Ұлыстың ұлы күніндегі «Күміс сыңғыры»

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Наурыздың 22–сінде елордадағы Президенттік мәдениет орталығының көрме залында Қазақстан қолөнер шеберлерінің бұйымдарына арналған «Күміс сыңғыры» атты көрме салтанатты түрде ашылады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған шараның мақсаты қазақ халқының ұлттық зергерлік өнері мен қолөнерін елорда тұрғындары мен қонақтарына кеңінен таныстыру әрі халықымыздың мәдениеті мен өнерін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттау болып отыр. Ұйымдастырушылар сондай-ақ көрме аясында отандық қолөнер шеберлерінің туындылары арқылы қолданбалы-сәндік өнердің бүгінгі даму деңгейін көрсетіп, қоғамдық санадағы рухани-эстетикалық мәдениетті қалыптастыруды мақсат етеді. Көрмеге алыс және жақын шетелдерде ұлттық өнер туындыларын насихаттап жүрген Қазақстанның белгілі шеберлері қатысады деп жоспарлануда. Көрмені белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры, профессор Мырзатай Жолдасбеков ашады. Ұлыстың ұлы күні ұйымдастырылып отырған бұл шараға Қазақстандағы Америка, Бразилия, Ресей, Жапония, Корея, Украина, Беларус, Венгрия, Үндістан, Әзірбайжан, Армения, Қырғызстан елшіліктерінен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінен арнайы өкілдер, қоғам және мәдениет қайраткерлері, республикалық БАҚ өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтар шақырылып отыр. Көрме наурыздың 28-іне дейін жалғасады.