фельдшер, жаралыларды эвакуациялау бөлімінің бастығы болып қызмет еткен Николай Валерьянович Жданович жазғандай (23.02.1983 жылғы хатында), оқиға кезінде бір вагонда дивизия басшылығы, екіншісінде дивизияның жеке құрамы болған екен. Бомба жарылысынан эшелон бастығы, полковник Тищенко, дивизияның штаб бастығы, полковник Иван Коврыгин қаза тауып, ол кісінің жолдасы, II рангты әскери дәрігер ауыр жарақат алды. Бомба жарықшағы екі аяғын жұлып кеткен. Дивизия комиссары Иван Желамский алған жарақатынан капитан М. С. Лавровтың қолында қайтыс болған. Дивизия командирі, полковник Василий Иванов вагоннан ұшып кетіп, контузия алған. Сол жерде жаралыларға әскери фельдшер В.Жданович және медбике Тамара Мишина алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткен. Жаралылар Жәнібектегі №1584, Эльтондағы №415 бекеттерде орналасқан госпитальдарға жіберілген. Жәнібек госпиталіне 66 жаралы түскен. Олардың ішінде подполковник Андрей Иваницкий, аға батальон комиссары Соломон Фрейдц, аға лейтенант Борис Лукашев, лейтенанттар Александр Багров, Яков Витенко, Николай Серебряков, саяси жетекші Василий Соловьев, дивизия прокуроры Василий Чуев, 99-дербес медициналық-санитарлық батальонының медбикесі Зинаида Рыбак болған екен. Ауыр жағдайда түскен жауынгерлердің кейбіреуі қайтыс болған. Олар - медбике Ольга Печкарева, 572-дербес байланыс батальонының аға лейтенанты Алексей Анненков, кіші әскери техник Степан Краморенко, кіші сержант Петр Гнездилов, қатардағы жауынгер Василий Можар, Николай Пряхин. Жаралылардың екінші бөлігі Эльтон бекетіне жөнелтілген. Бірақ та бұл госпитальде жаралылар тізімі сақталмаған. Жоғарыдағы жәйт туралы дивизия ардагері, 4-бөлімнің 1-ранг техник-интенданты, Киев қаласының тұрғыны Иван Сухенко (2002 жылы қайтыс болған) 1981 жылы 16 мамырда өз естелігін жазып қалдырған екен. Мұндай естелік Мәскеу қаласында тұратын дивизия командирі Василий Ивановтан, Евгений Куропатковтан т.б. ардагерлерден (барлығы 80-нен астам) келіп түсті. Бауырластар зиратын іздестіру барысында Мәншүк Мәметова атындағы орта мектептің «Қызыл ізшілер» тобына Сайқынның байырғы тұрғыны, сол қайғылы оқиға куәгері Наталья Полякова көмектесті. 1984 жылы тамыз айында табылған сарбаздардың сүйегі сол жылдың 2 қазаны күні халық депутаттары Орда аудандық кеңесі атқару комитетінің қарарына сәйкес мәдениет үйінің (қазір спорт мектебі) саябағына қайта жерленді. 1987 жылы Орда аудандық коммуналдық шаруашылық комбинаты қаржысына Ресейдің Волгоград қаласының арнайы ғылыми-реставрациялық өндірістік шеберханасында жасалған обелиск 9 мамырда салтанатты түрде ашылды. Қара мәрмәр таспен қапталған ескерткіш екі стелладан тұрады, ортасында Отан соғысы ордені бар. Кейін 2009 жылы Бөкей ордасы ауданының әкімі Рахман Карин тұсында ескерткішке күрделі жөндеу жасалып, қазіргі қалыпқа келтірілді. Осы дивизияның қайғылы оқиғасы туралы Мұрат Жәкібаевтың «Жеңіс тарихы» атты деректі фильмінің «Сайхин. Сокращения штатов» атты сериясында бейнеленген. Ал 2008 жылдың тамыз айында М.Мәметова атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі А.Құрымбаев Мәскеу қаласында тұратын дивизия ардагері, 62-Армия ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.П.Куропатковтың үйінде болып, дивизия туралы «От батальона до армии» атты кітабын алып келді. Сайқын ауылында М. Мәметова атындағы жалпы білім беретін орта мектептің әскери-даңқ мұражайында дивизияға арналған көрме бұрышы бар. Күні бүгінге дейін қаза болғандардың отыздан астамы анықталды. Олар: 1. Желамский Иван - аға батальон комиссары; 2. Коврыгин Иван - полковник, штаб бастығы; 3. Цветков Михаил - лейтенант, 725-артполктің взвод командирі; 4. Малов Петр - саяси жетекші, капитан; 5. Филоненко Митрофан - қатардағы жауынгер; 6. Тищенко Павел - подполковник, артиллерия басшысы; 7. Перепелица Федор - 1906 жылы Орынбор облысы Адамов ауданы Айдаралы ауылында туған. Ардагерлер хаттарында Сайқын маңында қаза болған деп жазады; 8. Голованов Василий - аға сержант, 725-артполктің зеңбірек командирі; 9. Достоев - 355-дербес сапер батальонының қатардағы жауынгері; 10. Игомов Артан - 355-дербес сапер батальонының қатардағы жауынгері; 11. Азоров Виктор - кіші сержант, бөлімше командирі, дербес сапер батальоны; 12. Николаев Николай - сержант, 355-дербес сапер батальонының аға хатшысы; 13. Куванцев Александр - кіші лейтенант, 355-дербес сапер батальонының взвод командирі; 14. Савельев Михаил - кіші лейтенант, 355-дербес сапер батальонының взвод командирі; 15. Ишимов Алексей - кіші лейтенант, 355-дербес сапер батальонының взвод командирі; 16. Колесниченко Иван - аға сержант, 355-дербес байланыс батальонының бөлімше командирі; 17. Ермоленко Григорий - қатардағы жауынгер, 239-автокөлік ротасының жүргізушісі; 18. Бездуднев Иван - кіші сержант, 239-аутокөлік ротасының бөлімше командирі; 19. Толкачев Пантелей - қатардағы жауынгер, 572-дербес байланыс батальонының радисі; 20. Шаулов Виктор - аға лейтенант, аға адъютант, 572-дербес байланыс батальоны; 21. Быватов Иван - капитан; 22. Дреев Петр - аға лейтенант, 725-артполк штаб бастығының көмекшісі; 23. Молодыко Федор - саяси жетекші, 725-артполктің дивизия комиссары; 24. Дидин Степан - сержант, 725-артиллериялық полктің аға минометчигі; 25. Гришанов Алексей - аға сержант, 725-артполктің артиллерия шебері; 26. Дьяков Иван - қатардағы жауынгер, 725-артполктің тракторшысы; 27. Матвиенко Сергей - қатардағы жауынгер, 725-артполктің барлаушысы; 28. Апарин Иван - саяси жетекші, 196-атқыштар дивизиясы көлік ротасының әскери комиссары; 29. Такеев Жаменке - қатардағы жауынгер, атқосшы; 30. Филоненко Митрофан - қатардағы жауынгер, атқосшы; 31. Шауленов Елеумыс - қатардағы жауынгер, наубайханашы; 32. Шситов Таургалий - қатардағы жауынгер, наубайханашы. Қалғандары белгісіз (мәлімет Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағаты және http://www.obd-memorial.ru сайтынан алынды). Сталинград шайқасы кезінде дивизия қоршауға түскен кезде құжаттар жойылған, бірақ кейін қоршаудан аман-есен шыққан. Дивизия құрамындағы қазақтардың аты-жөні ардагерлердің есінде қалмапты. Әйтпесе, осы тізімде қазақтар көп болуы мүмкін. Дивизияның әскери жорықтары: - 1942 жылдың маусымынан 1942 жылдың қыркүйегіне дейін Сталинград шайқасына қатысқан және осы шайқастағы ерлігі үшін дивизия «Қызыл Ту» орденімен марапатталған; - 1943 жылдың қаңтарынан 1943 жылдың шілде айына дейін Ленинград қаласын қорғауға қатысқан; - 1943 жылдың тамыз айында Синяв биіктігіндегі шайқастарға қатысқан; - 1943 жылдың желтоқсанынан 1944 жылдың наурызына дейін Ораниенбаум плацдармындағы шайқастарға қатысқан, Гатчина қаласын азат етіп, «Гатчинская» атағын иеленген; - 1944 жылдың наурызынан 1944 жылдың сәуіріне дейін Псков бағытындағы шайқастарға қатысқан; - 1944 жылдың мамырынан 1944 жылдың 17 маусымына дейін майдан резервінде әскери оқу-жаттығуда болған; - 1944 жылдың 26 шілдесінде дивизия Прибалтикаға бағыт алады және оны 1-ші Екпінді армияның 12-гвардиялық атқыштар корпусының құрамына қосады; - 1944 жылдың қыркүйегінен 1944 жылдың 13 қазанына дейін Рига қаласын азат етуге және осы бағыттағы шайқастарға қатысқан; - 1944 жылдың қазанынан 1945 жылғы мамыр айына дейін Рига шығанағы аймағы, Тукумс қаласы үшін шайқастарға және фашист Германиясының Курлянд тобын талқандауға қатысқан; 196-атқыштар дивизиясының әскери жорығы кезінде басшылық еткендер: 1. Комбриг Аверин Дмитрий Васильевич (1941 жылғы желтоқсаннан 1942 жылдың 7 тамызына дейін, қаза болған). 2. Полковник Иванов Василий Поликарпович (1942 жылдың 17 тамызынан 1942 жылдың желтоқсанына дейін). 3. Генерал-майор Ратов Петр Филиппович (1942 жылдың желтоқсанынан 1944 жылғы 31 тамызға дейін). 4. Полковник Паршуков Николай Васильевич (1944 жылдың 31 тамызынан таратылғанға дейін). Айта кетейік, қазіргі таңда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай бүкіл ескерткіш, бауырластар зираты жөнделіп, қалпына келтірілуде.