Ән салып, би билейді
Беларусь этномәдени бірлестігінің төрағасы Галина Августиновна Өскеменге 1960 жылы көшіп келген. Сол уақыттан бері оның басқа жерге кеткісі келмейді. Қонақжай қазақ халқының арасынан талай дос тапқан. Ұлттық тағамдарды тіл үйіретіндей етіп әзірлейтіні де бар.
- Ет асып, бауырсақ пісіргенді жақсы көремін. Қазақтың тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрлері, бала тәрбиелеу үлгісі керемет! Жастары үлкенді сыйлап, көмектесуге әркез дайын тұрады, - дейді ол.
Өскеменде тұратын белорустар Наурыз мейрамында ән салып, би билеп, қазақтың және өздерінің ұлттық тағамдарын дайындап мол дастарқан жаяды.
- Наурыз – көктем мерекесі. Бұл күндері қылышын сүйреген қыстың қаһары қайтып, күлімдеген көктемнің жылы лебі сезіледі. Дала құлпырып, жер көгереді. Барша жерлестерімді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! Әр жанұяға шаттық, береке-бірлік тілеймін, - деді Галина Августиновна.
Қонақжайлылық – қазақтың қанында бар қасиет
Украин мәдени орталығының мүшесі Ольга Тарасованың айтуынша, Наурыз – табиғаттың жаңаруын бейнелейтін мейрам.
- Күн мен түннің теңелуі тек қазақ халқының ғана емес, осы елде тұратын этностардың да ортақ мейрамы. Украиндар үшін оның мән-мағынасы ерекше. Бұл – бірліктің, достықтың символы іспеттес. Қазақтар бізді осы мерекеге байланысты салт-дәстүрлерімен таныстырды. Қонақжайлылық, басқа адамға қуаныш сыйлауға даяр тұру – қазақ халқының қанында бар қасиет. Достық үйінде барлық мерекелерді бірге тойлау дәстүрге айналған. Наурызды да осылай қарсы алып, жыл сайын ұмытылмас әсер алып келеміз. Бірақ қазіргі пандемия кезінде карантин шектеулерін қатаң сақтауымыз қажет. Әр отбасы өз шаңырағында отырып, туған-туыс, жора-жолдастарын телефон арқылы құттықтағаны абзал, - деді ол.
Ольга Тарасова өз сөзінде наурыз көженің дәмін қатты ұнататынын, өзі де 7 дәм қосып көже әзірлейтіндігін айтты.
Қазақша ән шырқайды
Валентина Третьякова – «Орыс әні» халықтық хорының мүшесі. Ұлыстың ұлы күніне орай өткізілетін концерттердің бірін қалдырмайды. Сахнаға шығып, ән айтып, өңір жұртшылығының құлақ құрышын қандырып жүр. Алайда карантин шектеуіне байланысты былтыр да, биыл да мерекелік шараларды өткізуге тыйым салынған.
- Қазақстан атты шаңырақтың астына жиылған барлық этностардың ортақ мейрамы да таяп қалды. Бұл күнді біз ерекше қадірлейміз. Өйткені қара жерге ақ көрпесін жайған қыстың ызғары кетіп, айнала гүлденіп, ағаштар бүр жарып, жаңа өмір басталғандай болады, - деді Валентина Третьякова.
Хор мүшесі қазақ халқының салт-дәстүрлеріне де қызығушылық танытатынын айтты. Оған әсіресе көкпар ойыны ұнайды екен. Ал ұлттық тағамдардан – бауырсақты жақсы көреді.
- Осы жерде туып-өскендіктен қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін құрметтейміз. Басқа жаққа қоныс аудару жайлы ой мүлде келген емес. Себебі осы қасиетті топыраққа шын бауыр бастық. Концерттерде қазақша әндерді де орындаймыз. Өкінішке қарай, қазірде төрткіл дүниеге тараған коронавирус инфекциясына байланысты адам көп шоғырланатын шараларды ұйымдастыруға болмайды. Жерлестеріме айтарым, бұл індетті жеңіп, келесі жылы әз Наурызды баяғыдай дүрілдетіп мерекелік көңіл-күймен қарсы алайық! - деді ол.