Ұлы Жеңіске 70 жыл: Майданда Батыр атағына ұсынылып, елде Еңбек Ері атанды

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысы тарих қойнауында қалса да, оның елге салған ауыртпалықтары ұмытылмақ емес. Майданда ерлер жаудың бетін қайтарса, елде еңбектеген баладан еңкейген кәрілерге дейін Жеңіс үшін бел жазбай, еңбек етті. Соғыс талай шаңырақты ортасына түсірді, талай боздақ ерлікпен қаза тапты, кейбірі мүлдем хабарсыз кетті. Соның бірі қазіргі Сырым ауданында өсіп-өнген Дауым Бисенбаевтың үш қыз, алты ұлы болса, соның бесеуі майданға аттанды.

Отбасының ұлдан үлкені Кәрім, оның інілері Есламғали мен Нәби соғыста қаза тапса, шаңырақтың кенжесі Қайыр ФЗО-ға алынып, ол да елге оралмады. Сөйтіп қыршын кеткен төрт бірдей ағайынды жігіттің үшеуі мүлдем ұрпақсыз өтті. Қыздың кішісі Жәмила да ФЗО-ға алынып, ол Ресейдің Кемерово облысында тұрмыс құрып, тұрақтап қалған. Соғыстан тірі қайтқан Жұбаныш пен Ерғали ғана.

Дауымов Жұбаныштың ұлы, еңбек ардагері Сағын дәл сол қанқұйлы соғыс басталар жылы, наурыз айында өмір есігін ашқан екен. Оның айтуынша, атасы Дауым қаршығадай болғанмен, қайратты кісі екен. Шідертіде биік етіп үй тұрғызған, соғыс жылдары үлкен отбасы соған сыйып, амалдап күн кешкен.

Әкесінің ағасы, 1906 жылғы Кәрім Жымпиты ауданы «Бірінші май» колхозында басқарма болып жүрген жерінен 1942 жылы әскерге алынған. Соғысқа кіргені жөнінде жалғыз хат келген. 415-атқыштар дивизиясы 1326-атқыштар полкінде минометші болған Кәрімнің сол жылы 9 тамызда Смоленск облысы Сычев ауданында қайтқаны жөнінде «қара қағаз» келген. Майданға аттанарында жары Балсұлуды екі ұл, төрт қызымен Шідертідегі үйге көшіріп әкеліп, кіргізіп кеткен. Колхозда сауыншы, бұзау бағушы болып еңбек еткен Балсұлу алты баласын жеткізіп, тоқсаннан асқан шағында, 1996 жылы көз жұмды.

1910 жылғы Жұбаныш майданға 1941 жылдың қарашасында аттанып, Воронеж, Степной, Калинин, І-Прибалтика, ІІ-Прибалтика, Ленинград майдандарында кескілескен ұрыстарға қатысқан. Екі мәрте екінші дәрежелі Отан соғысы ордені, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ерлігі үшін» және басқа медальдармен марапатталған ол елге 1945 жылдың қараша айында оралып, түрлі салада абыройлы еңбек етті. Әсіресе, 1955 жылы «Бірінші май» колхозынан қой фермасының меңгерушісі ретінде Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Зайыбы Қамия екеуі төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді.

Батыс ерекше әскери округі 1-атқыштар корпусы, Ленин орденді 85-атқыштар дивизиясы 141-атқыштар полкінде Гродно қаласында қызмет еткен 1919 жылғы Есламғали айдаһардай анталаған күші басым жаумен алғаш айқасқандардың бірі еді. Минск қаласы маңында қоршауға қалып, тұтқынға түскен. Польшадағы «Шталаг 307» лагерінде талай азапты бастан кешкен. Ақыры 1942 жылғы 6 тамызда Скробовта қазаға ұшыраған.

1923 жылғы Нәби де майданға бірінші лекте, 1941 жылдың шілдесінде аттанғандардың бірі-тін. 60-атқыштар дивизиясы 1281-атқыштар полкінде соғысқан ол 1943 жылы 26 ақпанда Курск облысы Дмитриев ауданы Кузнецов селосы үшін болған шайқаста оққа ұшты. 1929 жылғы Қайырдың ФЗО-да жүріп, неден қайтқаны белгісіз күйінде қалды.

1911 жылы дүниеге келген Ерғали Дауымовқа ерекше тоқталып, бөлек әңгімелеген жөн болар. Әуелден-ақ оған Ерғали деген есімді тегін бермеген секілді. Ер десе, ер еді. Еңбек жолын «Шідерті» колхозында есепші болып бастаған ол соғысқа дейін-ақ біраз биікті бағындырып үлгерді. Әуелі Қостанай облысы Қарабалық ауыл шаруашылығы техникумында, кейін Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында білім алған Ерғали 1937-1939 жылдары Қиыр Шығыстағы Хасан көлінде жапондармен шайқасып, майдан дәмін татты. Жымпиты аудандық жер бөлімінде зоотехник болғанымен, оған қоса әскери міндетті офицер ретінде аудандық әскери комиссариатта жалпыға бірдей төтенше жұмылдыру жоспарын жасаумен айналысқан. 1941 жылдың 17 маусымында запастан қызыл әскердің кадрлық құрамына қайта шақырылып, Жымпиты аудандық әскери комиссариаты жұмылдыру бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Осылай қызметін атқарып жүре беруге де болатын еді, бірақ ел басына қиын-қыстау күн туған сәтте, 1942 жылғы тамызда майданға аттануды жөн көрді. Бас қолбасшының резервіндегі 4-артиллериялық корпус 12-артдивизия 46-жеңіл артиллериялық бригадасының 786-полкінде взвод командирі болып тағайындалған Е.Дауымов атақты Курск иініндегі жан алып, жан беріскен ұрыстарға қатысты. Мұнда оның взводы да ерлігімен ерекше көзге түсіп, дұшпанның танкілерін, қару-жарақтары мен жауынгерлерін қиратып, жер жастандырып, қолға түсірді. 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына орай «Қазақ әдебиеті» газетінде ақын, журналист Қайырбек Асановқа берген сұхбатында майдангер сол бір аласапыран шақты еске түсіреді. Бірде штаб бастығы бұған барлау мәліметтерін шұғыл жеткізуді бұйырады. Бұл алғы шепте деректерді алып, блиндаждың есігіне қарай жүре бергенде, «Жолдас командир! Сызғышыңыз түсіп қалды» деген дауысты естиді. Сол бойда иіліп, сызғышты ала бергенде, құлақ түбінен жау оғы зу етіп өте шыққандай болады. Етбетінен құлаған оның оң жақ жауырыны жараланған екен. Егер сол тұста сызғышқа иілмесе, опат болуы әбден мүмкін еді. Кездейсоқ оқиға осылайша жанын аман алып қалған-ды. Одан кейін де талай бораған оқ, атылған снаряд, жарылған миналардан сау өткен Ерғали Дауымов 1945 жылдың 20 наурызында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Полк командирі, подполковник Извеков қол қойған марапат қағазында аға лейтенант, барлаушылар тобының бастығы Е.Дауымовтың қаһармандық ерлігі баяндалады. 1945 жылы 5 ақпанда жаяу әскер мен артиллериялық барлаушылар тобын бастап Одер өзенінен өткен Е.Даумов батыл қимылдап, жау күшінің басымдығына қарамастан, Лебус қаласының солтүстік бетіндегі биіктікті бағындырып, бекінеді. Осы айқаста жаудың қырық жауынгері жер жастанса, соның жетеуінің көзін Дауымовтың бір өзі құртып, екеуін тұтқынға алады. 7 ақпан күні дұшпан биіктікке бекінген 1-атқыштар батальонын кейін ысырып тастамақ болып, үш рет қарсы шабуылға шықса да, мақсаты орындалмайды. Ақыры таңдаулы 216-ыншы «СС» батальонын іске қосады. Осы кезде Дауымовқа 35 адамнан тұратын артиллеристер тобын басқарып, биіктікті қалайда бермеу туралы бұйрық беріледі. Е.Дауымов жеке басының қауіпсіздігін ойламай, жауды 30 метрге дейін жақын жіберіп, автоматтардан оқ жаудырып, гранаталарды лақтыруды бұйырады. Дұшпанның кідіріп қалғанын пайдаланған Дауымов өз тобын қарсы шабуылға көтеріп, жаудың күшін біржолата тойтарып тастайды. Шайқас орнында 70-тен астам жаудың мүрдесі, үш қол пулеметі, басқа да қару-жарақтары жайрап қалады. Лебус қаласы үшін ұрыста 8-9 ақпан күндері Дауымов алғы шептегі бақылау бекетінде дивизионға бағыт сілтеп отырды. Соның арқасында дивизион шабуылға шыққан 1-атқыштар батальонын оқпен демеді. Дивизионның дәл атуы арқасында жаудың ротаға жуық әскері, 6 пулеметі, бір бақылау бекеті, екі артбатареясы, реактивті қондырғысы жойылды. Батальон Лебус қаласын басып алды. Міне, осындай ерлігі үшін Е.Дауымов Батыр атағына лайық болатын. Алайда аталмыш құжатқа, асығыстықтың салдары ма, неліктен екені белгісіз, гербісі бар мөр соғылмай, ол полк штабына қайтып келеді. Сол үшін мұны полк штабына қайта шақыртады. Ол соған барғалы жатқан кезде дивизия командирі, генерал-майор Курковскийдің «Барлық командирлер орындарында болсын» деген бұйрығы жетеді. Амал жоқ, Ерғалиға өз орнында қалуға тура келеді. Мамыр айында Берлин қаласына шабуыл жасалған кезде бригада командирі, генерал Колесников Батыр атағына ұсынылғанына екі ай уақыт өтіп кеткенін, енді оны алуға кеш екенін жеткізеді. Сөйтіп оған Батыр атағына ұсынғаны жөніндегі қағазды ескерткіш ретінде қайтарып береді. Кейін, 1945 жылғы 11 мамырда Е.Дауымов Александр Невский орденіне де ұсынылады, бірақ оның орнына бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені қолына тиеді. Дегенмен екі мәртеден «Қызыл Жұлдыз» және бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерін, бір рет «Қызыл Ту» орденін өңіріне тағуының өзі оның ешкіммен кем соғыспағанын айқын аңғартады. Бұған әлденеше рет, соның ішінде Берлин түбінде жау әскерін талқандауға қосқан үлесі үшін Бас қолбасшы И.Сталиннен алған алғыстарын қосыңыз. Батыр атағының берілмеуі, оның үстіне дәрежесі төмен ордендермен қайта-қайта марапатталуы соғыс кезіндегі әділетсіздіктің немесе дұрыс бағаламаудың салқыны тигенін көрсетіп-ақ тұрғандай. Бейбіт кезеңде Батыр атағын алу үшін ұрпақтары жоғары органдарға жазғысы келген екен, оған майдангердің өзі рұқсатын бермепті.

Германияда бір жыл қызмет етіп, елге 1946 жылы оралған Ерғали 1953 жылға дейін Жымпиты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас зоотехнигі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы, Орал ауыл шаруашылығы мектебінің директоры болды. 1953 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқытушы болып ауысты. СОКП Орталық комитеті мен Министрлер кеңесінің «Колхоздарды басшы кадрлармен одан әрі нығайту жөніндегі шаралар туралы» 1955 жылғы 25 наурыздағы үндеуі мен қаулысы негізінде экономикасы төмен колхоздарды көтеруге 30 мың коммунист жіберіледі. Солардың қатарында Е.Дауымов Жамбыл облысы Мерке ауданы Сталин атындағы (кейін «Қазақстан» атанған) колхозды қабылдап алып, екі-ақ жылдың ішінде оны алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналдырады. Колхозшылардың тұрмысы күрт жақсарып, мектеп, клуб, балабақша бой көтеріп, 1956 жылы астықтан тапсырма артығымен орындалады. Колхоз шаруашылықтың барлық саласы бойынша облыста бірінші орынға көтеріліп, соның нәтижесінде Е.Дауымов КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1957 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атанды. «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» деген осы болса керек, бұл, бәлкім, майданда алмаған Батыр атағының өтеуі де болар. Кейін ауыл шаруашылығы саласында басқа да қызметтерді атқарған Еңбек Ері 1997 жылы Алматыда қайтып, топырақ Кеңсайдан бұйырды. Үш қызынан қалған ұрпақтары әр тарапта тұрып жатыр.

Жымпиты, Қаратөбе аудандарында статистика, салық комитеті саласында ұзақ жыл басшылық қызмет атқарып, бүгінде ұрпақ қызығын көріп отырған Сағын Жұбанышевтың сөзіне қарағанда, қос майданның қаһарманы деуге лайық Ерғали Дауымов туған жерінде елеусіз қалғандай көрінді. Сырым аудандық мәдениет үйінде суреті ілулі тұрғаны болмаса, мектеп түгілі, әлі күнге дейін көше аты да берілмеген екен. Осы олқылықтың орнын Сырым ауданы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай толтырады деп үміттенеміз.

Соңғы жаңалықтар