Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ардагерлер ұйымдары мен бірлестіктері ұйымдастыру комитетін құрды

АЛМАТЫ. 17 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ардагерлер ұйымдары мен бірлестіктерінің «Міндет» ұйымдастыру комитеті 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 70 жылдығына орай Үкіметке, Парламентке және жұртшылыққа үндеу жолдады.

«Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровтың айтуынша, «Міндет» деп аталатын ардагерлер ұйымдары мен бірлестіктерінің республикалық ұйымдастыру комитеті 13 шілде күні құрылған. Ол 2015 жылы 70 жыл толғалы отырған Ұлы Жеңіс күнін лайықты атап өтуге арналып отыр. Ұйымдастыру комитетін Генералдар кеңесі, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, ауған соғысы және өзге де қақтығыстарға қатысушылардың үйлестіру орталығы, 52 ардагерлер ұйымдарының бірлестігі, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Прокуратура, Шекара және Ішкі әскерлер ардагерлер бірлестіктері құрып отыр. Мақсат - «Ешкім де ұмытылған жоқ, ешнәрсе де ұмытылмайды!» деген қанатты сөзді жаңғырту арқылы тарихты жаңғырту. Батырларды ұлықтай отырып, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге ықпал ету.