«Ұлы Жібек жолы» туралы жаңа кітап жарық көрді

АЛМАТЫ. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Иран, Сирия, Египет, Түркия, Италия елдеріндегі тарихи-мәдени мұралар туралы «Ұлы Жібек жолы» деп аталалатын жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл жазушы-публицист, режиссер-документалист, тележурналист Анвар Мамраимовтың әйгілі Жібек жолы туралы бесінші кітабы болып отыр.

«Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылған бұл кітапқа 500-ден астам фотосуреттер еніп отыр. Жалпы менің тележурналист ретіндегі алғашқы жолжазбаларым «Ұлы Жібек жолындағы кездесу» деген атпен 1991 жылы жарық көрген болатын. Одан кейін оның кеңейтілген нұсқасы 2000 жылы басылды. 2009 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «Ұлы жібек жолындағы киелі жерлер» жарық көрді», - дейді А. Мамраимов. Оның айтуынша, Жібек жолы бойындағы қалалар мен өзге де сәулет ескерткіштерінің бәрі бірдей әлі жұртшылыққа таныс емес. Салт-дәстүрі мен ұстанатын дініне қарамастан өзара тату-тәтті өмір сүрген Жібек жолы бойындағы халықтардың әлемдік мәдениетті дамытуға қосқан үлесі орасан зор.