Ол жайлы продюсер Қыдырәлі Болманов кеше Алматыда БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған «Ұлытау» тобының концертінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл сапарды 6 айға жоспарлағанбыз. Алайда бізге үш айға ғана виза берді. Бұл жолы біз негізгі жұмыстарымызды Германияда өткіземіз. Алдымен шілденің 17-сі күні серіктес «I Music» компаниясы «Ұлытау» альбомының тұсаукесерін өткізеді. Сондай-ақ осы елдегі әлемнің ең үздік музыкалық топтарының 3 күндік фестиваліне қатысамыз. Одан кейін Румыниядағы фестивальде өнер көрсетіп, Франция, Испания сияқты елдерде концерттер қоямыз», - дейді «Ұлытау» жобасының авторы және продюсері Қыдырәлі Болманов. Оның айтуынша, бұл өнер сапарының барлық шығынын топ өз қалтасынан төлемек. Үкімет тарапынан да, демеушілер тарапынан да ешқандай қолдау таба алмаса да олар бұл шараны Қазақстанның Германиядағы жылы аясында жүзеге асырып отыр.
«Қазақстан тарихында алғаш рет әлемнің ең үздік 100 музыкалық альбомының қатарына енген «Ұлытау» тобының орындауындағы шығармаларды қазіргі Вашингтондағы орталық арна, Канаданың үлкен корпорациясы және Түркия арналары өз тұтынушыларына ұсынуда. Сондай-ақ оны Ресейдің 1-ші арнасы да сұрап алды, енді Германия арналарына да тарайды», - дейді ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі, әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов.