Ұлытау облысында акушерлер мен реаниматолог дәрігерлер тапшы

ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Жезқазған қаласында жаңартылған перзентхана іске қосылды. Перинаталды орталыққа күрделі жөндеу жүргізіп, заманауи жабдықтармен жабдықтау үшін 800 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа перинаталды орталықта жүкті әйелге жедел қызмет көрсету үшін қолайлы жағдай жасалған. Палаталар мобильді және ыңғайлы әмбебап кереуеттермен жабдықталған.

Сондай-ақ, орталықта жаңа технологиялар қолданылады. Мысалы, пациенттердің дабыл түймесі және босанған әйелдерге арналған SOS-білезіктер.

Жезқазғанда заманауи перзентхананың қажеттілігі соңғы бірнеше жылда өзекті мәселе болды. Мысты өңір ана мен бала өлімі бойынша көшбасшы саналады.

Бұған медициналық техниканың жетіспеушілігі, қолда бар жабдықтардың тозуы себеп болды. Ал ең бастысы – кадр тапшылығы. Соңғы мәселе әлі де өзекті.

Әсіресе акушер-гинеколог, неонатолог, реаниматолог және анастезиолог тапшы. Облыс билігі бұл мәселені шешіп жатырмыз деп сендірді.

«Маманды табу қиын. Қазақстанда қазір мамандар тапшы. Шын мәнісінде барлық өңірлердің арасында мамандар үшін бәсеке жүріп жатыр. Қай өңір қандай жағдай жасайды, соған байланысты. Біз әрине қолдан келгенше барлық жағдайды жасауға тырысамыз», - деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали.

Болашақ аналар мен сәбилердің денсаулығы мәселесін шешу үшін келесі жылы Жезқазғанда 140 орындық жаңа перинаталды орталықтың құрылысы басталады.

Әзірге бүкіл күш-жігер ескі перзентхананы жаңартуға жұмсалып жатыр.

Ең бастысы, қазір ананың немесе баланың денсаулығына қауіп төніп жатса, көп салалы аурухананың дәрігерлері мен құрылғылары тез арада көмекке келеді.

«Жүкті әйелдің проблемаларына үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Әйелдің жағдайы 5 минутта-ақ өзгеруі мүмкін. Мұндай сәттерде бізге шұғыл түрде хирургтар, неврологтар, окулистер қажет. Кейде олар апаттан кейін жеткізіледі. Мұндай жағдайларда әр минут пен секунд өте маңызды. Ауыр халдегі әйелдерге КТ қажет. Кейде мидың қан кетуіне күдік болса, МРТ қажет. Күрделі УДЗ аппараты керек. Содан кейін біз оларды екі аурухана арасында тасымалдауға мәжбүр болдық. Осының бәрін ескере отырып, перзентхананы ауыстыру және жабдықтау жөнінде шешім қабылдадық», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранова.

Перинаталды орталықты жөндеуге 800 млн теңге жұмсалды.

Жүкті және босанатын әйелдердің патологиясы, гинекология, шала туған балалардың патологиясы бөлімшелері және оларға күтім жасау бөлімшелері және күндізгі стационар бар.

Перзентхана 106 орынға есептелген.

Жаңартылған перзентхана жаңа туған нәрестелерге арналған заманауи техникамен де жабдықталған.

Атап айтқанда, шала туған балаларды күту бойынша инкубаторлар, бокстар және тыныс алу құрылғылары жеткілікті мөлшерде сатып алынды.

Перзентхананың ескі ғимаратына келетін болсақ, ол да балалардың игілігі үшін пайдаланылады.

Бірақ тек ересек балалардың пайдасына жаратылмақ. Енді онда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық орналасады.