Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты арттыра түседі - З. Аманжолова

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Көне Ұлы Жібек жолының бүгінде қайта жаңғыруы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты арттыра түседі. Бұл туралы бүгін Алматыға «Қытай-Қазақстан» достық және ынтымақтастық керуенін бастап келген қытайлық делегацияны салтанатты жағдайда қарсы алу барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ұлы Жібек жолы бүгінде екі ел арасында өзара әрекеттестік және ынтымақтастық жолына айналуда.

«Қытай-Қазақстан» достық және ынтымақтастық керуені бұдан бір жыл бұрын Қытайдың Сиань қаласынан шыққан болатын. Бүгін міне Алматы қаласына келіп жетті. Мен осы керуенді алып келген қытайлық делегацияға «Қош келдіңіздер!» дегім келеді. Біз бұған өте қуаныштымыз. Бүгін сонымен қатар, Алматыда Қала күні тойланып жатыр. Яғни, «Той - тойға ұласты» деген сөз. Керуен көне Ұлы Жібек жолы арқылы келіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, биыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтіліп жатыр. Осы тұрғыда «Қазақстан-Қытай» достық және ынтымақтастық керуені - бұл қытай халқының Ұлы Жібек жолы арқылы бізге жеткізген ыстық сәлемі», - деді З. Аманжолова.

Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары бүгін Мәдениет және демалыс орталық саябағына жиналған жұртшылықты Қала күнімен құттықтады.

«Алматы - Қазақстан халқының тарихында ерекше орын алатын қала. Қазақстандықтардың басым көпшілігінің өмірі мен тағдыры Алматымен тығыз байланысты. Сондықтан баршаларыңызды осы Қала күнімен өз атымнан және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбектің атынан шын жүректен құттықтаймын», - деді З. Аманжолова.

Айта кетелік, бүгін Қала күні қаланың барлық аудандарында және ҚР Тұңғыш Президенті саябағында атап өтіліп жатыр.