Ұлытау облысындағы медициналық кадр тапшылығын төмендету үшін жол картасы әзірленуде

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлытау облысындағы медициналық кадр тапшылығын төмендету үшін жол картасы әзірленуде. Бұл тралы Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау министрлігі 2023-2024 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру кезінде өңірде (Ұлытау облысы) сұранысқа ие кадрларды даярлауға 38 орын бөлді. Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық білім және ғылым ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған жас мамандарды, философия докторларын (PhD) дербес бөлу жөніндегі комиссияның 2023 жылғы 30 маусымдағы шешімімен өңірге клиникалық бейіндегі 3339 түлектің 26-сы бөлінді», - делінген Тамара Дүйсенованың Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында.

Оның дерегінше, медициналық кадрлардың тапшылығын төмендету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп ,жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру арқылы тиісті жол картасын әзірлеп жатыр.

«Жол картасына 2023-2025 жылдар бөлінісінде өңірге сұранысқа ие клиникалық бейіндегі мамандарды даярлау жөніндегі іс-шаралар енгізілетін болады. Қазіргі уақытта жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2023 жылы 16 маман даярлауға қаражат бөлінді», - деді министр.