Ұлыбританияда жаңа туған 7 нәрестені өлтірген медбикеге үкім шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Манчестер соты жаңа туған жеті нәрестені өлтірген медбике Люси Летбиді кешірім немесе мерзімінен бұрын босату құқығынсыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Бұл – британ заң жүйесіндегі ең қатал үкім.

Люси Летби ағылшын құқығы тарихында өмір бойына сотталған төртінші әйел болды.

Честер графинясы ауруханасында (Честер графтығындағы ұлттық денсаулық сақтау қызметінің негізгі ауруханасы) жұмыс істеген ол 2015 жылдың маусымы мен 2016 жылдың маусымы аралығында жаңа туған нәрестелерге бос шприцпен ауа салып өлтірді.

Ол сондай-ақ арам ойын жүзеге асыруға артық тамақтандыру және инсулинмен уландыру сияқты әдістерді қолданды.

Летбидің әріптестері оның сәбилер өліміне қатысы бар екенін алғашқы үш оқиғадан кейін күдіктенді, себебі барлық оқиға оның кезекшілігі кезінде болған.

Алайда аурухана әкімшілігі бастапқыда бұған аса мән бермеді.

Судья Люси Летби бір сәбиді өлтірген кезде танытқан ерекше цинизмге ерекше назар аударды.

Ол дәрігерлер нәресте өмірі үшін күресіп жатқанда бірге болып, құтқармақ түр танытқан.

Сондай-ақ, судья Летбидің жеті сәбидің өлімі мен денсаулығына ауыр зиян келтірген әр жағдайға егжей-тегжейлі тоқталды.

Әйелге қатысты сот процесінде оның тағы алты нәрестенің өміріне қастандық жасағаны дәлелденді.

Летби сот үкімін шығару кезінде сот залында болудан бас тартты.

Ұлыбританияда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы 1983 жылдан қолданыла бастады.

20 жылға жуық уақыт ішінде мұндай үкімді тек ішкі істер министрі шығарған, ал 2002 жылы шешім қабылдау құқығы судьяларға берілді.

Ұлыбританияда өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген алғашқы әйел Майра Хиндли болды.

Ол 1990 жылы кісі өлтіргені үшін сотталып, 2022 жылы түрмеде қайтыс болды.