Ұлыбританияда Домбыра күні ұлықталды
Айдардың айтуынша, домбыра - тек қос ішекті, көп пернелі ұлттық аспап қана емес, қазақ халқының мәдени мұрасы. Оны насихаттау үшін домбырасын Лондонға арнайылап ала барған. Студенттің негізгі мамандығы заңгер болғанымен жыр, толғау, терме және күйлерді жақсы орындайды. Оның бұл өнеріне бірге оқитын шетелдік қатарластары да дән риза. Қолы қалт еткен кезде Айдарға қолқа салады екен.
Пандемияға байланысты Лондон көшелерінде кісі қарасы азайғанымен құлақтан кіріп, бойды алар тәтті күйдің тыңдармандары табылды. Біріккен Корольдік танымал көрнекі орындарының бірі - Трафальгар алаңында ұйымдастырылған флешмоб көрермендері арасында музыкалық аспап пен ұлттық киімдерімізді танығандар да болды.
Айдардың алғашқы шағын концертін тамашалағандардың бірі - кениялық турист Йоби. Ол Қазақстанда бірнеше рет болып, тылсым табиғатына тәнті болған. Сонымен қатар Ұлы даланың бай мәдениеті мен өнерінен де хабардар.