Ұлыстың Ұлы күні һәм Наурызды қалай тойлаған орынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ ежелден тойлап келе жатқан мерекесі - Наурыз. Наурызды еліміз Ұлыстың ұлы күні деп білген. Ұлыстың өзі мемлекет дегенді білдіретінін ескерсек, Ұлыстың Ұлы күні - мемлекеттің ұлы мерекесі деген сөз. Наурыз - Қазақстандағы  ең басты мемлекеттік мейрам болуы шарт. Расында, Тәуелсіздіктен бері Ұлыс мейрамына ерекше мән беріле бастады. Мемлекеттік деңгейде тойлануы үшін үш күндік демалыс мәртебесі берілді.

Ал 2009 жылдың 30 қыркүйегінде UNESCO Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізді. 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» ретінде аталып келеді. Бас Ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеген болатын.

Осынау маңызды мемлекеттік мейрамға қатысты белгілі тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаевтың әлеуметтік желіде келтірген пікірлерін оқырман назарына ұсынғанды жөн санаған еді.

«Ұлыстың ұлы күні» деген сөздің мағынасы туралы

Наурыз мейрамын қазақ «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Түрік-моңғол тілдес елдер «ұлыс» деп мемлекетті айтады. Бұл ғажап ұғым, бұл кішкене ғана сөз тіркесі Наурызды мемлекеттің ең басты мейрамы дегенді білдіреді. Қазақ халқының осындай керемет сөздерді сақтап қалғанына таң қаламын. «Ұлыстың ұлы күні» деген сөз қазақтың бұрын мемлекеті болмаған, ел болмаған деген секілді тағы да басқаша  былшылдап жүргендердің бәрінің аузына құм құятын тарихи дерек емес пе?!

Наурыз мейрамы Қазақстанды мекендеген сан түрлі этностардың басын қосатын нағыз халықтық мейрам. Тек қазақ емес, өзге де халықтардың арғы тарихында Наруыз болған. Соны біз ғалымдар жазуымыз, зерттеуіміз керек. Мәдениет саласындағы азаматтар бүгінгі күні Наурыз тойына жоғарыда айтылған әдет-ғұрыптарды кіріктіруі керек, яғни бәріміз қосылып Наруызды шын мәнінде жалпы халықтық мейрам есебінде жаңғыртуымыз керек. Соңғы кезде Қазақстандық сәйкестікті қалай қалыптастырамыз деген сияқты сұрақтар көтеріліп жүр. Мен айтар едім Наурыз сол мемлекеттік сәйкестікті (идентичность) қалыптастыратын ең мықты тетіктердің бірі деп.

Наурызды қазақ баласы өмірбақи тойлап келген, оның тарихы оны мың жылдан асатынын жоғарыда айттым. Әрине, қазақ баласы Сырдың бойында қыстап жүрген заманда, Түркістанда Әз Тәуке сияқты хандары отырғанда Наурыз тойы ерекше болған. Кейін хандықты жоғалтып Ресейдің боданы болғанда да Наурызды тойлай бердік, бірақ мемлекеттік мейрамды мемлекеті жоқ халық өз дәрежесінде қалай тойлайды?

Біртіндеп наурыздың мәртебесі түсе берді. Совет үкіметінің қазаққа жасаған қастандықтарының бірі ХХ ғасырдың 20 жылдары Қазақ автономия алғаннан кейін мәртебесі қайта жаңғыра бастаған мейрамды ескіліктің қалдығы деп тыйып тастады. Шындығында Совет үкіметі Наурыздың тәуелсіз елдің мейрамы, яғни «Ұлыстың ұлы күні» екенін өзіне сенімді ғалымдар арқылы біліп, анықтап барып шешім қабылдады.

СССР-де большевиктік темір тәртіп босаңсып, жариялылық, қайта құру кіргеннен кейін қазақ елі 1988 жылы бұл мейрамды қайта жаңғыртты.

Наурыз дәстүрлері

Наурыздың қазақтың дәстүр-салтын есіне түсіретін этнографиялық тойына айналып кеткені де рас. Әркім өзінің есінде қалғанын, білгенін істеп жүр. Біреулер келін түсіру ырымын жасайды, біреулер баланың тұсаукесерін өткізеді деген сияқты. Наурыз жаңа жылдың басы, бірнеше мың жылдық тарихы бар қасиетті мейрам есебінде тойланбай келеді. Менің ойымша, Наурыз біздің ұлттық жаңғыруымыздың, ұлт құндылықтарына көзқарасымыздың, ұлтжандылығымыздың көрсеткіші. Мен бұл жерде бір адамды, немесе халықты кінәлайын деп отырған жоқпын. Шамасы Ресей отаршылдығы, Совет үкіметінің қырып-жою саясаты қазақтың рухын, өзіндік санасын осындай ауыр деңгейге жеткізген. Ұлттық жаңғыру ауыр жүріп жатыр. Қазақ этнографиясын білетін ғалымдарды үкіметтің пайдалануы да кем болып тұр. Нағыз ғалымдар отыратын жерді «атаңнан мал қалмасын, тал қалсын» деп өтірік мақал ойлап тапқыш қулар билеп алған.

Қазақ бірінен бірі амандық сұрағанда «мал-жаның аман ба?» дейтін халық. Атадан қалған малдан «жоқ, маған тал керек» деп безген қазақтың баласын көргем жоқ. Осы уақ мысал өз тарихымызды, өз этнографиямызды білмейтінімізді көрсетеді. Сонда да Наурыздың енді ұмытылмайтынына сенемін. Наурыз түбінде Қазақстанның ең басты мейрамына айналатыны сөзсіз.

Егер қазақтың байырғы дәстүрлеріне келсек, Мәшһүр Жүсіп шежіресінде қызықты деректер бар екенін айтқан жөн. «Наурыздың келген сәтін жандыда балық біледі» дейді шежіреші: «Наурызнама той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы! »- деп.

Қазақтың «Наурыздың келгенін жандыда балық біледі, жансызда Самарқанның көк тасы біледі» деген сөзінің шешімі осы. «Самарқанның көк тасы» Мәуреннахр өлкесінде хан тағына иелік жасаймын деген патшаларды ақ кигізбен көтергеннен кейін, әдейілеп алып келіп отырғызатын қасиетті тас. Қазақтың хандарының ішінен бұл тасқа Тәуекел отырған. Наурыз туғанда хандар мен сұлтандар тұтқындарға кешірім жасайды, зынданда отырғандарды босатады, құлдар азаттық алады, сол себепті «Самарқанның көк тасы жібіді» делінеді.

Біз бүгінгі күні Наурыз мейрамының бұрыңғы салтын қайта жаңғырта алмай жүрміз ғой, кезінде Түркістандағы алтын тақта отырған қазақтың хандары қолданған -керсен толы суға балық жіберу, наурыз тұсында ұсақ қылмыс жасаған адамдарға кешірім жасау т.б. дәстүрлерді неге пайдаланбасқа?!

Түркістанда сарт ағайындар Наурыз тойында қернейлерін тартып, даңғыраларын ұрып қаланы азан-қазан қылады. Сарт қазақтың отырықшы қоңсысы, саудасын, өнеркәсібін жүргізетін субэтникалық топ. Сарттың ішінде көшке ере алмай отырықшы тұрмысқа көшкен қазақ көп, қазақтың ішінде саудамен келіп кейін қаласына қайта алмай қалған сарт көп. Ертеде Әзірет Сұлтан мешіті ішіндегі құжыраларды мекен қылған қаптаған дуаналар әлем-жәлем киініп, аса таяқтарын салдыратып тойдың қызығына олар да қосылады. Нағыз карнавал деуге келеді. Қызық думан кезінде жастар қазақтың мүшел деген он екі жылдық есебіне сәйкес кеб киіп шығады. «Кеб» қазіргі маска деп жүргеніміз, яғни бет-жүзін жасырып киіп алатын жасанды түр. Қозы Көрпештің Баян сұлу ауылына келгенде Тазшаның кебін киетінін есіңізге алыңыз. «Маска-шоудың» орнына бәріміз он екі мүшелдің бейнесінен костюм жасап, кеб киіп «Наурыз -шоу» неге өткізбеске?! Наурыз келгенде он екі жылға ие болған жануардың біреуі таққа мінеді, біреуі тақтан түседі, өзгелері де орнынан бір-бір саты жылжиды. Наурыз тойында шығырды алып келіп алаңның ортасына орнатып он екі жылға ие болған жануарлардың кеб-маскасын киген адамдардың бәрін сол шығырға отырғызады. Осының бәрі үлкен карнавалға айналады. Әрине, той мереке өзінен өзі басталып, әнші -күйшілер ортаға шығып жаз бен қыстың айтыстарын жасайды, бишілер тойды қыздырып жатады.

Наурызда арнайы наурызнама жасап құрбы-құрдас, бастас-сыйлас азаматтар бір-бірінің ауылына барады. Наурызнама жасап арнайы келген адамға деген құрмет шексіз болады. Дәулеті жеткендері «тоғыз» деп тоғыз мал байлайды, орта шаруалар ат мінгізіп, шапан кигізіп жатады. Әйтеуір наурызнама жасап келген адам құр қол қайтпау керек, тіпті бір көйлектік деп мата береді.

Қазақ қызықшыл халық. Наурыз мейрамы күндері қызды-қыздымен, жігіт-желеңнің ұйымдастыруымен қайын ағасы мен келіні, құдасы мен құдағиы, жеңгесі мен қайыны т.б. көрісіп жатады. Даланың бала сияқты аңғалақ халқы әр әдемі қимыл, әр маңызды сөзге бола той-мереке жасайды. Осыны бәрі елді көңілдендіріп, бәрі де мәз-мейрам, қыстың ызғары той мерекемен естен шығады, қыстың шығыны, қиындығы ұмытылады. Наурыз мейрамы да осы үшін керек.

Қазіргі күні Наурыз мейрамы заманға бейімделуі керек-ақ. Ол үшін ол жастарға ұнамды болуы керек, яғни жастар іліп алып кететіндей дүниелерді ұсынуымыз керек.