Әр адам өзі бір жұмбақ екені әлімсақтан белгілі. Олай дейтініміз, әр адамның ойлау қабілеті, жақсы-жаманды тұщынуы, алға қойған мақсаты, дүниетанымы ешқашан бір-біріне ұқсап көрмеген, ұқсауы мүмкін де емес.
Өнерлі жан бойға біткен қабілетін шыңдап, өмір атты асау өзенде ағынға қарсы жүзіп, әрдайым ізденіс үстінде шынығады.
Ата-бабадан келген небір өнер тұқым қуалайтыны сөзсіз. Бүгінгі әңгіме арқауы болғалы отырған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ұлағатты ұстаз, тамаша әнші Жұмат Махамбетовтың да тегі осал болмапты.
Жұматтың атасы Махамбет ағаштан түйін түйген шебер, көрік ұстаған ұста, дәулескер күйші әрі сол өңірге танымал әнші болыпты.
Ұлытау өңірінде ұстаның көңі, ұстаның сайы, ұстаның сарайы деген ескі жұрт әлі де бар. Тіпті бабаның аруағына сыйынып, перзентке зар болған әйелдер ұстаның сарайына түнеп, сәбилі болғандары да бар. Кейін әкесі Әмзе де Махаңның ұсталығын қабылдап, Қызыләскер аулының көрігіне ие болыпты. Өмірден ерте өткен анасы Күләнда ажарлы жан болған деседі. Ал нағашы әжесі Ақжан тілінен де, қолынан да келетін өте беделді жан болыпты.
Махамбет атасының домбырашылығын Жұматтың ағасы Құттықадам қабылдаса, әншілігі Жұматқа бақ болып қонған екен.
Бүгінгі айтарымыз да өнер хақында болмақ. Олай болса Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жұмат Махамбетовты сөзге тарталық:
Алтын: Жұмат Әмзеұлы, өзіңіз консерваторияда оқып жүрген кезіңізден Қазақ радиосының музыка редакциясына орналасып, еңбекке ерте араласқан жандардың бірісіз. Сіз қай жерде ән салсаңыз да халық әнін көбірек орындауға тырысып жүрсіз. Өзіңіз асқақ әндердің еліненсіз.Әңгімені балалық шақтан бастасақ деймін:
Жұмат: Мен өзім бала кезімнен өте еліктегіш, сезімтал болып өстім. Ән мен жырға әуес Ұлытау өңірінде небір өнер иелері өмір сүрген. Мен өнерлі жандарға еліктеп, радиодан берілетін небір әншінің үніне қызығып, «осы кісілердей әнші болсам-ау» деп армандап өскен бала едім.
1965 жылы Жезқазғаннан Алматыға жетіп, алғаш Республикалық эстрада-цирк студиясына келіп түскенмін. Студия директоры, Қазақстанның халық әртісі ГүлжиҺан Ғалиева өзі қабылдады. Мен әншілер бөліміне түстім. Сонда Биғали Әбдірахманов, Рахым Тәжібаев, Рахман деген жігіттер болды, Күлшара Есетова, Гүлжан Талпақова бәріміз студияға бірге түстік. Келген жастар жоғары оқу орындарын да қарап жүреді ғой. Жігіттер «ой, Жұмат, консерваторияға қосымша қабылдап жатыр, барып көрсең қайтеді, сенің дауысың келеді» десті. Содан Қазақстанның халық әртісі Бекен Жылысбаевқа келдім. Ол кісі «кәне, бір ән айтып берші» деді. Мен «Шапибаяу» әнін айтып беріп едім, ол кісіге ұнап, мені консерваторияға қабылдады. Мен «ыңғайсыз болып тұр, мен студияға түсіп қойып едім» деп ем, «консерватория салиқалы классикалық жанрдағы оқу орны, осында оқығаның жөн» деді. Сөйтіп, Қазақстанның халық әртісі Мұрат Мұсабаевтың сыныбына келіп, ұстазымның алдынан дәріс алдым. Өте керемет әнші болатын, музыкант. Романстарды, халық әндерін өте шебер орындайтын әнші еді, марқұм...
Жалпы, әр әншінің өз тембрі, дауыс бояуы болады. Менің дауысымды басқа әншілердің дауысымен алмастырып алуға мүлде болмайды деп ойлаймын. Аллаға шүкір, мен осы уақытқа дейін сол дауысымда жоғалтқан жоқпын. Әлі де концерттерге қатысып, өзімнің қызмет еткен «Отырар сазы», Құрманғазы оркестрлерімен әлі күнге ән саламын.
Алтын: Сіздің радиоға келуіңізге кімдердің ықпалы болды? Осы ұжымда еңбек етіп жүргенде кімдерден үйрендіңіз?
Жұмат: Мен мектеп қабырғасында жүргенде Кәукен Кенжетаев, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебековтердің әнін тыңдап, сондай рахатқа бөленетінмін, ләззат алатынмын.
Оқуға түскен соң ауылдан көмек аз келеді, жұмыс іздеуге тура келді. Нағашы апам Қуаныш Бекжанова радиода үйлестіру бөлімінде еңбек ететін. Сол кісі көмектесіп, студент кезімнен еңбекке араласа бастадым. Жездем Құсман Игісін жақсы журналист. Көп жылдар Қазақ радио мен телеарнасын-да лауазымды орындарда қызмет етті. Қазір де баспасөз беттеріне жазып тұрады, жарық көрген жинақтары бар. Сол кісілердің ықпалымен осында келдім. Музыка редакциясының Бас редакторы Зәмзәм-Шәріп Тарғақов деген кісі болатын. Сол кезде Нұрғали Нүсіпжанов, Райхан Оразбақова, Раушан Айтжанова, Хабиба Мусина, Гүлжәмила Рамазанова апайлар, Қалқаман Жүнісбеков, Әшір хан Телғозиев, Гүлмазия Жанахметова сынды редакторлар жұмыс істеді. Кейін Мансұр Сағатов Бас редактор болды, Ол кезде Хабиба апай /Қапан Мусинның әйелі/ аға редактор болатын. «Жұматжан, сен жұмысқа кешігіп келетін болып жүрсің, неліктен?» деп сұрады, мен болсам «консерваторияда сабақ көп, сосын кешігіп келдім» деп кешірім сұрадым. Мен музыка редакциясындағы үлкендерден көп үйрендім.
Алтын: Оқуды еңбекпен жалғастырып, қиындығы мен қызығы мол студенттік кезде ата-анаға салмақ салмай амалдаған Жұмат үлкен ұстаздан дәріс алып, радиодағы алтын қордағы тамаша әндерді тыңдай отырып, ғибрат алады, әннің сырын ұғады. Сұхбатымызды жалғастырамыз:
Жұмат аға, өзіңіз осы жерде небір әндерді тыңдап, әннің сырын ұқтыңыз. Өзіңіз алтын қорға жазған әніңізді тұңғыш әуе толқынынан тыңдаған кездегі көңіл-күйіңіз қалай болды?
Жұмат: Радио әншілері Рашид Мұсабаев, Суат Әбусейітовтердің әнін тыңдай жүріп, «мен де ән жазып көрсем қайтеді» деген ой келді. Ең бірінші айтқаным - Әблахат Еспаевың «Сағыныш екен бала кез» әні болды. Алғашқы бағасын берген жездем Құсман Игісінов еді.
Алтын: Сіз бұл әннен кейін Теміржан Базарбаевтың «Ауылым», Нұрғиса Тілендиевтің «Сарыжайлауым», Мыңжасар Маңғытаевтың «Елім менің» әндері Қазақ радиосының эстрадалық оркестрінің сүйемелдеуімен орындадыңыз. Ән орындаудағы алған бағытыңыз лирикалық әндер десек артық айтпаған болар едік. Отансүйгіштік сезімде орындалар әндеріңіз бір төбе. Осы бағыттағы көптеген әндеріңіз алтын қорымызға жазылды.
Жұмат аға, «Маржан қыз» әнін сіздің алдыңызда да біраз әншілер орындаған. Бірақ сіздің орындауыңызда тіпті ерекше. Сіздің әншілік құжатыңыз десе де болғандай.
Жұмат: Қазақ халқы ананы, қыздарды аса қадірлеген ғой. Мен өз шеберлігіме жүрегімді қосып орындадым. Сол әнді қазір орындасам, тіпті басқаша орындар едім деп ойлаймын.
Алтын: Консерватория бітірген соң жас әншілер Абай атындағы опера және балет театрына барып, үлкен бейнелерді сомдауға атсалысып жатады. Сіздің эстрада, фольклор саласына біржолата бет бұруыңызға не себеп?
Жұмат: Кезінде «Фигароны» айтқан Мүсілім Магомаев та эстрадамен тамаша ән салатын. Одан ол еш ұтылған жоқ, менің де бағытым осылай болды.
Алтын: Әр әнші өз бағытын айқындап алғанда ғана нәтиже шығаратыны сөзсіз. Сіз ресей әншілерін үлгі тұтып, алдыңғы буын аға-апаларының салған ізімен қазақ эстрадасын қалап алдыңыз. Қай ұжымда көбірек еңбек еттіңіз?
Жұмат: 1972 жылы консерваторияны бітіргеннен кейін Орта Азия әскери округының ән-би ансамблі болды, сонда мен әнші болып, әскери борышымды өтедім. Қайтып келгеннен кейін Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясына әнші болып қызметке орналастым. Ол кезде филармонияның құрамында Құрманғазы оркестрі, капелла, симфониялық оркестрлер болатын. Бас дирижер Шамғон Қажығалиевтың шақыруымен мен Құрманғазы оркестріне солист болдым. Алдаберген Мырзабеков, Глеб Сафонцев деген дирижерлар болды. Үлкен домбырашымыз Рүстембек Омаров, Қаршыға Ахмедияров, Бақыт Қарабалина, Меруерт Қалембаева деген музыканттар болды. Жалпы сол кездегі өнер иелерімен сапарлас болдым, шетелде де өнер көрсеттік, ұзақ жыл осы ұжымда өнер сапарымды жалғастырдым.
Алтын: Сол жылдарды тоқырау жылдары дейміз, басқа дейміз. Ол кезде қазақ өнеріне қамқорлық жақсы болушы еді ғой. Өнер сапарларына барғанда жолдарыңыз төлеулі, мейманханаларыңыз дайын, тамағыңызға төлейді, киіміңіз, сахнаңыз дайын болатын. Қазіргі заманда өз күндерін өзі көріп жүрген әртістер көп. Соған қарап мен сізді бақытты әнші деп есептеймін. Сіз филармонияда қанша жыл еңбек еттіңіз?
Жұмат: Жиырма жылдай армансыз ән салдым, ел-жер көріп, өнерімді халқыма таныттым. Жалпы әнші болу оңай емес. Консерватория бітірген кезде үй болған жоқ, жалақы аз болды. Бір қуанарым, ол кезде халық бізді сағынып қарсы алатын. Концерттен кейін таң атқанша отырыс, сол елдің азаматтары бізді жақсылап күтіп, шығарып салатын.
Алтын: Ақ дастарханын жайып, қол қусырып қарсы алар қазақ халқының дархандығы басқа халықта кездеспейтіні хақ. Қонақ келсе қойын сойып, қолын қусырып қошеметтей күткен үй иелері таң атқанша әншілердің әнін тыңдап, өнер жайлы жаңалықтарын естіп, бір жасап қалатын. Жұмат сол бір сағынышты шақтарды әркез еске алады. Енді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жұмат Махамбетовтың ұстаздық еңбегі жайлы ойын білсек:
Жұмат: Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына шақырды. 1996 жылдан бастап мен «Жеке ән салу» кафедрасында ән өнері сабағынан дәріс беремін, профессормын. Республикалық Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде де сабақ беремін.
Алтын: Өзіңіздің тәрбиелеген шәкірттеріңіздің ішінен кімдерді ерекше атар едіңіз?
Ж ұ мат : Музыкалық драма, драма актерлеріне дауыс қоямын. Ішінде әншілігі басым да қыз-жігіттер бар. Әсет, Жұлдызбек деген жігіттер Ғабит Мүсірепов атындағы театрда істейді, Мұрат Қожа «Каспий» тобында өнер көрсетіп жүр.
Алтын: Ұстаз алдына келген шәкірттеріне әнді қалай айту, жоғары дыбыстарды алғандағы демді қалай алу керектігін, әнді түсініп айтуды егжей-тегжей үйретуден еш жалыққан емес.
Әнші Жұмат Махамбетов осы жасқа келгенше «мен осындай әнші едім, менің өнеріме көмек беріңдер» деп қол жайып көрмепті. Жалғыз-ақ өз еркімен демеуші болған бір әкімнің есімін ол кісі ерекше атайды.
Жұмат: Алпыс жасқа келгенімде Сәтпаев қаласының әкімі Қанат Сұлтанғазыұлы Балмағамбетов деген басшы концертіме өзінің көмекшісін жіберіп, «Сәтпаев қаласының құрметті азаматы» деген атақты берді. Алматыға келіп, жеңіл көлігін мінгізіп кетті.
Алтын: Әнші Жұмат Махамбетов бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тек қана эстрадаға жол ашылып, дәстүрлі ән-күй, классикалық шығармалардың кенжелеп қалғанына қатты қынжылады:
Жұмат: Әуені жұғыспайтын әндер көбейіп кетті. Бәрі демегенмен жас композиторлардың жап-жақсы әндері бар. Саны көп те, сапасы жоқ әншілер шамадан тыс көбейіп кетті. Халықтық ән-күйдің насихаты неге азайып кеткенін түсінбеймін. Классиканы насихаттау тым аз, жоқтың қасы.
Алтын: Қасиетті Ұлытау өңірінен түлеп ұшып, ән өнерін өмірінің мәніне деп ұққан, қырық жылға жуық өнер сахнасында сыршыл әндерімен, майдақоңыр үнімен көпшіліктің көңілінен шыққан тамаша әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ұлағатты ұстаз Жұмат Махамбетов Қазақ радиосының алтын қорына жүз елуден астам өз орындауындағы әндерді жазып қалдырды. Келер ұрпаққа рухани азық боларлықтай сазды да назды әндер әншінің орындауында «Қазақстан» телеарнасы мен Қазақ радиосынан жиі насихатталып келді. Әлі де шырқала бермек.
Тумысынан адалдық пен қарапайымдылық, кішіпейілділік пен ізеттілікті ту етіп ұстаған үлкен адамгершілік иесі, шебер орындаушы, ұлағатты ұстаз Жұмат Махамбетов алған бағытын дұрыс таңдап, өнер биігіне біртіндеп шыққан абзал азаматтардың бірі. Өнердің өз өкілі дегіміз келеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі Алтын Иманбаева