Ұлы Жеңіске 70 жыл: БҚО-да қаһарман ақын Абдолланың 100 жылдығына арналған шаралар жалғасуда
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Отқа оранған жастық» атты көрме ашылып, «Жалындап өткен жас ақын» тақырыбында әдеби кеш ұйымдастырылды. Шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Айман Қуатова, мәдениет қайраткері Сара Танабаева, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков, әдебиетші-ғалым, профессор Серікқали Шарабасов естеліктерімен бөлісіп, Абдолла Жұмағалиевтің есімін ел есінде мәңгі қалдыру бағытында әлі де жұмыстану қажеттігін атап көрсетті.
Мәскеу түбіндегі ауыр шайқастардың бірінде негізгі күштің шегінуіне мүмкіндік жасап, қалың жаумен арыстанша арпалысып, өзі бекінген үйде өртеніп кеткен ақынның ерлігі кезінде елеусіз қалды. Арада 70 жылдан астам уақыт өтсе де, А.Жұмағалиевке Батыр атағы әлі берілмей келеді. Қазіргі кезде оған Халық қаһарманы атағын беру жөнінде ұсыныстар айтылып, оның жерленген жерін анықтап, белгі қою, Орал қаласында көшеге есімін беру жұмыстары ойластырылуда.
Еске сала кетейік, Абдолла Жұмағалиевтің 100 жылдығына арналған негізгі шаралар 5-6 мамырда Сырым ауданы орталығы Жымпиты және туған жері - Жосалы ауылында өтеді. Онда ақынның жаңа кітабының таныстырылымы болып, ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылмақ. Жосалыда А.Жұмағалиев атындағы орта мектепте мүсіні ашылып, мерейтойлық жиын ат бәйгесі, палуандар күресі сынды дала қызықтарына ұласады.