Кеште университет студенттері мен ұстаздары қарттарға арнайы әзірлеген музыкалық, аспаптық концерт бағдарламасын паш етті. Ұлы Отан соғысының ардагерлері және интернат тұрғындары болса, студенттерге қосылып, ән шырқады. Аталмыш шара наурыз мейрамына арналғандықтан, ұлттық аспаптар - домбыра мен қобызда қазақтың күйлері мен әндері орындалды. Ал университеттің «Аллегро» баяншылар мен аккордеоншылар ансамблі ұлттық музыка үлгілерін ғана емес, әлемдік классика музыкасын да орындап берді.
Астанадағы қарттар үйі 2007 жылы соғыс ардагерлері, мүгедектер мен қарттарға арналып салынған. Ол - 400 адамға лайықталған. Алайда қазіргі таңда мұнда 300-ге таман жан тұрады, соның ішінде бала кездерінен мүгедек адамдар да тіршілік кешуде. Мұнда 38 медициналық бөлме және 100-ге жуық медбике мен дәрігер жұмыс істейді. Сонымен қатар намаз оқитын мұсылмандар мен христиандарға арналған 2 бөлме бар.
12:51, 19 Наурыз 2012
Ұлыстың ұлы күні қарттар және мүгедектер үйінде тойланды - Астана
АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» ХДП-нің Астана қаласындағы филиалы және Қазақ ұлттық өнер университеті Астанадағы қарттар үйінде наурыз мейрамына арналған мерекелік кеш ұйымдастырды.