Ұлыбританиядан келген Ресей азаматынан коронавирустың «британдық» штамы анықталды

МӘСКЕУ. ТАСС – ҚазАқпарат – Ұлыбританиядан оралған ресейлік азаматтан коронавирустың «британдық» штамы анықталды. Бұл туралы Роспотребнадзор басшысы Анна Попова «Россия-1» телеарнасының эфирінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

«Бір адамда коронавирустың жаңа штамы анықталды», - деді ол Ұлыбританиядан оралған РФ азаматтарын тексеру нәтижелеріне пікір білдіре отырып.

Оның айтуынша, коронавирустың «британдық» штаммы Ресейде алғаш рет былтырғы жылдың соңында тіркелген, ол адам қазір қауіпті емес.

«Біз былтырғы жылдың соңында қазіргі уақытта үрей тудырып отырған Ұлыбританиядағы сол штамның нұсқасы елімізде бар екенін анықтадық, тек бір адамда. Оның жағдайы жақсы болатын және қазір де жақсы. Азаматта аурудың еш белгісі болған жоқ. Ол қазіргі уақытта вирусты таратпайды», - деді ол.

Попова атап өткендей, вирус бұрынғыдан қауіптірек бола түскен жоқ. Алайда оның жұқпалылығы артқан.

Еске сала кетсек, өткен жылдың қарашасынан бастап екі ел арасындағы әуе қатынасы тоқтағанға дейін Ресейге Ұлыбританиядан 7 мыңнан аса адам ұшып келген. Оның 32-сінен коронавирус анықталды.

14 желтоқсанда Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Мэтт Хэнкок британдық ғалымдар коронавирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрін анықтағанын және ол Англияның оңтүстік-шығысындағы аурудың тез таралуына қатысы бар болуы мүмкін екенін хабарлады. Оның айтуынша, алдын ала талдау вирустың бұл түрі белгілі штамдардан да тез тарайтынын көрсеткен.