Оның айтуынша, 17-18 қыркүйек аралығында Ұлыбританияның Экспорттық қаржыландыру агенттігінің төрағасы Луи Тейлордың Астанаға жұмыс сапары болады. Оның барысында бірқатар қазақстандық министрліктер мен ұлттық компаниялардың басшыларымен кездесулер жоспарланған. Ұлыбританияның Экспорттық қаржыландыру агенттігі экспорт, мердігерлік және қызмет көрсету бойынша операцияларды қаржыландыру мен несиелеудің бірыңғай операторы болып табылады және Ұлыбританияның Қазынашылығына есеп береді.
«Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің деректері бойынша, қазіргі таңда, UKEF тарапынан еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі келісімшартының пайдасына қаржылық қолдау көрсету жөнінде келіссөздер жүргізілуде», - деді СІМ өкілі.
Айбек Смадияровтың айтуынша, британдық инжинирингтік компания Worley Parsons Қазақстанның ауылдық аймақтарын сумен жабдықтау жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп жатыр.
«Жалпы, британдық тараптың деректері бойынша, UKEF қазақстандық инфрақұрылымдық жобаларға 2 миллиардтан 3 миллиард АҚШ долларына дейін жеңілдік негізде несиелік қаржыландыруды қамтамасыз етуге дайын»,- деді ол.