Ұлы Жеңіске 70 жыл: Қазақтың батыр қыздары Жеңіске аз үлес қосқан жоқ (ФОТО)

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Қазақтың батыр қыздары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, онда Елбасының «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру мақсатында еліміздегі ерлік дәстүрін насихаттау, соның ішінде Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сынды қазақтың батыр қыздарының қаһармандығын үлгі ету арқылы патриоттық тәрбиені жақсарту мәселелері талқыланды.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы және БҚО ішкі саясат басқармасы бастаған батысқазақстандық ұйымдар бірлесіп ұйымдастырған жиында алдымен «Казахстанцы - герои Советского Союза: У войны не женское лицо» деректі фильмі көрсетіліп, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық академиясының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаеваның «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары» атты кітабы таныстырылды.

БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенованың атап өткеніндей, Ұлы Отан соғысында майданға өз еркімен аттанып, Жеңіске өз үлесін қосқандар арасында қазақ қыздары аз болған жоқ. Бүгінгі ұрпақ Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Халық қаһарманы Хиуаз Доспановалармен бірге қан майданда ерлермен бірге шайқасқан Ғарифа Мәжитова, Замиха Наушева, Рабиға Зайнуллина, Мәлика Тоқтамышева, Нұрғаным Байсейітова, Майра Мақатова, Роза Момынова, Әсия Ғалымова, Қаламсия Ермекова және басқаларының есімдерін құрмет тұтады. Күні бүгін өңірде барлығы 170-тей ғана майдангер қалды. Оларға деген қамқорлық та үнемі назарда болмақ.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко Ұлы Отан соғысында әйелдердің де майданның алдыңғы шебінен табылып, ерліктің небір үлгілерін көрсете білгеніне тоқталды. Пулеметші Мәншүк, мерген Әлия, ұшқыш Хиуаз сынды үш батыр қыздың қаһармандығы еш уақытта халық жадынан өшпек емес. Қыздардың талайы майданда қаза тапты. Мысалы, негізінен әйелдерден тұратын медицина қызметкерлерінің шығындары атқыштар құрамаларынан кейінгі орынды алады екен. Сонымен қатар тылда да әйелдер аянбай еңбек етті. Қорғаныстық мақсаттағы кәсіпорындарда, мұнайгаз, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өзге салаларда нәзік жандылар аз болған болған жоқ, қайта сонда жұмыс жасайтындардың басым бөлігін құрады. 1989 жылы Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова мұражай-үйі жанынан құрылған «Фронтовичка» клубы сол кезден бері жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге өз үлестерін қосып келеді. Осындай бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыру ортақ парыз екендігі айдай анық.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы гендерлік жобасының менеджері Рашида Наубетова Ұлы Отан соғысына аттанған әйел-қыздардың бірқатарының майдан және өмір жолдары туралы деректерді әлі де іздестіру, нақтылай түсу қажеттігін атап өтті.

Конференция барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков қазақ қыздарының ел анасы, қоғам қайраткері ретіндегі рөлін тек Ұлы Отан соғысымен шектемей, арғы тарихтан, ата-баба дәстүрлерінен бастау алатынын айтып, кеңінен қарастырды. Сондай-ақ жиында тарих ғылымдарының докторлары, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ләйла Ахметова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті Аққали Ахмет және басқалары тақырып аясында баяндама жасаса, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Ұлы Отан соғысында әуеге 300-ден астам рет көтеріліп, әскери тапсырмаларды абыроймен орындаған Хиуаз Доспанованың ұлы Ерболат Әміров естеліктерімен бөлісті.