Ұлыбританияның жаңа Елшісі: Қазақстанның қонақжайлығына таңғалдым

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Елшісі Майкл Джон Гиффорд қызметіне ресми кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астанаға келгеніме бірнеше сағат қана болды. Алайда, қазірдің өзінде елдеріміздің қонақжайлығына таңғалдым және мен үшін осы жерде жұмысымды бастау зор құрмет. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыздың даму деңгейі қуантады және оны одан ары тереңдетуге зор әлеует бар екендігін көріп отырмын», - деді Елші бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа  сенім грамотасын тапсыру рәсімінен кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.

Оның айтуынша, Ұлыбритания Қазақстан экономикасына қаржы салған инвестиция көлемі бойынша алтыншы орында тұр. Еліміз тәуелсіздік  алған уақыттан бері Ұлыбритания 20 млрд доллардан астам инвестиция салған.

«Мұнай мен газ саласы ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы, ІТ-технологиялар, қаржы секторын дамыту сынды салаларында да етене серіктеспіз. Британдық компаниялар «Астана» халықаралық қаржы орталығын ұзақмерзімді қолдауға жұмылдырылған. АХҚО-ның құқықтық негізі ретінде ағылшын құқығының қабылдануы біздің екіжақты ынтымақтастығымызды одан ары нығайта түседі. Бұл Орталық Азияда шетелдік инвесторлар үшін ағылшын құқығы қолданылатын бірінші тәжірибе болмақ. Ұлыбритания АХҚО қызметкерлері үшін арнайы тренигтер ұйымдастырып, тәжірибесімен бөлісуге дайын», - деді Елші.

Мұнан бөлек, ол Қазақстан мен Ұлыбританияның әлемдік саясатқа қатысты екіжақы қарым-қатынасы өте жасқы деңгейде екендігін атап өтті.

«Қазақстанды 2018 жылдың қаңтарында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуімен құттықтағым келеді. Біз Қазақстанмен серіктестігімізді жоғары бағалаймыз. Ұлыбритания БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі және біз БҰҰ алаңында ұзақмерзімді бейбітшілік пен ынтымақтастықты дамытудағы терең ынтымақтастығымызды жалғастыруға ниеттеміз», - деді Джон Гиффорд.

Айта кетерлігі, Ұлыбритания Елшісінен сенім грамотасын қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлыбритания әлемдегі маңызды әріптесіміздің бірі екені сөзсіз. Екі елдің ынтымақтастығы өзара құрмет пен сенімге берік негізделген. Бүгінде Ұлыбритания Қазақстанның ірі инвесторларының және сауда әріптесінің бірі болып саналады. Менің 2015 жылғы Лондонға сапарым осы жемісті ықпалдастық пен екі елдің қарым-қатынасына тың серпін берді. Біздің саяси диалогымыз екі жақты форматта табысты дамуда», - деп атап өткен еді.