Ұлыбритания парламентіндегі атыс: Өлгендер мен жараланғандар бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбритания парламенті маңына ондаған жаралы адамдар жатыр, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Британдық БАҚ-тардың соңғы мәліметтері бойынша, полиция парламент ғимаратында қолына пышақ ұстаған адамды атып өлтірген. Ал мұның алдында Вестминстер көпірінде машина бес адамды қағып, соңынан қоршауға соғылған.

ВВС орыс қызметінің атыс кезінде ғимаратта болған тілшісі Кевин Шофилдке сілтеме жасап хабарлауынша, сырттан қатты соққыға ұқсас дыбыс, артынша адамдардың  айқай-шуы естілген. Журналист белгісіз біреудің полицейге шабуыл жасағанын көрген, сондай-ақ қаруланған ер адамды байқаған. Бұдан соң оқ атылып, көшеде қаруланған полиция қызметкерлері пайда болған. Сонымен қатар ол парламент ауласында біреуге алғашқы медициналық жәрдем көрсеткенін көрдім деп сендіреді.