Ұлытау облысында алтынды заңсыз өндірумен айналысқан топ оқиға орнында ұсталды

ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Ұлытау облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы операция нәтижесінде Жаңаарқа ауданында заңсыз алтын өндірумен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға орнынан 23 адам ұсталып, оның ішінде Жамбыл облысының 29 жастағы тұрғыны жерасты «кәсіпорнын» ұйымдастырушы екені белгілі болды.

Күдіктілер құрамында алтын бар кенді өндіріп, содан кейін оны ұсақтап, жуған. Полицейлер таразы, ұсатқыш станок, құрамында алтын бар 2 тоннадан астам кен, шамамен 70 грамм алтынды тәркіледі. Сондай-ақ, 7 арнайы техника – жүк көліктері, самосвалдар, экскаватор алынды. Сонымен қатар, жауынгерлік патрондармен ату үшін қайта жасалған тапанша тәркіленді.

ҚР ҚК-нің 295-1-бабы (Археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу), ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) және ҚР ҚК-нің 288-бабы (Салық салынатын кірісті азайту) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің деректері жария етуге жатпайды.