Ұлы Жібек жолымен жаңа экспедиция жолға шықты
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараны «Has Sanat» Мәдениетті дамыту ұлттық қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. 46 адамнан тұратын топтың ішінде мәдениет және өнер қайраткерлері, журналистер, ұйымдастыру комитетінің телевизиялық түсіру тобы мен қызметкерлері бар. Ресми жүрудің салтанатты рәсімі бүгін Астана қаласының ескі алаңында, Абай ескерткішінің алдында басталып та кетті.
Алдын-ала дайындық жүрісіне құрамы 5 адамнан тұратын топ жол талғамайтын 2 көлікпен экспедицияның негізгі көшелерімен аттанады. Бірінші кезеңде экспедиция мүшелері Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерді суретке түсіріп, бейне таспаға жазу жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері және Елшілік қызметкерлерімен танысып, қазақ диаспораларымен кездесу де қарастырылған. Ал Жібек жолының тарихы жайында деректі фильм түсіру үшін ірі ғалымдардың пікірлеріне сүйенетін болады.
«Экспедиция Қазақстанның 10 облысының аумағында болып, 30-дан аса тарихи және мәдени ежелгі археологиялық ескерткіштерді және 3-5 мың жыл бұрынғы бірегей тарихи маңызы бар орындарды аралайды. Онан соң Ресей арқылы басқа да Жібек жолы бойындағы елдерге жол тартады. Жоба аясында 16 елдің әрқайсысында Қазақстанның қазіргі заманғы суретшілерінің туындылары қойылған көрмелер, «Скифтер алтыны» көрмесі және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылады», дейді экспедиция жетекшісі Жақметбеков Мәулен. Оның айтуынша, жоба жұмысынан соң, түсірілген және жинақталған деректер негізінде Ұлы Жібек жолы қалалары туралы ғылыми-деректі фильмдер топтамасы жасалады. Сонымен бірге, Қазақстанның архитектуралық ескерткіштерінің жаңа картасы, автокөлік жолдарының картасы және Ұлы Жібек жолының географиялық картасы құрылады деп жоспарланған.