«Ұлы Жеңіске мың тағзым» атты сурет байқауы мәреге жетті

СТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада Қазіргі заманғы өнер мұражайында «Ұлы Жеңіске мың тағзым» атты сурет байқауының жеңімпаздары марапатталып, олардың еңбектері қойылған көрме ұйымдастырылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байқауға бейнелеу өнерінде ерекше қабілетімен көрініп жүрген 4-14 жас аралығындағы барлығы 257 жас суретші қатысты. Конкурстың басты мақсаты - сурет өнеріндегі талантты балаларды анықтау, балалардың шығармашылық және көркемдік қабілеттерін жетілдіру, туған елдің батырларын, ардагерлерін құрметтеп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Соғыс тақырыбына арналған туындылар кескіндеме, мүсіндеу, қолданбалы көркемөнер жанрлары бойынша орындалды.

Ұлы жеңістің 65 жылдығына арналған шара «Нұр Отан» ХДП-нің Астана қалалық филиалы, қалалық Білім басқармасы және «Томирис» іскер әйелдер клубының қолдауымен өткізілді.

Қазылар алқалары алдарына келген туындылардың басым бөлігінде жастардың Отанға, елге деген сүйіспеншіліктері, жалпы Қазақстан азаматы ретіндегі патриоттық сезімдері көрініс тапқан. Жас дарындар өз еңбектерінде дамыған, гүлденген Қазақстанды көрсетуге тырысқан.

Қазіргі заманғы өнер мұражайында «Ұлы Жеңіске мың тағзым» балалар туындыларының көрмесі бір айға жалғасады.